— Е, қатыспай менi кiм деп едiң? — деп, Тиышбек маңғазданып, шалқая түстi.
— Оқ тисе қайтесiң?
— Кәйтем? Көп болса, жаралы болармын. Баяғыда мына Ырғыздағы Алмат сардардың атасы Шобдар Киiкбай
батырдың қара санын садақ оғы көктеп кеткенде, бәйбiшесi Қына үстiнен аттап, түсiрiптi дейдi ғой. Немене одан бiздiң
қатын кем бе? Кәпiрдiң атқан оғын аттап түсiре алмаса...
Сол арада аяқ-табақты жуып жатқан Нағима мырс етiп күлiп жiбердi.
Тиышбек тiлiн тiстей қойды. Қыз күнiнде осы әйелiнiң ауылының бiр жiгiтiмен кеуiлдес боп, атаққа шыққаны есiне
сарт етiп түсе қалды. Ендi ол қипақтап:
— Ережепжан, өзi... былай... қайдам. Бүгiнде кiсi қатынға сенiп бола ма? Қойныңда жатқанына мәз боп жүргенiңде,
оның ойында не жатқанын қайдан бiлесiң? — дедi.
— Өй, оны қойшы. — Ережеп қабағын шытты. — Осы сендер соның артын ойладыңдар ма?
— Оның... не арты бар?
— Арты сол, ертең кiлең мылтықты жауға қарсы шабарсыңдар. Сонда қолдарыңнан не келедi? Қойдай жусап
қалмайсыңдар ма?
— Апырмай... мынауың рас. Баудай түсемiз-ау, ә!
— Сонда...
— Рас, рас. Қырылсақ бiз қырыламыз. Одан Қайып ханның несi қисаяды? — Тиышбек жағасын ұстады. —
Астапыралла, оның бетi әрмән!
— Осы сен... орыстардың қару-жарағын көрiп пе едiң?
— Жоқ.
— Ендеше... көрсең кәйтедi.
— Көрейiн.
— Сен онда... мен хат жазып берейiн, соны Тортай төреге апарып бер. Ол маған... бiр жылқы қарыз едi, сол жайлы
кәзiр жаза қояйын. Сен... сонда хатты бер де, жан-жағыңа көз сала жүр.
— Мақұл. Айтпақшы, орыстар менi ұстап ап, ана ит жеккенiне айдамай ма?
— Өй, олар сенi нағылсын.
Ережеп тездетiп хат жазды. Тиышбек қыбыжықтап:
— Ережепжан, өзiң бiлесiң, қыс қатты. Астыма мiнген көлiгiм нашар,— дедi.
— Басқа белi мықты ат берем. Жетегiңе тағы бiр ат ал.
— Е, дегендей! — Тиышбек алақанына түкiрiп, шарт еткiзiп соғып қалды. — Мiне, қызық! Содан аман-есен келсем,
Тиышбек батыр атанам-ау, ә! Әлде...
— Тиышбек жансыз де.
— Е, жансыз кiмнен кем! Тиышбек жансыз, ә! Жаман емес қой!
Ертеңiне Тиышбек хатты қалтасына басып ап, жолға шықты. Астындағы атын сар желдiре отырып, ауыл қарасы
көрiнбей кеткесiн: “Осы астымдағы атты олжа ғып, жөнiме тайып тұрсам кәйтедi? Онда... Ережеп өмiрi iзiмнен қала ма?
Жарайды, бұ да бiр нәубет шығар”, — деп, атын тебiне түстi. Қаламбай, Қарабатырдың тұсынан өте бере, әуестiк жеңiп,
қойнындағы хатты алып карады. Жыбырлай созыла түскен араб әрiптерiн анық ажырата алмай, көзi талып, жазу
бұлдырап кеттi. “Бұ не жазды екен? Өтiрiк қой. Қайдағы жылқы!” — деп, аз-кем кiдiрдi. Сосын: “Онда менiң шаруам
қанша?” — деп iлгерi жүрiп кеттi. Жолшыбай қонған, түстенген ауылдарында өзiнiң Райым асып бара жатқанын,
Ережептiң хатын алып, сәтi түссе, тура ақ патшаны көрмек боп, Петербор асатынын жыр ғып айтып отырды. Тиышбек
Райымға жетем дегенше шұбатылған өсек-аяң жалпақ жұртқа тарап та үлгердi. Ол жарты ай дегенде Райымға жеттi.
Тортайды iздеп тауып ап, хатты табыс еттi. Содан алақ-жұлақ етiп, жан-жағына қарап, өңешi үңiрейген бес-алты
зеңбiректi көрiп, жағасын ұстады:
— Сұбханалла! Сұбханалла! Мынаның бетiн әрмән қыла гөр!
5
Тортай хатты оқып шығып, аң-таң болды. Ол биыл Қайып ханды Сыр бойына қарай ауа қояды деп ойламаған-ды.
Анада Ұлытауды басып, Қоқаннан қайтып келе жатқанда, құм арасында отырған ауылдардан Қайып ханның кiсiлерiн
көрген-көрмегенiн сұрап бiлген едi. Ендi ханның ата-бабасы талай заман бойы сұраған жерлерiн тастап, қара басын
қайттай бастағаны оның артынан тықыр таянғанын айтпай-ақ бiлдiрiп тұр. Тек Қайыптың сөзiне желiгiп, қарусыз ел
босқа қырылмаса еттi? Соны жұртқа түсiндiрiп айтар кiм бар? Мына ұзын бойлы, қайыс қара ма? Ол ойланып,
Ережептiң хатын қолына ұстаған күйi әрi-берi жүре бастады. Соңынан емпелеңдеп, бұл қайда барса, солай қарай барып
жүрген Тиышбекке көз де салмады. Ойы сан-саққа жүгiрiп, бiр тоқтамға келе алмады. Ақырында ол Захваткинмен
ақылдасқанды жөн көрдi.
— Не дейдi? Қайып хан осында ма? — деп, Захваткин отырған орнынан атып түрегеп, мұның жанына келдi. Тағы да
iшiп алса керек, аузынан ром иiсi сасып тұр.
— Мына хатта солай дейдi. — Тортай хатты көрсеттi. — Алексей Дермидондович, ендi не iстеймiз?
— Не iстеймiз дейсiң бе? — Ол қолымен басын ұстады. — Әзiрге сақадай сай тұру керек. Мен кәзiр его
превосходительство генерал-губернаторға кiсi жiберем. — Захваткин әрлi-берлi теңселiп жүрiп кеттi. — Вот, это да!
Қайып хан мына жақтан шыққан. Сонда Ақмола округiнiң бастығы қайда қарап отыр, а?
— Мен оны қайдан бiлейiн.
— Ах, да, солай екен ғой. — Ол адьютантын шақырып алып, тез бұйрық бердi. Арнайы хат жазып, Орынборға
баратын шабарманның қолына ұстатты. Сосын сәл ойланып тұрып: — Айтпақшы, хат әкелген кiсiң қайда? — дедi.
— Сыртта тұр.
— Онда, жүр, — деп Захваткин үстіне тонын асығыс кие сап, сыртқа шықты. Келе жан-жағына жалтақтай қарап
тұрған Тиышбектiң қолын алды. — Маңызды хабарың үшiн рахмет. Мә, еңбегiң үшiн, — деп, қалтасынан ұсақ күмiс
ақша шығарып, Тиышбектiң алақанына салды.
Тортай Тиышбектiң мәз болған түрiне қарап: “Әй, аңқау қазақ-ай!” — дедi.
Захваткин бұған бұрылды: