Стр. 66 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

4
Тиышбек хан ауылынан ұзап шыға бере, астындағы жаман атының тiзгiнiн тартып, қылтанағы жоқ иегiн қолымен
уыстап, тоқтай қалды да: “Қайда барсам екен?” — деп ойлады. Ол жақын маңдағы бай ауылдарды бiр-бiрлеп есiне ап,
iштей мырза, жомарттығын сынап шықты. Ешқайсысынан мына апшыны қуырып тұрған қыста ашық қабақ көрсетер
райы жоқ. Өз үйiне қайтуға құлықсыз. Ол биыл қыстауына көшуге белi мықты көлiк таба алмай, Сыр жағында күл
шыққан кiсiше жалғыз өзi сопиып қалған-ды. Сосын әйелiнiң ақылын тыңдады. “Қолдағы жандыққа қамысының өзi әрi
азық, әрi ықпана. Осы бiзге Тұрғали ауылынан қолайлысы жоқ”, — деп, құлағының құрт етiн жей бергесiн, нар тәуекел
деп, көшiп алған. Алғашқы қарқынмен қызу қимылдап, қырып жiберетiндей боп жертөле қазды. Белуарға жете бере қара
етi жыртылып, қолын көтеруге шамасы жетпей, жаман жаппасына сүйретiлiп шаққа жеттi. Осының бәрiне кiнәлi деп,
әйелiн түтіп жей жаздады. Ертеңiне Әбдіржан молдаға барып, iшiрткi алып iшейiн деп, атына қонды. Тиышбек сол
кеткеннен мол кеттi. Қуаң бойында жағалай отырған бай ауылдардың бiрiне қонып, бiрiне түстене жүрiп, қарашаның
қалай туғанын да аңдамай қалды. “Әй, битбалақ жаман қатын не оңдырды дейсiң? Аузын маған ашып, қарап отырған
шығар. Осы жаман қатын-ақ алтын басымды қор қылды-ау!” — деп ойлап, ауылына келсе, — Ақрәш жертөленiң төбесiн
жауып, iшiне кiрiп алыпты. Тиышбек жып-жылы үйдi көрiп, қуанып кеттi. Қара шәйдi борша-боршасы шыға терлей iшiп
отырып:
— Апырмай, қатын, нағыз рәһат мұнда екен ғой, — деп қойды. — Мына борсығы түспегiр қыстан неге қоңды
шығады десем, iнi жылы болғасын екен-ау! Ендi бiз де iн қазуды үйрендiк. Ақбасқын соқса да, бiр талымыз қисаймайды.
Дәңкәсәлау Ақрәш ыржиып күлдi:
— Осыдан қисайып көрсiн! Түбiмен қопарып, жұлып алайын. Ал ана... iн дегендi күнде-күнде қазып атқан жоқсың
ба?
Тиышбек шарт етiп ашуланды:
— Өй, көргенсiз! Бала отыр, шаға отыр демейсiң. Аузыңа келгенiн аталай бересiң! Осы саған баланның көзiнше
боғауыз айтпа деп қашанғы қақсаймын? Өй, мәгәс!
Содан ашуланған Тиышбек көршi Тұрғалидың үйiне кетiп қалды. Сол үйде жүгерi көжеге тойып, Тұрғалиды
жетiстiре мақтап, сыртқа шыға бергенiнде, Ерғали килiге кеттi. Тиышбек осы қызылкөзден қорқатын. Ол барда есе
сөйлемей, үндемеуге дәтi шыдамай, қыпылықтап бiтетiн. Ерғали шапыраш көзi бақшия қадалып:
— Әй, сыбағаңнан қалып қойдың ғой, — дедi.
— О қандай сыбаға? — деп, Тиышбек жылыстап өтiп кетпек боп едi, Ерғали алдын бөгедi.
— Қандай сыбаға болушы едi? Сен сияқты ат үстiнде жүрген азаматтардың не алып, не қоятынын бiлмеймiсiң?
Мына Қайып хан ауылына шөпке шығарларды жинап, шүлен таратып жатқан көрiнедi. Соған бармайсың ба?
