— Мына жерлесiңе айт, бұл жерде қонуға болмайды деп. Ауылына қайта берсiн.
Тортай оның сөзiн қазақшалады. Тиышбек ыржалақтап:
— Немене, менi осында қонып, құда болайын деп тұр дейсiң бе? Өзiм де қашайын деп тұрмын, — дедi.
Захваткин сол арада қулана күлiп, Тиышбектi қолтығынан демеп, атына мiнгiзiп, атты тiзгiнiнен ұстап жетелеп,
бекiнiстiң шетiндегi зеңбiрекке келдi. Артиллеристке:
— Кәзiр мына киргиз қақпадан шыға бере, айдалаға бiр ат, — дедi.
— Заряжай! — деп, артиллерист басқаларына әмiр еттi.
Захваткин Тиышбектiң қолын қысып:
— Тағы да рахмет. Сенiң бұл еңбегiң ескерусiз қалмайды. Ал, ендi қайта бер, — дедi.
Тиышбек қоқиланып, миығынан күлiп, атын тебiнiп қап, қақпадан шыға бердi. Ол әудем жерге ұзағанда, Захваткин
артиллеристерге қарады. Атқыш зеңбiректiң сорайған мойнын айдалаға бұрып ап, аз кiдiрдi. Iзiнше снаряд салынып,
расчет бастығы:
— Атыңдар! — деп қолын төмен қарай кiжiне сiлтеп кеп қалды.
Зеңбiрек гүрс ете түстi. Доп ысқыра ұшып, тымық ауаны тiлiп‚ зулап барып‚ көз жетер жерге барып түстi. Әппақ қар
аспанға бұрқырай шықты. Соны көрiп‚ зәресi ұшып кеткен Тиышбек үркiп кеткен атынан аударылып түсiп қала
жаздады. Сосын әлдене деп айғайлап, жаман тонының екi шалғайы жалпылдап, ойбайын салып, бетi ауған жағына қарай
безе жөнелдi.
Соны көрiп, Захваткин қарқ-қарқ күлдi:
— Ол киргиздардың күнi, мiне, осындай болады! Ендi келiп көрсiн!
— Қазақтар деңiз, — дедi Тортай шытына қап, — Дегенмен, қазақтар жаугер халық.
— Оны... көрермiз. Поручик, — деп, Захваткин ендi даусын қатайтып, әмiр ете сөйледi. — Сiз кәзiр барып,
айыптылар батальонындағы тәртiптi тексерiңiз!
— Құп! — Тортай тiкесiнен тiк тұрды.
Тортай бекiнiс iшiнде қара жұмыс iстеп жүрген айыптылар батальонына қарай бет алды. Ол кеше Орынбордан тағы
да бiр топ сотталған кiсiлердiң келгенiн, олардың iшiнде Плетневтiң бар екенiн естiген. Бұл келгенде бiр кiщi офицер
тұтқындарға ақырып, жекiрiп жүр екен. Ол мұны көрiп, iзет көрсетiп, қалшиып тұра қалды. Сол арада Тортайдың назары
шеткерiректе тұқшыңдап жатқан, үстiнде көнетоз шинелi бар кiсiге түстi. Ол да мұны байқаса керек, басын көтерiп, берi
қарады. Көздерi дем арасында ұшыраса кеттi. Плетнев! Баяғыда Петербургта жолдастарының арасында қыза сөйлейтiн
Плетнев! Кәзiр мулдем қартайып кетiптi. Тортай қатты аяп, iлгерi жүрдi.
— Александр Викторович, — деп, жақын келiп қолын алды.
— А, Туртай Садыкович, здравствуйте, — деп, Плетнев қуанып кетiп, құшақтасқысы келгендей ұмтыла бердi де,
iркiлiп қалды. Сосын ыңғайсызданып: — Көрдiңiз бе, бiздiң хал мынадай, — деп, қолдарын екi жаққа жайды.
— Оқасы жоқ.
— Поручик мырза, тұтқындармен сөйлесуге болмайды, — дедi сол арада шенi кiшi офицер.
