жүгiрiп кеп, қолтығынан демедi. Қара қатын ұзын, кең көйлегiнiң етегiне сүрiне-қабына жүрiп екiншi үзеңгiнi басып
тұрды.
Ережеп кеуiлденiп сала бердi. Ат үстiне қонғасын, қаптамалы түйе жүн шекпенiнiң екi шалғайын қос тақымына
қысып жатып, негiзгi шаруасын айтсам ба, айтпасам ба деп ойлады. Демде осы жылы шырай суымай тұрғанда,
Тұрғалиды аузынан мақұл деген сөздi шығарып алса, ертең момын кiсiнiң табанына iс қағып тұрып бар шығынын
құстырып алатынын пәмлеп:
— Ал Тұреке, — дедi дауысын созып. — Сүйек шатыс болмасақ та, кеуiлi түзу ағайынбыз. Бар болса, туысқа
көмектескенге не жетсiн.
— Оған не сөз бар, — дедi Тұрғали елпiлдеп.
— Сауынға сиыр бердiм дегендей.
— Ол өзi... жақсы болды. Бала-шағаның аузы аққа тиiп...
— Керек болса тағы да сауынға мал алып тұр. Оның ақысына мына құдайдьiң өзi өсiрiп жатқан, — Ережеп екi
бүктеулi қамшысымен тарыны нұсқады. — Астығыңнан қарассаң болды.
— Мақұл, — деген сөздiң аузынан қалай шыққанын Тұрғали байқамай да қалды.
Мырза олармен қоштасып, Тайпан‚ Дүзбай ауылдарына қарай сызып бердi. Нөкерлерiнен құрық тастам жердей озып
отырып, шаралы жүзiне ащы мысқыл шауып, мырс еттi. “Осы қазақ неге ұсақ?” — дедi iшiнен. Әлде жоқшылық кiсiнiң
бар қасиетiн ада қыла ма? Айтпақшы, аса дәулет те адамды аздырмай ма? Сонда байлық пен кедейлiктiң адамшылыққа
салмақ салар ауыр нәубет болғаны ма? Жоқ, әлде бiз оны тайыз түсiнiп жүрмiз бе? Не десең де, осы жолы берiммен
ағайынның жүзiн жылытып алды. Құдай оңдап, жаңағы жерде шадыр Ерғалидың болмағанын айт, ол болғанда бiраз
кердеңдеп бағатын едi. Ережеп қозғалақтап қойды. Осы кедей неге кер келедi, дедi өзiне-өзi. Олар iшерге ас таба алмай
тұрып, бiреудiң ала жiбiн аттамадым деп мақтанады. Бұл өзi түптен келгенде, шикiлiк емес пе? Мына қым-қуыт
тiршiлiгi көп дүниеде ақ етек ишан боп жүруi мүмкiн бе? Кiсiге тек қана жақсылық жасап, иман жайын күйттеу негiзiне
көз салғанда, жасықтық емес пе? Неге кiсi кiсiге тек қана жақсылық жасауға тиiс? Сенiң жақсылық деп түсiнгенiң,
басқаша ойлағанда жамандық боп шығар!? Асылы бұл өмiрде адамға ақыл айтудан ақымақтық жоқ. Ережеп қарап
отырса, не ықылым замандардан берi дана кiсiлер ел-жұртты жақсылық ет деп үгiттеп келедi, бiрақ өмiр өз арнасымен
ағуын тоқтатар емес. Демек, ақыл айтып сырттай тон пiшкеннен гөрi, сол қымқуыт тiршiлiктiң қалың астарына көз
жеткiзiп‚ сырын алған жөн. Оны қазақ баяғыда-ақ түсiнiптi. “Замана түлкi болса — тазы боп шал”, — деп бас-аяғы бiр
ауыз сөзбен айта салған. Ендi соны қайта тексерiп жатудың не кәжетi бар? “Кәжетi жоқ”, — деп Ережеп күбiрлей берiп
едi, Шәки жалт қарап:
— Ненiң? — дедi.
Ережеп оған аңыра қарады. “Мына сұм кiсiнiң iшiне кiрiп шыққаңдай ма?” Сосын тез жөн тауып:
— Жәй әшейiн. Бiр ой түсiп, — дедi де, атына қамшы салды.
