қалған екен. Астындағы жорға ауыздығын шайнап, басын қайта-қайта шұлғып, тарыға қарай ұмтылады. Ережеп дереу ат
басын бұрып, егiндi айнала жүрдi. Iшiнен: “Мына жаман қаракесек шын дихан екен ғой!”, — деп сүйсiнiп қойды.
Қапталында шаужайласып келе жатқан Шәки:
— Бiтiк екен, — дедi ақырын.
— Не, не? — басын көтерiп ап, Ережеп атқосшысының жылтыр қара зерең жүзiне қиялай көз тастады.
— Бiтiк екен деймiн.
— Ә, солай ма? Ойбай-ау, сен де бiлмеймiсiң? Бұл Тұрекең дегендер дихан ғой.
— Айтары жоқ, қара жердi шұқылап, ауызға жерге жейтiн жемiн табу деген оңай ма? Мынаны түгел бастырып алса,
келесi жазға еркiн жетедi-ау!
— Оған не сөз бар. — Ережеп жорта қоштап, Шәкидi сөйлей түссiн дедi. Соңғы кездерi осы жiгiттiң iшкi сырын
бөлектей бастағанын аңдап та қалған едi.
Мырзаның сөзге құлықтылығын аңдап, Шәки астындағы атын тебiне түсiп, жақындай бердi. Оның өзiмен
қатарласқанын Ережеп iштей ауыр алып қалды. “Қатын, бала-шағасын асырай алмай жүрiп, мына қу кедей... өзi менiмен
ат құлағын теңестiрдiм дей ме?” Сонда да дымын сездiрмей, Шәкидiң жүзiне күлiп, тосыла қарады.
— Ереке, осы... кейде мал соңында салпақтап жүргеннен, мына тiршiлiк артық па деп қалам.
— Қой әрi, — дедi Ережеп тыжырынып. — Қазы-қартаға тiсi үйренген қазақ сарт бола алмайды. Әр жұрттың өз
кәсiбi бар. Көң сасыған жерде кең жайлауға үйренiп қалған қазақ отыра ала ма? Шұбат пен қымыздың орнына су
татыған шалап iшкеннiң несi артық?
Шәки үндей алмай қалды. Омырау ашқан боп, атқосшысының iшкi жағын сәл-пәл аңғарған Ережеп оған кенет
күлiмсiрей қарады.
— Қайдам, кейiнгiнiң қай жолмен кетерiн? Әйтеуiр, көң мен шуданың арасында туып-өскен маған мына
диханшылығың ерсi көрiнедi де тұрады. Бәлкiм, сенiкi де дұрыс шығар.
Ережеп атқосшыдан сөз тосты. Шәкидiң табан тартып қалғанын байқап: “Мынау жаман неме қулық аша бастаған
ба?” — деп, iшiнен кiп алып қалды.
Ол сол бетiмен тары орып жүрген Тұрғалиға келдi. Атынан түсiп сәлем бердi. Тұрғали шұбар бетi күреңiтiп,
жауабын шолақ-шолақ қайырып, әңгiмеге ыңғай бiлдiре қоймады. Оның түрiнен суысып кеткен кеуiл анық байқалып
тұрды.
— Биыл тарың жақсы екен, Тұреке, — дедi Ережеп оны сөзге тартып.
— Жаман емес, — деп Тұрғали күңк еттi де қойды.
— Шегiртке аумай тұрып орып жiберсе, бiр үйлi-жанды қарық қылады-ау!
— Ендi... былай...
Ережеп дихан кiсiнiң өкпесiн анық байқады. Ауыр-ауыр сөз кәзiр оның аузынан шықпай тұрғанда қасындағы
қарашыларын куә еткiсi келмей, Шәкиге қарап иек қақты:
— Сендер... ана жаққа бара тұрыңдар! Мен... аздасын барам.
Мырза нөкерлерi ұзап кеткесiн барып, қолына екi бүктеп ұстаған қамшысымен толық басы күн сәулесiнен сарғайып,
ибалы келiншекше иiле түскен тарыны қозғап қойды да, қабағын сәл шытып, Тұрғалиға қарады.
— Тұреке, өкпеңдi бiлем. Ағайынмен ащы болмайық дегендi ағамыз тыңдамай қойды, ендi менiң не жазығым бар?