— Жарайды онда, Александр Викторыч. Осындамыз ғой. Әлi сөйлесермiз.
— Жақсы.
Тортай бұрыла бердi. Оны-мұны қадағалап, бiлiп алғасын, пәтерiне қайтты. Стукалов тамақ пiсiрiп, үстел үстiне
қойған екен. Мұны көрiп, самбырлап сөйлеп жүр:
— Осы мен түсiнбеймiн. Қазақтар да өзiмiздей ел емес пе? Жаңағы кiсi тура бiздiң мұжық сияқты. Ол байғұсты
зеңбiрек атып, неге қорқытты, а?
Тортай үндемедi.
Стукалов тағы да сөйледi:
— Бұл жарамайды. Қарусыз халықты шошытқан дұрыс емес.
— Әй, жетер! — дедi Тортай ашуланып. Ол Стукалов сыртқа шығып кеткесiн, алдындағы сорпадан iше бердi де,
қасығына iлiккен бiр кесек шошқа майын көрдi. Бұрын жеп жүргенiне қарамастан, кенет жеркенiп қап, майды есiк жаққа
қарай зытырып жiбердi.
6
Қаратай сұлтанның Сыр бойына бұ жолғы келiсi оқшау. Перонскийдiң арнайы тапсырмасы бойынша Шектi
тайпасының беделдi батыры Есеннiң бетiн берi қарату үшiн көп сый-сияпат алып, Жем, Сағыз бойына осыдан екi ай
бұрын аттанған-ды. Жолшыбай қонған, түскен ауылдарында ақ патшаның әдiлдiгiн, мына төменгi жақта Ресей
ауқымына енген Жәңгiр хан қожалығының тып-тиыш өмiр сүрiп отырғанын, бүгiн Хиуа, ертең Қоқан шабады деп
шайтаны сескенбейтiнiн аузынан суы құрып айтып жүрдi. Аллақұл заманынан бермен қарай Хиуа бектерiнiң тепкiсi өтiп
қалған ел iштерi жылып: “Апыр-май, мынау бiр дұрыс екен. Алым-салығын ап, жайымызға тиыш қойса, қазаққа одан
артық не керек”, — деп, дабырласып қалды. Сол дабыра-дақпырт өсе келе, ел iшiнде сәуiрдегi қызыл суша тасып, қаптай
жайылып, таралып-ақ кеткен-дi. Мұны Есен батырдың да құлағы шалса керек, ол сұлтанды онша ұнатпай қарсы алды.
Қаратай Шектi тайпасының iшiнде атақ, абыройы зор батырды иландыруға тырысып бақты. Жел сөздi ұнатпайтын Есен
бiрде:
— Жарайды, сөзiңе сенейiк. Жаңа сен төменгi Ордадағы Жәңгiрдiң жайы жақсы дедiң. Оның рас, ханның халi
жақсы. Бiрақ бұқара халықтың көзi ашылмай-ақ қойды ғой, — дедi.
— Ендi... әзелде Аллатағалам бiреудi артық, бiреудi кем ғып жаратқан. Қай заманда да бiреу бай, бiреу кедей боп
тiршiлiк етпей ме? Жалпы халықты теңгеру кiмнiң қолынан келген? — деп, Қаратай сұлтан әккiлiгiне басты.
— Оның рас. — Есен аз-кем мүдiрдi. — Дегенмен елдi басқарғасын, жұрттың қамын жеу керек шығар. Жаңағы өзiң
айтқан Жәңгiр хан сүйтiп отыр ма? Берiштердiң қос батыр азаматы Исатай мен Махамбеттiң басына зауал тудырған жоқ
па?
— Ендi... ол... араз болғасын...
— Неге араз? Сендердiң хан-сұлтандарың қара бастарынан басқа ештеңе ойламайды. Жалпақ қазақты қотандағы қой
сияқты иiрiп, жеке-жеке билесем дейдi. Сонда... осы да көрегендiк боп па? — дедi Есен батыр қыза сөйлеп.