Қатты жүрiп келе жатып, жақында Захваткиннiң айтқан бiр сөзiн есiне алды. Ол майдалап отырып, Iшкi Орда мен
Орта жүздiң кейбiр руларының ақ патшаның панасын сұрап, ант берiп, кәзiр олардың су мен жайылымнан таршылық
көрмей отырғанын айтып, әлдененi жақауратып тоқтаған. Кiсi ниетiне кеуiлi жүйрiк Ережеп жорта аңқаусып‚ қолқ ете
қалған. Осы жолы бекiнiске Орынбордан әдейi келген Тортайға араб әрпiмен қазақшалап, ант сөзiн жаздырып, өзiмен
бiрге ала шыққан. “Олармен құда боп жабысып қалмаспыз. Бұған бармақ басқанда тұрған не бар? Оны қасиеттi құран
дейсiң бе? Кейiн тана салу қиын емес қой?” — деп Хиуамен iрге ашысып алғасын, ендiгi жерде ақ патшаға арқа сүйеп
сөйлескен де терiс болмас деп түйген. Дегенмен iш жағында жатқан бiр күдiк мазасын ала берген. Әкесi бұған үнемi:
“Тiлi тәттi кiсi мен мiнезi қатты кiсiге сенушi болма”, — деп қақсайтын.
Кәзiр де ол мазасызданып iшiнен: “Адамды жақын тартып сөйлеседi екен”‚ — деп қойды. Iзiнше бойын жиып ап, ер
үстiнде дұрысталып отырып, атына қамшы салды. Ат тұяғы далиып жатқан ай тақырға iлiккесiн Егiзқарада күздеуде
отырған малды-жанды бай ауылдарға қарай соқтырта жөнелдi.
4
Араға бiр қонып, екiншi күнi дегенде Ережеп Егiзқараның кең жалпағына табан iлiктiрдi. Аттарды онша қинамайын
деп, ауанымен жүрiп отырып, ұлы сәскеге таман малды-жанды бай ауылдың үстiнен құлады. Дүзбай ауылы
маңайындағы жердiң оты тоза бастағасын, жақын арада жаңа жұртқа аударылып қонған екен. Бұлар алқа-қотан тiгiлген
жұмыртқадай ақ үйлердiң ортасындағы ең ажарлы, бау-шуы келiскен сән-салтанаттысына қарай ат басын түзедi. Түсi
бөтен қонақтарды көрiп, бiр жiгiт үлкен үйден шығып қарсы алды. Дүзбай үйiнде екен. Саптамалы, қалың табанды етiгiн
жас балаша алдына ап, жiлiк майын жағып жатыр. Ережеп iшке “ассалаумағаләйкумын” әндете созып кiргенде, Дүзбай
қысылып қап, етiгiн iрге жағына гүрс еткiзiп тастай салды да, май-май қолын берi ұсынды. Ережеп iштей жиырылды:
“Малдан басқа дым бiлмейтiн сорлы. Кiсiнiң үстiн былғаймын деп те ойламайды-ау”.
Ережеп есiктiң қыр көзiнде тұрып етiгiн шештi. Қоржынынан көксауыр мәсiсiн алып киiп, аяғын сыздана басып
төрге шықты. Дүзбай сыйлы қонақтың бүгiн осы үйге ат шалдырмақ ойы барын байқап, қызметшi жiгiтiне иек қақты. Ол
шалдың ниетiн түсiнiп, сыртқа шығып кеттi.
Мырза қалтасынан шұбыртпалы бауы бар сағатын алып қарады. Бұл ана жолы орыс бекiнiсiне iшкерiлеп кiрiп, Хиуа
қуғынынан жан сақтап отырғанында, ауылында қонып жатып Тортай төренiң Орынбордан арнайы әкеп берген сый-
сияпаты едi. Қазақ арасына үрдiс бола қоймаған нәрсе талай сасық байларды жылан арбаған торғайдай қылатын. Дүзбай
да аузын ашып қалды:
— Ережепжан, мынауың не, сағат па?
— Иә, — дедi Ережеп жорта маңызданып.
— Мұны қайдан алдың?
— Орыс күбiрнәтiрi сыйға тартты. — Ережеп аздап өтiрiк қосып жiбердi. “Бұл оны... қайдан бiлсiн”.
— Күбiрнәтiр? — Дүзбайдың жалпақ бетi қарауыта күреңiтiп, екi көзi быттиып шыға бастады. — Сонда... ана
Орынбордағы дәу ме?
— Иә, дәл өзi.