Тұрғалидың имек тұмсық қара қатыны осы кезде байының алдын орап:
— Сонда, жақсы қайным, кiсiнi осылай қорлай ма екен? Қай ата-бабаңда қызыңды ойнастыққа бер деген? Сүйдеуден
құдайдан қорықпай ма? — дедi.
— Жеңiше-ау, оны мен де айтқам.
— Айтсаң сол, құдай оның жазасын бердi. Жел тимесе, шаң тимес деп отқан қызын...
— Өшiр үнiңдi! — деп дәл осы кезде Тұрғали қатынына қарап ақырып жiбердi.
Бағанадан берi қолдан сыпайысып тұрған айбықа әйелдiң терiсi тоза бастаған жүзiнде түгi тiкiрейiп шыға келдi. Ол
көнтек ернiн сылп еткiзiп:
— Әй, мен не деп өшiрем үнiмдi! Қызыңның айдың-күннiң аманында қор болып жатқаны анау. Арамнан жиған
малына сенген мырзаның тәлтиiп тұрғаны мынау. Дәңгiлiне сенген бай баласы, — деп сол арада ол ерсi бiр сөздi бетi
бүлк етпестен қойып қалды.
Ережеп оны арсыз күлкiге жеңдiрдi:
— Жеңгемнiң аузы батыр ғой. Дұрыс айтады. Жөн сөзге тұрмасақ, адамдығымыз қайсы? Ендi өткен қайтып
келмейдi. Болары болды, бояуы сiңдi дегендей. Менiң сендерге тартқан айыбым болсын, анада бағуға берген малдың
iшiнен қалаған бiр сиырыңды ал!
Тұрғали самсоз боп тұрып қалды. Қара қатын маңдайы тасқа соғылғандай селт етiп, ернiн сылп еткiздi. Жаңа ғана
мұны түтiп жердей боп тiкiрейiп тұрған түгi ақырын-ақырын жығыла бастады. Көнерген бетiне ойнап шыға келген ашу
iзiн әлдеқандай қызыл толқын қуалап бара жатты. Мұны естiген әйел табан астында апалақтап:
— Ендi... былай... Мырза қайыным-ау, менiкi ұрғашылық қой. Баланың маңдайына жазылғаны сол да. Әйтеуiр, тесiк
мойшақ жерде қалмас. Мына... жақсылығың құдайдан қайтсын, — дедi.
Тұрғали да ендi есiн жиып‚ кәукелектей бастады:
— Қарағым, дұрыс айтасың, бас жарылса‚ бөрiк iшiнде, қол сынса‚ жең iшiнде деген. Ондай-ондай болады ғой.
Сол арада қара қатын жөн тауып, қолымен бетiн шымшып:
— Өйбүй, осы мен нағып тұрмын. Мырза қайныма шәй қояйын да, — деп iлгерi жүрдi.
— Жеңiше, шәй дегендi кейiн iше жатармыз. Дастарханыңды жая қой, нан ауыз тиейiн, — деп Ережеп оны шаққа
дегенде тоқтатты. Атыз басына қара қатын жайған дастархан шетiне бiр тiзерлей отырып, күлге көмген кiр-қожалақ
күлшенiң бiр шетiнен сындырып ап: — Пiссiмiллә, — деп аузына салды. Сосын ас қайыра сап Тұрғалиға қарады: —
Тұреке, кеуiл кiрi айтса кетедi деген, нөпеңдi кеш. Мал бергенiмдi сәдеттемеймiн. Қанша дегенмен өз сiдiгiңнен
жаралған баланың орны бөлек. Бiрақ амал жоқ. Өттi-кеттi. Ендiгi жерде құдай ағайыншылықтан жаңылдырмасын де.
— Өй, бәрекелде! Мiне сөз, — деп сас ниетi жоқ момын Тұрғали жылы сөзге бiрден қолқ етiп түсе кеттi.
Мырзаның да күткенi осы едi. Шекпенiнiнiң шалғайын қағып орнынан тұра бердi.
— Қонбады деп айып етпеңдер. Жата кетем десем қай үйден де көже быламық табылады. Бiр асығыс... шаруа
бабымен жүргенiм, — деп‚ ол атына қарай беттедi. Жақын кеп үзеңгiге аяғын сала берiп едi, кәукелектеген Тұрғали