— Өй, қойшы, — деп, Тиышбек Ерғалидан шаққа босанып шықты. Iшiнен: “Өй, әкеңнiң аузын, — дей берiп,
ойланып қалды. — Шынында да, барсам, немене ол менiң ат-тонымды шешiп ала ма? Қайта бiрер күн сорпа-суымды
айырып келмеймiн бе?”. Сол қамшы боп, ол үйiне дәудiрлей кiрдi. — Қатын, а, қатын, өзiң балларға бас-көз боп отыра
тұр. Былай, атқа мiнiп, ел көзiне түсе бастасаң, осы, санаттан қалдырмайды. Мына, Қайып хан арнайы шақырған екен.
Бармасам, ұят болар, — деп, жаман атына ер салып, хан ауылы қайдасың деп сызып берген. Содан босап тұрған бетi
осы.
Тиышбек кенет қуанып кеттi. Жымыраңдай күлiп, атының басын Ережептiң ауылына бұрып та алды. Кеше ол
Ережептi Қайып ханның мәжiлiске шақырғанын бiр кiсiден естiген. Ендi оның келмеген себебiн iштей топшылап, атына
қамшыны баса түстi. Қалың түскен қарға омбылап, Ережептiң ауылына шаққа жеттi.
Ережеп үйiнде екен. Тиышбек сараңдау Нағиманың шытынған қабағына ау-тауық қарап қойып, ешiп отыр:
— Содан, Ережепжан, саған өтiрiк, маған шын, Қайып ханның өзi кеп, былай, қолымды алды. “Атақты бай болмаса
да, атаңды бiлушi едiм”, — деп, қызметiне жегiп қойды. Қолдан келiп тұрғасын аянайын ба, былай, оңын — оң, солын
— сол ғып, жалпақ жұртты жайлап, ырза қылдым...
— Жарайды, ол түсiнектi ғой, — деп, Ережеп күлiп, мұның сөзiн бөлдi. — Одан да мәжiлiсте не болғанын айтсайшы.
— Ойбай, бала, қызық, — деп, Тиышбек қызып кетiп, Ережептiң оң тiзесiн алақанымен сарт еткiздi. — Қайып хан
мына Райымға бекiнген ақ патша әскерiн қуып шығайық дедi.
— Иә, сосын?
— Ел соған бәтуа қылысты. Әскер жинайтын болысты. Бiрақ мына Жәнiбек ит екен. Өзi қолбасы боп алғасын, менi
көзiне iлмей қойды.
— Е, неге?
— Неге, неге? Немене менi ана жаман Қасқырбай сияқты жүз басы бола алмайды дейсiң бе? Әттең, қолыма билiк
тимей, қор боп жүрмiн ғой. Болмаса ел басқарғанды көрсетер ем.
— Шын ба? — Ережеп ақсары бетi жайыла жымиды.
— Ережепжан-ау, осы сенiкi не сөз? — деп, Тиышбек шырт ете түстi. — Шын баң не? Ау, арғы атамның ана
Шөмекей Киiкбай батырша жау қайырмаса да, ауыл арасыңа әмiрiн жұргiзгенiн бiлмеушi ме ең?
— Жарайды, ойнап айтам. — Ережеп байсалды тартты. — Жаңағы әскер құрамыз дегенi рас па?
— Рас. Қылаудай өтiрiгi жоқ.
— Сонда... Райымды қашан шабады?
— Жақында.
— Е, жөн екен. — Ережеп әлденеге ыбылжи бастаған Нағимаға қарады. — Әй, сенiң қазаныңның iшiне тас түсiп
кеткен бе? Мына қайнағаңның қарны ашты ғой. Болсайшы!
Тиышбек қуанып кеттi:
— Е, деген екен!
Тамақ жеп отырып, Ережеп әлденеге тұнжырай бердi. Тиышбек оған мұртынан күле қарап, қулана көзiн қысып, ағаш
табақтағы майлы еттi жеп, обып барады. Оны жалап-жұқтап жеп болғасын, бiр кекiрiп, екi кесе сорпаны iше сап:
— Уһ, жаным-ай! — деп, жанындағы көпшiкке қисая кеттi. Тырсиған қарнын шертiп, әлдеқандай терменi жаман
даусымен ыңырсып айтып жатыр.
Ережеп кенет бұған тура қарады:
— Тәке, сен де сол шайқасқа қатысасың ба?