— Олай болуы мүмкiн емес.
— Әбден мүмкiн.
— Сәл, сабыр етiңiз, — дедi Тортай даусын қаттырақ шығара сөйлеп. — Қазақтар деген табиғат аясында өскен ел.
Руссо аңсаған тiршiлiк дәл осында. Ендi соған Ресей, феодализм шырмауында жатқан Шығысқа қарағанда, бостандық,
озық Европа мәдениетiн әкелмек. Сонда мұның несi құлдық?
— Мәдениет... — Плетнев күлiп, қолын бөлменiң бұрышына қарай сiлтедi. — Дұрысы, зеңбiрек деңiз.
Тортай қып-қызыл боп, үндей алмай қалды. Қаратай әңгiменi ушықтыра түспейiн деп:
— Ол ендi ұлы император ағзамның шаруасы ғой. Бiздiң бұл араға кiрiсуге хақымыз жоқ, — дедi.
— Неге хақымыз жоқ? — Плетневтiң көзi бақырайып кеттi. — Өз тағдырын өзi шешуге халықтың неге хақысы жоқ?
— Бұрында да, кәзiрде де ел тағдырын патша, хан шешедi, — дедi Қаратай салқын тартып.
— Бұл ең зиян пiкiр. Рас, осы кезге дейiн тарихта аты белгiлi жеке, күштi кiсiлер халықты қойша бақты. Ендi оның
заманы өттi. Англия, Франция, Америкадағы төңкерiстер халық құдiретiн көрсеттi.
— Бiрақ... халық атын жамылып, ақ сүйектердi бұқараның қолымен құртқасын, майда буржуазия билiктi қолына
алды ғой, — дедi Тортай сөзге кiрiсiп.
— Мәселе, мiне, осында. Олар бүқара халықтың надандығын пайдаланып, өз жағдайлары жақсарғасын, күрестi
тоқтата қойды. Бiрақ халық күресуiн қоймайды. Жеке кiсi билейтiн мемлекет түрiн, яғни монархияны жояды. Бiзге
республика керек. Бұл деген халық өзiн-өзi билейдi деген сөз.
— Демек, автократия құрып, демократия болады ғой.
— Дәл солай.
Қаратай сұлтан өзi сөйлесiп жүрген шенеунiктердiң аузынан өмiрi естiп көрмеген әлгi сөздердiң төркiнiн iштей
шамаласа да, анық түсiнбедi. Сосын:
— Өзi... о не деген сөз, — деп, iнiсiне қарады.
— Жеке кiсiнiң билiгi тиылып, халық бостандық, кеңшiлiк алады деген сөз. Онда мемлекеттi бiр кiсi емес, бiрнеше
кiсiлердiң алқасы билейдi, — дедi Тортай ағасына күле қарап.
— Е, түсiнiктi. Ол өзi... онша ақылға сия қоймайтын шаруа екен. Қалың ақтылы қойды судан өткiзерде, ертеде
қойшылар тобыр алдына ай мүйiздi серке салушы едi. Ендi сол серкенi құртсақ, қой судан өтпек түгел, бет-бетiне
бытырап кетпей ме? Жарайды, оны қойшы. Басты мақсат — судан өткiзу ғой. Оны бiр серке бастап өткердi не, топ кiсi
бастап өткердi не, — мағынасы бiр емес пе?
— Неге? — Тортай күлдi. — Бiр серкенiң әдiлетсiз болуы мүмкiн ғой.
— Әй, қарағым, — дедi Қаратай тыжырынып. — Қай заманда да ақылды кiсiлер жол табады. Әлгi алқа боп, ел
сұрайтындарыңның өзара келiсiп ап, ақты қара, қараны ақ деуi де мүмкiн ғой. Соған кiмнiң көзi жетiп отыр?
Тортай ағасының қазақшалап айтқан соңғы сөздерiн орысшалап жеткiзiп едi, Плетнев қарқылдап кеп күлдi. Сосын
күлкiсiн тиып:
— Тортай Садыкович, пора честь знать. Көп-көп рахмет, көп отырып қалдым, — деп, орнынан тұра бердi.
Ол кеткесiн, Қаратай iнiсiне түсiн суыта қарады.
— Әй, қарағым, мынауың кiм сонша астам-астам сөйлейтiн. Құдай болса, айдалып жүре ме? Қайдағы бiреумен
араласып, басыңды бәлеге шатып аласың ғой.
— Аға...
— Қой, тыңдамаймын сөзiңдi. Аталарымыз: “Аяз әлiңдi бiл, құмырсқа жолыңды бiл” — деген. Исi қазақтың кәзiр
ойлайтын шаруасы ол емес. Қалай құрып кетпеймiз, дiнiмiздi, тiлiмiздi, әдет-ғұрпымызды қалай сақтап қаламыз, — мiне,
бас қатырар шаруамыз осы. Ал, сендер... қайдағы бiр қияли кiтаптарды оқып ап, айдалаға әулiгесiңдер, — деп Қаратай
iнiсiн тиып тастады.
— Сонда... не қыл дейсiң?
— Үйтiп бас қатырар дәнеме жоқ. — Қаратай дағдылы томырықтығына басты. — Әуелi Ресейдiң құрамына кiрiп алу
керек.
— Сосын?
— Сосын... ың-шыңсыз тiршiлiк ет.
— Аға-ау, оныңа... ақ патша қоя ма?
— Сонда не iстемексiң? Қайтадан Хиуаға бағынбақсың ба? Онда не ұтасың?
Тортай үндемедi. Сол арада Стукалов ызыңдаған самаурынды көтерiп әкеп, ортаға қойды. Аздан кейiн ағалы-iнiлi
екеуi жәйбарақат әңгiмелесiп отырды.
— Сонда... Қайыпқа өзiң бармақпысың?
— Иә. — Қаратай ыссы шәйдан бiр ұрттады. — Қанша дегенмен қанымыз бiр емес пе? Адасқан екен, дұрыс жолға
салу керек.
— Ол... оған көне қоя ма?
— Көнбесе, — өз еркi. Менiкi — алдынан өту.
— Ертең әңгiме болмасын дейсiң ғой?
— Иә.
— Екi араға кiмдi салмақсың?
— Мiне, осы қиын. — Қаратай қабағын шытты. — Елмырза қалай?
— Әй, сол... белсенiп шыға қоймас. Мұнысын естiсе, ертең Баймырзаның басы кесiледi. Менiңше... осы шаруаға
Ережеп қолайлы.
— О кiм?
— Осы елдiң байы. Беделдi кiсi. Дадабек ағасын өлтiргесiн, Хиуамен араз боп, ақ патша жағына шыққан. Кешегi
хабарды да жеткiзген сол.
— Мынауың ретке келедi екен. Оған дейiн мен Тоғанақ батырды пiсенттеп қояйын.
Олар түн ортасы ауғанша әңгiмелестi. Сыртта боран ұлып тұр. Қар түйiршiктерi терезе әйнегiн дамылсыз
сытырлатып сабалайды. Май шам жарығы өлеусiреп, күңгiрт тартып барады.