Қайып хан қашанғы дағдысына басып, ұйқысынан кеш оянды. Үстiндегi түйе жүнi салынған жiбек көрпенi ысырып
тастап, қолын көтерiп керiлдi. Сосын аузын ашып, тәттi есiнедi. Қожасының қас-қабағын бағып үйренген малай лып
етiп, мұның киiм-кешегiн әкелдi. Қайыпты киiндiрдi. Жүгiрiп барып, етiгiн әкелдi. Жүгiрiп барып, құман алып, хан
қолына су құя бастады.
Хан бетi-қолын жуып жатып, мына малайының өмiр бойы бiр шаруадан жалықпайтынына таңғалды. Iзiнше: “Басқа
не iстейдi? Ел басқару қолынан келмейдi. Сосын күштiлердiң қолына су құймай нағылады?” — дедi. Бетiн түктi
сүлгiмен сүртiп жатып, маймалаңдай жосып бара жатқан малайына көз қиығын тастады. Оның ұры тазыша жылмиған
түрiне қарады. Бұл сорлы да өзiнше менi алдайын деп барады-ау! Хан жымиды. Иә, күнде көрiп жүрмiз, осы адамдар
арасы не еткен алдау, арбауға толы десеңшi?! Бiр тиын үшiн өлiмiн салып, уысына iлiгетiн кiшкене пайда шетiн көрсе
болды, олар ар-ұятты ұмытып кетедi, көздерi қызарып, өңешi сорайып, өңмеңдеп бағады, өсек, өтiрiктi жүнше сабап,
неше алуан құбылады. Сүйтiп, ол өзгелердi алдап, ақмақ қылдым деп ойлайды. Жалпы өмiрдiң бiр құпиясы осы. Егер,
дедi Қайып iшiнен, алдау-арбау болмаса, мына адамзат баласы баяғыда-ақ қойша бытырап кетер едi. Олардың басын
бiрiктiрiп, уысында ұстап тұру үшiн мына дүниенiң дүмдi қулары, хандары, батырлары, дiлуарлары неше түрлi өтiрiк
ойлап табады. Қараңғы халық соған құдайдай сенедi. Дүниеде әлiптi таяқ деп бiлмейтiн кiсiнiң соқыр сенiмiнен жақсы
нәрсе жоқ. Оны азбен алдап қойып, қалаған жағыңа жұмсай бер. Жұмырына түскенге мәз надан да бiр — айдалада
жайылып жүрген қой да бiр. Ақылды қойшы отарын калай қарай айдарын бiледi. Өз ықтиярына көнбей, бұра тартып,
қияс шыққандардың кәлләсiн қағып ала қояды! Ең жақсысы, әлгi қойлардың мақаулығы. Надан мал мына дүниеде не
болып, не қойып жатқанын, кiмдердiң тақ таласы кезiнде оң жамбасқа түскенiн, қай елдiң қай басқыншының табан
астында езiлiп жүргенiн түсінбейдi. Оларға жалмап жұтар жем тауып берсең, — жарайды. Мұның әкесi, оның арғы ата-
бабалары сүйттi. Қаһарлы Шыңғыс ханнан тараған төре әулетi пәленбай ғасыр бойы алты алашты ашса — алақанында,
жұмса — жұдырығында ұстап келдi. Олар өздерiнiң осал жерiн қара халыққа бiлдiрмеу үшiн неше түрлi айла-шарғы
қолданды. Ел көзiн қорқытайын деп өзге жұртты шапты. Қылмыстыны дарға асты. Қызыл тiлiн безеген би мен
шешендердiң өңешiн бiтеп, өзiн мақтатып, сайратып қойды. Пайдакүнем, емiнсек жырауларды жалдап, өз атақ-дәрпiн
жайдырып, өтiрiгi, шыны аралас, неше түрлi жыр-дастандар шығартып, халық арасына жайдырып жiбердi. Бұ да —
алдау.
Соған алданған ел бұл десе, аузын ашып, көзiн жұмады. Алтын тақтан зәре-құты қалмай қорқады. Ал, шынына
келгенде, осы тақта тұрған не қасиет бар? Ау‚ ол деген қолдан қиюластырып жасай салынған тақтай емес пе? Соған
қарамастан, оның құдiретi сұмдық. Кiм-кiм де тақымының астына тақ тисе, әруақ қонып айбарланып сала бередi. Сәурiк
айғырша кiсiнеп, бетiне қарсы келгеннiң бәрiн қырып бiтедi. Кеше өзi де сүйттi. Осы таққа мiну үшiн аталас төрелермен
қаншама айқасты? Ақыры бәрiн жеңiп, бүкiл Орта жүздi уысында ұстаймын дегенде, мұның сорына қарай, орыс орам
ала бастады. Қайып арғы-бергi уақиғаларды ойластыра отырып, ақ патшаның бүкiл қазақ даласы қармағына түскенше
алдап-арбайтынын, өзi секiлдi бас көтерер азаматтарын айла-шарғымен өз жағына тартатынын сездi. Кейiн әмiрi
жүргесiн, ақ патшаға билiкке таласар хан, сұлтандардың керегi шамалы. Мисыз қойға милы бас бiтiру қашан да кәуiптi.
