Қаратай мүдiрiп қалды. “Мынау икемге келмес”. Ол тамағын кенеп:
— Мұның бәрi... өткеннiң әңгiмесi. Ендi, дел-сал боп, бiз бүгiнгi жағдайымызды, қазақ халқын қалай аман сақтап
қалу жайын ойластыруымыз керек, — дедi.
— Немене үйтердей қазақтың басына күн туып отыр ма?
— Тумаса да, туғандай. Ақ патша әскерiнiң қару-жарағы сай. Ол бәрi бiр қазақ даласын, Хорасан мен Қаразымды
бағындырмай қоймайды. Оған бiр қарсы тұрса, қарсы тұра алатын Қоқан, Бұхара, Хиуа хандары. Бiрақ олардың да
Ресейге әлi келмейдi. Көрдiң бе, осындай iрi мемлекеттердiң арпалысы кезiнде... екi ортада шыбын өледiнiң керi кеп...
— Неге? — деп, Есен қарсылық бiлдiрiп, қолын көтере берiп тоқтады.
— Қара ақылға салғанда, басқа амал жоқ. Байбақты Сырым батыр...
— Ол... әуелi көнбедi ғой.
— Кейiн ақылға кеп, ақ патша қызметiне кiрдi. Батыр, әлi де ойлан, — деп, Қаратай сөзiнiң соңын ауырлау етiп,
түйiп тастаған.
Содан қайтар жолда Төлеу батырға соғып, арқасына iшiк жауып, астына көпшiктi қос қабаттап тастап: “Есеннен көз
жазба! Бiрдеңе болса, маған кiсi шаптыр”, — деп, қатты тапсырып кеткен. Ертесiне Орынборға аттанған. Келген бойда
Перонский шақырып ап, мұны Райым бекiнiсiне шұғыл жұмсады. Тапсырманы қысқаша айтты. Генерал-губернатордың
даусындағы ызғарға қарағанда, маңызды бiрдеме боп қалған секiлдi.
Қаратай Жем, Сағыз, Ырғыз өзендерiн кесiп өтiп, қақаған қыстың аязына қарамастан, жiтi жүрiп отырды. Жан-
жағында өзiн қорғап келе жатқан атты казактарға, алда отырған жәмшiктiң бүкiрейген тұлғасына, сауырлары
қырауланып, қатты қарды сом тұяқтарымен күрт-күрт басып келе жатқан тiрсектi, мықты үш атқа енжар қарап,
дамылсыз сыңғыраған қоңырау үнiн енжар тыңдап, салқын тарта бастаған күйме iшiнде қасқыр iшiкке оранып, қалғып-
мүлгiп отыра бердi. Ұзақ жол қажытып, ара-арасында қалғып кетедi. Шананың табаны әлдеқандай жусан түбiртегiне
соқтығып қалғанда, алға қарай еңкейiп кетiп, селк етiп, көзiн ашып алады. Құлағына жәмшiктiң ақырындап созған
мұңлы әнi келедi. Ол дұрысталып отырып, өңiрiн қаусырынды. Сосын ақ қар басқан, тақтайдай тегiс далаға самарқау көз
тастап, өткен-кеткендi ойлады. Өз әкесi Садық төреге көзi тiрiсiнде билiк тимей қойды. Құдiреттi Барақ, Әбiлмәмбет,
Абылай тұқымдары бұған тiзгiн ұстатпады. Әкесi Садық қара халықтан аузына iлiккен аз ғана жемге ырза боп, жеке
ауыл боп, отыра бердi. Бiрде замана райын аңғарып, әсiресе, Көкшетау аймағын сұрайтын жамағайыны Уәли төремен
есендесiп қайтқасын, Садық күрт өзгердi. Сол жылы Орынборда жаңа ашылған Неплюев кадет корпусына мұны мен
Тортайды қатар оқытты. Бiрақ Қаратай сұлтан корпусты бiтiре алмады. Әкесiнен мажал қаша бастағасын, ел әңгiмесiне
тiкелей араласып кеттi. Онда да ақ патша шенеунiктерiмен ыңғайласып ап, соларға арқа тiреп сөйлесетiн болды. Бар
арманы — ертеректе Батыр хан билеп төстеген Сыр бойын өз аузына қаратып алу. Сол қожалықтың бiр пұшпағы iнiсi
Тортайға тисе, басқа туыстарына кеткен кегiн бiр алар едi.
