Стр. 65 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Хан тақсырдың сөзiнде iж қалет жоқ!
— Пайғамбарымыздың жасыл туын көтерiп, өзiң бастап шық! Кәпiрлердi қырамыз! — деп, кейбiр алаңғасарлары
орындарынан атып-атып түрегелiп, лепiрiп барады.
Жоғары жақта отырған Әйбек би жұртқа қарап, қолын көтердi:
— Уа, жамағат тиыштал! Мұндай iске айқай — шорқақ, ақыл — зерек. Өздерiң жаңа есiттiңдер, жағдайымыз
әлгiндей екен. Сонда не iстеймiз?
Ел тым-тырыс. Сiлтiдей тына қалған жұрттың үнсiз алған тынысы ауырлай түскендей.
Қайып хан тағы сөйледi:
— Менiң де айтпағым осы. Өздерiң бiлесiңдер, ақ патша мына iргеңдегi Райымға кеп табан тiреп отыр. Оған қолы
жеткен кiсiнiң ертең жағаңа жармаспасына көзiң жете ме? Менiңше, iстi осыдан бастау керек.
Жұрт самсоз. Бағанадан берi шуылдасқан жұртқа жақтырмай қарап отырған Тоғанақ батыр сол арада:
— Сонда сiз бiзге ақ патшамен соғыс дейсiз бе? — дедi.
— Иә. Мына Райым бекiнiсiн талқандау керек.
— Оған... шамамыз жете ме?
— Үш арыс бiрiксе, жеткенде қандай? Менiң айтпағым да осы. Тездетiп қол құрап, Райымды шапқан жөн.
Дүзбай қақырынып, қозғалақтап қойды.
— Жарайды, тақсыр‚ көнелiк. Бiрақ қыстың көзi қырауда қалай жиыламыз? Бұрғаған боранда жауға тиiсе қою оңай
ма? Былай жер аяғы кеңiгесiн болмаса...
— Жоқ, қайта осындай қысылшаңда тиiскен дұрыс, — дедi Қайып хан даусын нықтай сөйлеп. — Олай дейтiн
себебiм, кәзiр Райымдағы орыс әскерiнiң саны аз. Олардың артынан әскер мына боранда көмекке келе алмайды. Кейiн
қашса, баяғы Пераускидiң кебiн құшады.
— Бұ да дұрыс сияқты.
— Әй, қайдам?
— Жарайды, дұрыс делiк, — дедi Мамырай жұртқа жағалай қарап. — Бiрақ бiздiң мылтығымыз жоқ қой. Жасанған
зеңбiрiктi әскерге қалай қарсы шабамыз? Осы соны ойладыңдар ма?
Жұрт қайтадан үнсiз қалды. Қайып хан лаулап жана бастаған кiсiлердiң салқын тарта түскенiн аңдап, даусын көтере
сөйлеп:
— Бiз о жағын да ойластырдық, — дедi. — Осы күресте қазақ жалғыз болмайды. Оны Хиуа, Қоқан хандары, Бұхара
әмiрi қолдайды. Мен Хиуаға кiсi жiберiп, ағылшын мылтығын сатып алуды алдын ала ойластырдым.
— Ау, оны қалай атамыз? — деген бiрнеше дауыс қатар шықты.
— Қалай атуды үйрететiн кiсi Хиуадан келедi.
— Е, онда жөн. Болмаса ананы атам деп, өзiмдi қызылдап алсам, шаруам бiтпей ме?
Төртқара Үмбет би қасын ауыр қозғап:
— Хан ием, ойыңызды түсiндiк. Сонда әлгi мылтықтарды Хиуа бiзге су тегiн бере ме? Жоқ, әлде оның өтеуi бар ма?
— дедi.
— Әрине, далада тегiн жатқан дәнеме жоқ. Қаруды сатып аламыз.
— Сонда... елден мал жинаймыз ғой?
— Иә.
Үмбет би үнсiз қалды. Әйбек би де қабағы салбырап, бижай отыр. Өз халқымен бiрге жасасып келе жатқан олар
осындай қызу, делебе қозған шақта ел малының талай алаяқтың жетегiнде кететiнiн жақсы бiлетiн. Кәзiр де олар,
аңқаулығының салдарынан байғұс қазақ әлi талайға жем боларсың, деп, қалғып-мүлгiп отыр.
Тоғанақ батыр да үнсiз. Бар ойы — үйiнде қалған, айы-күнi жетiп, жетiсiп отырған әйелiнiң үстiнде. Оған қоса
жақында батыр ауылына Қаратай сұлтан келiп кеткен-дi. Ол мысықтабандап отырып, бұған бар жайды түсiндiрген.
Батырды Перонскийдiң өзi бiлетiнiн айтқан. Қаратай Перонскийдiң өзi берiп жiбердi, деп, Захваткин екеуi Орынбор
базарынан сатып алған iшiктi арқасына жапқанда, мұның мәртебесi өсiп қалғандай болған. Сол жолы Қаратай сұлтан ақ
патшаға қарсы еш әрекет жасамаймын деген мұның уәдесiн алып та кеткен едi. Сөзге сенер аңғал кiсi сол себептi
былқылдап отыр.
Мал жайын естiгенде байлардың қабақтары түсiп кеттi. Қайып хан аңғырт сөйлегенiн сонда барып бiлдi. Сонда да
бел бергiсi келмей:
— Мұндай үлкен iс үшiн мал мен жан садаға емес пе? Fазауат жолында шәһид болғандар тура бейiшке барады.
Оның азын-аулақ шығынынан қорқатын не бар? — деп, бетi дуылдап, күреңiтiп барып тоқтады. — Кәне, ауыз
бiршiлiкке бата қыламыз ба?
Ел самсоз. Бәрiнiң бастары төмен қарай салбырап кеткен. Сол арада Тиышбек орнынан атып түрегелiп:
— Уа, халайық! Уа, жұртым! Хан ием айтқанда, қалай дәтiң шыдап отсың? Бәтуаға келейiк! Кәне, илләһи әумин, —
деп, сексеуiлдiң бұтағынша тырбиған қолын жоғары көтердi.
Сасып қалған ел не дерiн бiлмей, бiр-бiрiне қарасып ап, ақырындап бiртiндеп қолдарын жая бастады. Жасы үлкен
Әйбек би дұға оқып боп, ауыз бiршiлiкке тiреп тiлек етiп, бетiн сипады. Қалған ел де беттерiн сипасты.
— Ендi бiзге қолбасы керек, — дедi Қайып хан. — Менiңше, оған Тоғанақ батырдан лайық кiм бар?
— Өте дұрыс.
— Лайқат.
— Болсын.
Тоғанақ батыр ел қанша жалынса да, ырзашылығын бермей қойды:
— Мен кәртейдiм. Жасым ұлғайғайған кезде кiлең қыршын жастың обалына қалғаным жараспас. Басқа менен гөрi
жастау, қолайлы бiреудi табыңдар.
Ел әрi кеңесiп, берi кеңесiп Жәнiбекке тоқталды. Елдес, Қалдыбай, Қожақ, Қасқырбайларды жүзбасы етiп белгiледi.
Жiгiттер ақпанның ортасына таман Қазалы төңiрегiне жиналсын деп бiр тоқтамға келiстi.
Сол күнi желпiнген жұрт сайын даланың әр жақтағы сай-шұқырын бетке алып, шашылған тарыша бытырай тарап
бара жатты.