Ондайда қойшы әлгi қойлардың кәлләсiн қағып ап, етiн мүжiп, сүйегiн итке тастайды. Қайып хан, өз ойынша, оған
көнбек емес. Сол себептi ол, мiне, неше жылдың жүзi болды, Ұлытау өңiрiнде бiр тыныштық тапқан жоқ. Ақмола
бекiнiсiн талай рет шапты. Орыстардың сауда жасап жүрген керуендерiн талап, қолға түскендерiн құл етiп, Хиуа
базарына апарып сатты. Айтқанына көнбеген Орта жүз руларын қан-жоса қылды. Бiрақ бұл бiр нәрсеге қайран. Қаншама
қатыгез боп, ел көзiн қорқытам деген сайын, халық қақпанның қатты басылған серiппесiнше ширыға түседi. Бұл
қандыауызды бекем ұстап, тиегiн салып коям деп әуреленедi. Iшiнен тиек сәл босаса, серiппенiң жазылып, қос
қандыауыздың бiреудiң аяғына сарт ете түсерiн бiледi. Бұл сонау Әбiлқайыр, Әбiлмәмбет, Барақ, Абылай, Уәли
замандарында үш ұйықтасаң түсiңе кiрмейтiн жәйт. Әлде дүние асты-үстiне шыққалы тұр ма? Қайып күрсiндi. Өзiнiң
Арқада тиыштық таппай, Сырға құлаған жайын ойлады. Iшкi есебi бойынша, әлi ақ патша шеңгелiнен қалыс жатқан Сыр
елi ғазауатқа қосылып қалмақ. Хиуа ханы Мұхәммәд-Инақ да сүйдейдi. Бұл соңғы кездерi басқа iстер шарасы қалмай,
Хиуамен ауыз жаласа бастаған. Бұхара мен Қоқанның хан-әмiрлерiне де елшi жiберген. Бәтуалы әңгiме бола қоймаса да,
әзiрге олардың сөз iләмдары жаман емес. Биыл Сырға ауғандағы негiзгi мақсатының өзi — Хиуа ханымен жақындаса
беру болды. Кiм бiлiптi, ертең басына күн туса, солай қарай түрiле көшер. Бiрақ Хиуа ханы тағыма сұғын қадар деп,
бұған құшағын аша қояр деймiсiң? Ортақ өгiзден оңаша бұзау жақсы емес пе? Елдi алдап-арбап, жеке сұрап қалған хан
ортақтасуға көне ме? Әлде жеке кiсiден құдiрет қашқанда, жалпак жұртты өзара ыңғайласып, ауыз жаласқан топ кiсi
билей ме? Мүмкiн, ондай да шығар. Тек одан не өзгередi? Билiк ауысқан шақта қалың бұқара, көп болса, бiр дүрлiгер.
Сосын у-шу басылғасын, жүзiктiң көзiнен өткен қу кiсiлер қайтадан тiзгiндi қолына алмай ма? Тағы да, әрине, жаңа
ыңғайда, ел-жұртты тәттi тiлiн сорғызып алдамай ма? Оған аңқау ел бөркiн аспанға атып, мәз болмай ма? Бұл қулық қай
заманда құрыған? Тек қана оның түрi ғана өзгерген. Соны мына жұрт түсiнем дегенше қайда? Қайып мырс еттi.
Жалпақ жылтыр бетiне ызалы мысқыл шапты, көзiн сығырайта есiк жаққа қарады. Кенет ақ патша жағына шығып
кеткен Қаратай, Тортай төрелер жайында ойлады. Ата-бабаларына өмiрi билiк тимеген олар бiреудiң қолымен от көсеп,
таққа мiнсем дейдi. Жақында Тортайдың осы жаққа ат iзiн салған жайын естiген. Сол жайында Елмырзадан қиялап
отырып сұраған. Iштеп кеткен неме емес пе, қара бұжыр бетi жылмиып, ол жаққа қадам баспай қойды. Содан кiп алған
бұл iштен тынды. Ертесiне Хиуаға елшi жiбердi. Ол бүгiн-ертең келiп қалмақ.
Қайып Сырға мыңға жуық төлеңгiтiмен ауған едi. Солардан жасауыл құрап, осы елдiң басты-басты ақсақал, би,
батыр, байларына сәлем жолдаған. Хан ордасына билердi мәжiлiске шақырған. Қазақтар мыңға жуық қол құрап бере
алса, Уәйiс-Ниязбен тiзе қоса, отырып, Перонскийдiң Райымға салған бекiнiсiн тас-талқан қылмақшы. Бiрақ биыл
қыстың қаттылығын, жолдың ауырлығын сылтауратып, ел басы жиылмай жатыр. Соған қарамастан, ол кеше
жасауылдарын ауыл-ауылға қайта шаптырған. Iшке iнiсi Нақып кiрдi. Қара сұр, шымыр жiгiт ерке өсiп, жастайынан-ақ
батыр, тентек аты шыққан. Өзi өжет. Мұның үстiне еркiн кiретiн сол ғана. Ол ақ отаудың ортасында маздап жатқан
сексеуiл шоғына шырт түкiрiп, бұған тура қарады:
— Аға, кiсiлердiң алды келе бастады.
Қайып оған аңтарыла қарады:
— Не, не?
— Шақырған кiсiлерiң келiп жатыр деймiн.
— Ә! Оларды қайда түсiрдiңдер?