Жақында ол Тортайдың Бұхара, Қоқан жағына аман-есен барып қайтқанын естiп, қатты қуанды. Ол жайында
Перонскийдiң өзiнiң айтып отырғанын көрген. Бiрақ Қаратай iнiсiмен әлi қауыша қойған жоқ. Бұл Орынборға Есен
ауылынан оралғанда, Тортай Райым бекiнiсiне кетiптi.
Қаратай жөткiрiндi. Кешегi Перонскийдiң Қайып хан жайлы айтқанын есiне алды. Мұның мақсаты — Хиуа мен
Қайып хан арасына iрiткi салу, ханды кәйткен күнде де жергiлiктi халыққа қолдатпау. Осы үшiн ешқандай да қаржы
аямайтынын, Ресейдiң шығыстағы қожалықтарының өсе түсуiне ұлы император ағзамның баса назар аударып
отырғанын Перонский баса айтқан. Кiм бiлiптi, сапар оңынан туып, тапсырманы орындай қалса, бұл патша ағзамның оң
қабағына iлiгер. Оң қабақ демекшi, соған Перонскийдiң битiн салып жүргенiн байқаған. 1839 жылғы декабрь айында
Ақмешiтке жасаған сәтсiз жорығынан кейiн, ол абыройынан аздап айрыла бастаған. Орынбордың генерал-губернаторы
боп басқа кiсi тағайындалған. Кәзiр Перонский мен екеуi арасында бақталастық бар дейдi. Перонский ақ патшаиың
көзiне қайта түсу үшiн осы Сыр бойын бағындыруға бар ынта-жiгерiн салып жүр. Қаратай аздап күлiмсiредi. Бiлмегесiн
қиын ғой, дедi. Басқа халық iшiнде де кұншiлдiк, бақастық, мансапшылдық бар. Тек олардың түрi бөлектеу. Ең қызығы,
кәзiр Петербургта француз iлiмдерiн оқыған жастар қайдағы бiр әулекi сөздерге, қияли пiкiрлерге елiгiп жүрген
көрiнедi. Осында жер ауып келген Плетнев жайлы, онымен iнiсi Тортайдың байланысы барлығын анада Ахияр айтқан.
Ендi ол әлi шикiлеу iнiсiн сақтандырып қоймақ.
Қаратай сұлтан Райымға жеткесiн, Захваткиннен мән-жайға қанды. “Әй, сұм-ай! — дедi iшiнен. — Арқа жұрты
қолдай қоймағасын, ендi мына жақтан шыққанын қараш!”. Қаратай аз ойланып, Захваткиннiң арақ iшiп, қолбыраған
түрiне қулана көз тастап:
— Ендi не iстеймiз? — дедi.
— Бiлмеймiн.
— Нұсқау бойынша, келiссөз жұргiзуге болады. Екi жақтан аманатқа кiсi алдырып сөйлесемiз.
— Онда... не деймiз?
— Его превосходительство Перонскийдiң айтуынша, Қайып хан кешiрiм сұрап, ақ патша қызметiне кiрсе, қалаған
жерiнен жайлау, қыстау берiледi. Тек ол ендi ақ патшаға қарсы бүлiк бастамаймын деп Құран ұстап, ант берiп, бiр
баласын аманатқа жөнелтуi тиiс.
— Қайдам?! — Захваткин аузын арандай ашып, есiнеп, буындарын күтiрлете керiлдi.— Оған Қайып хан түлкi сене
қояр ма екен?
— Әуелi... байқап көрейiк те.
Қаратай iнiсiнiң пәтерiне келгенде, Тортай мен Плетнев әлденеге қызу таласып жатыр екен. Мұны көрiп, Плетнев
сасып қалды. Тортай таныстырғасын барып, кiнәлi кiсiше күлiмсiредi.
Қаратай шешiнiп боп, орындыққа кеп отырды:
— Иә, әңгiме не жөнiнде?
— Жәй, — дедi Тортай қолын сiлтеп.
— Жоқ, бұл жәй емес, — дедi тырыли арық Плетнев судыраған ұзын шашын арық саусақтарымен керi қайырып
қойып. — Сiз патша самодержавиесiнiң саясатын түсiнбей отырсыз. Ол жайында Лондонда Герцен өзiнiң “Колокол”
дейтiн журналында жазып жатыр.
— Сонда... ол не саясат? — дедi Тортай тiктелiп.
— Ақ патша бұратана халықтарды онан әрман езедi. Оларды құл етедi.
Өмiрi мұндай сөздi естiп көрмеген Қаратайдың зәре-иманы қалмады: