Стр. 64 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Қонақ үйге.
— Дұрыс. Жақсылап сыйлаңдар.
— Олар мәжiлiс қашан болады деп жанды алып барады.
— Асықпасын де.
Қайып iшiнен шүкiршiлiк қып, орнынан түрегелдi. Нақыпқа жақын кеп, арқасынан қақты:
— Жарайсың! Кiсi алдарың бар. Ендi ел көзiне түсетiн кезiң. Барып, жиылғандары ырза ғып жайла.Сосын бар ғой...
— Ол ойланып, аз тұрды да, қолын немқұрайлы сiлтей салды. — Бара бер. Бiр қазақты алдайтын қулығың бар шығар.
Бiрақ байқа! — Қайып хан күлiп, жұдырығын түйiп көрсеттi.
3
Хан ордасына жиылған жұрт гу-гу. Сәлем берейiк, тақсырың жүзiн көрейiк деп алыстан ат арытып келiп жатқандар
да жетерлiк. Әйбек, Үмбет билер, Малдыбай, Сағынай, Мамырай, Дүзбай, Тайпан, Ережеп, Елмырза, Әбдiраман тәрiздi
осы өңiрдiң шөп басына шығар ығай мен сығайлары тегiс жиылған. Арнайы шақырғасын, Қарақұмның бiр ойында
қыстап жатқан Тоғанақ батыр да келiптi. Көптен берi жүз көрiспеген ел жақсылары себеппен бас қосысып, аман-саулық
сұрасып, шұрқырасып жатыр.
Әуелгi күнi Қайып хан келген кiсiлермен сәлемдесiп шығып, қонақасы бердi. Он шақты қысыр бие сойылған. Саба-
саба шұбат әкелiндi. Табақ-табақ еттi жеп ап, бойлары ауырлаған қонақтар маужырап, бейжай. Оларды Қайып хан
сыйларын сыйласа да, өзi бұлармен араласа да қойған жоқ. Отауына кiрiп, бөлектенiп алды. Бұлар бабын тауып,
жайғастырып жүрген Нақып қана. Ол төлеңгiттердi қасы мен қабағымен ымдап жұмсап, аяқтарын жерге тигiзбедi.
Келген кiсiлер ет жеп, шәй iшiп болғасын, Нақып саба-саба шұбат алдырды. Ырсылдай тойған қонақтар қолдарын
тостағандарға ерiне созып, дәмi ашқылтым, исi танау қыдықтайтын шұбаттан бiр-бiр ұрттап, керi қайтарды. Сосын
кiсiлер жататын ыңғай бiлдiргесiн, Нақып оларға тез төсек салдырды. Елмырза бөлек үйге кеттi.
Ел кiсiлерi оңаша қалғасын, шешiнiп жатып, бiрлерiн түртiстi:
— Құда, бұл өзi қалай болды? — дедi Малдыбай Сағынайды бүйiрiнен түртiп.
Сағынай ақырын күлдi:
— Сыйлауы қатты.
— Мен де неге деп отырым.
— Көп сыйдың соңы ауыр болушы едi.
— Айтпа! Тегiн келiп жатқан малды сыйламай, әкесiне ас бере ме? — Малдыбай кiдiрдi.— Сонда... мұнысы бе?
— Әй, қайдам.
Сағынай Әбдiраман құдасы анада арнайы кiсi жiберiп‚ балаңа тыйым сал дегеннен кейiн, Ниязды дұрыстап
қамшының астына алған едi. Ашу үстiнде Алуашты да сабап тастаған. Ынжық Әбдуәлидiң өзiне батып, ештеме де дей
алмасын бiлген. Содан берi өзi қатты ойланған. “Шынында да, ертең мына малға кiм еге болады? Нияздың селкiлден
басқа ермегi жоқ”, — деген. Сол үстiне хан шақырды. Ендi мына енапат сыйдың артында жатқан салмақты сезiп, iштен
тынып жатыр.
Малдыбай да әбiгер үстiнде. Қызылға айдатқан жылқысының төрт-бес үйiрi кешегi ақбасқында ығып кеттi. Жау
алғаны, ұры алғаны белгiсiз. Iзi-тозы жоқ. Оның бәйбiшесi соңғы кезде құлағына маза берудi қойды. “Балаңды оң жақта
отыртып кәртейтесiң бе? Алмағайып заман. Өз әбiрейi өзiнде тұрғанда, әйле-пәйлеге қаратпай‚ тездетiп құтты жерiне
қондыр”, — деп, қақсайды да отырады. Малдыбай оған еш қарсы емес. Тек жетiм қыздың тойындай қылмай, сән-
салтанатын асырып, ажармен, атақ шығарып ұзатсам дейдi. Сол оймен ұстаны шақырып, алқа, жүзiк жасатып жатыр.
Ендi мазасызданып жатқаны — қашаннан ел мойнына түсер салмағы ауыр мына ханның шақыртқан жайы. Ол iшiнен:
“Неге?” — деп, әрлi-берлi аударыла бердi.
Әбдiраман тым-тырыс. Тышқан аңдыған мысықтай ыңылдап, жәй жатыр. Бағана жөнiн сұраған кiсiлерге қыстауым
деп басқа жердi сiлтеген. Өзi осылай қарай жүрерiнде сақтық ойлап, Жоламанға жүктердi буып-түйіп дайын отыр деп
тапсырған. Ендi iшiнен сылқ-сылқ күлiп, құдасына қарап:
— Тақсыр... жәй, былай... ел жақсыларымен танысайын деп шақырған болар, — дедi,
Аңқаулау Малдыбай Әбдiраманға бұрылды:
— Солай ма?
— Ендi қалай дейсiң? Соғымға алар малын алды. Менiңше, бұ жолғысы — басқаша болуға тиiс.
— Мына сөзiңнiң жаны бар, — дедi бағанадан берi үнсiз жатқан Мамырай.
— Әй, тегiн емес-ау, — деп, мына жақтан Дүзбай күңк ете түстi.
— Ендi... неде болса, тәуекел, көрермiз.
Ертеңiне Қайып хан кәдiрлi қонақтарына тағы да кәделеп мал сойдырып, табақ-табақ ет тарттырды. Күн түске
тармаса, көп халық хан ордасына жиналды. Қайып хан төрге қойылған тақта отыр. Одан төмен қарай ығай мен сығайлар
қатарласа малдас құрған. Үлкен жиынға бүгiн таңертең ғана жеткен Елдес пен Жәнiбекке орын төменгi жақтан тиiптi.
Қайып хан сөздi әрiден бастады. Сонау Шыңғыс хан тұсынан бермен қарай ұлан-байтақ даланы емiн-еркiн жайлаған
қазақ рулары арасында татулық, ағайыншылық болғанын, үш арыстың баласының құба қалмаққа да дес бермегенiн жыр
ғып өттi. Сосын бiрте-бiрте кәзiргi жағдайға ауысты. Оның айтуьшша, кәзiр қазақтардың жағдайы мәз емес. Қарнының
тойғанына мәз көп тобыр iргесiндi не болып, не қойып жатқанын бiлмейдi. Жаудың тәттi тiлiне ередi. Қайып хан сөз
арасында ақ патшаның қазақ даласын пұшпақтап кесiп ап, бекiнiс сап, iрге теуiп, iшкi жаққа дендей енiп келе жатқанын
айтты. Мына төменгi Атырау, Нарынқұм жақ, терiскейдегi Торғай, Қостанай, Көкшетау бойы, шығыс жақтағы Жетiсу
өлкесi кәзiр ақ патшаның уысында тұр. Түсiнген кiсiге ақ патша қазақ даласын осылайша орап алмақ. Ендi сол қулықты
түсiнетiн кез жеттi. Қайып хан жұрттың әруағын қоздырайын деп, даусын қаттырақ шығарып сөйледi. Бiз бұған неге
көнуге тиiспiз? Бiз де iргелi ел емеспiз бе? Кәзiр үш арыс бiрiгiп, ауыл арасының ашу-араздығын тастап, ұлыс болар
шақ. Оян, қазақ, оян! Жан-жағыңа көзiңдi ашып қара! Көсемнiң маңына топтасып, бес қаруыңды сайла! Қайып хан
желпiнiп барып тоқтады.
Кейбiр ұр да жық, әпербақан кiсiлер хан сөзiне тебiренiп кетiп, көздерiне жас алысты:
— О, әруағыңнан айналайын Абылай хан! Сенен қалған жүрәт екенi көрiнiп-ақ тұр!