7
Тоғанақ батырдың күптi болған кеуiлi соңғы кездерi мүлдем маза таппай қойды. Әйелiнiң айы, күнi толысып, жүрiс-
тұрысы ауырлаған сайын, iшкен асы бойына батпады. Бүгiн түнде де әлденеге елегзи бердi. Жамбасына қайдағы бiр
түйiрiтпектер батып, өз өзiнен аяғы сырқырап, ұйқысын мүлдем қашырып жiбердi. Мұның сонысын сезгендей, қол
созым жерде жатқан әйелi демiн ауыр алып, кенет iстiк сұғып алғандай бақырып жiбердi:
— Ойбай! Белiм!
Тоғанақ батыр асып-сасып, төсектен атып түрегелдi. Көйлек-дамбалшаң қалпы үстiне күпiсiн желең жамыла сап,
кеуiшiн тырпылдатып, сыртқа ата жөнелдi. “Иә, ақсарбас! Иә, ақсарбас!” — деп, өз өзiнен күбiрлей сөйлеп, бәйбiшесiнiң
отауына келдi:
— Уа, бәйбiше, бәйбiше!
— Немене? — деген iштен ұйқылы-ояу дауыс шықты.
— Бол, тез!
Әп-сәтте әйелдер жиналып қалды. Бәйбiше басқа қатындарға әмiр етiп, тездетiп адалбақан құрғызды. Су ысыттырды.
Сосын толғақ қысқан жас тоқалды қолтығынан демеп, iлiнген арқанға отырғыза берiп, босаға жақта аңтарыла қарап
тұрған бұған:
— Батыр-ау, нағып тұрсың? Анаяққа барсайшы, — дедi.
Тоғанақ әбес жасағанын сонда барып бiлдi. Тездетiп сыртқа шығып, биыл бiр ауыл боп қыстаған немере iнiсi
Сәндiбектiң үйiне барды. Ол да оянып, апыл-ғұпыл киiнiп жатыр екен. Мұны көрiп, аяғына қарай тарта берген бiтеубас
саптамалы етiгiн не киерiн, не шешерiн бiлмей тоқтады. Тоғанақ ортада жанып жатқан шоқ жанындағы тулаққа отыра
кеттi.
Үй iшi тым-тырыс. Даладан ұли соққан боран үнi келедi. Мосы астында анда-санда шырт ете қалған шоқ шоршып
түсiп, бар қуатынан айрылғандай өлiмсiрей бастайды. Оңаша үй iшiнде отырған екi кiсiнiң ауыр-ауыр алған демi анық
естiледi. Екеуi де тiл-жақтан айрылғандай үнсiз. Iштерiнен не тiлеп, не қойып жатқаны бiр-бiрiне айтпай-ақ мәлiм едi.
Тоғанақ нұры тая бастаған көзiн iнiсiнiң алакөлеңкеде жалпайып көрiнген бетiне тастады. Сосын қаншама қанды
қырғынды бастан кешсе де тiлерсегi қалтырап көрмеген өзiнiң бүгiнгi абыржыған қалпына таңғалды. Әлде қарттық
жеңейiн деген бе, дедi. Басына бiр-бiрiне керағар неше түрлi ой келiп, бәрiн қолдан зорлап қашырып, кеуiлiн жақсы
тiлекке ұйыта бердi. Сүйтiп отырғанында кенет әйелдiң шыңғырып жiбергенi естiлдi. Бұл селк ете түстi. Әйел тағы да
шыңғырды. Батырдың төбе құйқасы шымырлап, добалдай қос қолымен құлағын баса қойды.
Сүйткенше болмады, жақсы көретiн жеңгесi — Сәндiбектiң шешесi — көйлегiнiң етегiне сүрiне-қабына iшке кiрiп
келдi. Тоғанақ оған қорқа қарады.
— Батыр қайным, шүйiншi! Қатының арыстай ұл тапты! — деп, асып-сасып кеп, жеңгесi мұның шаужайына жармаса
кеттi.
Тоғанақ батыр отырған орнынан екi ұмтылып тұра алмады. Жеңгесi есiн шығарып бара жатқасын, апалақтап:
— Қалағаныңды ал, — деп екi алақанын жайды.
Сәндiбек тез-тез киiнiп:
— Мен... мал соя қояйын, — деп сыртқа қарай ата жөнелдi.
Дем арасында жақын жерде отырған аз ауылдың апысы кiрiп, күпiсi шықты да қалды. Мал сойылды. Ет асылды. Жас
босанған әйелге ыссы сорпа iшкiздi. Сосын барып жеңгесi Тоғанақты сүйрегендей ғып iшке алып кiрiп, құндақтаулы
нәрестенi көтерiп, жақын алып келдi:
— Көрiмдiк бер! Болмаса көрсетпейiм.
— Қалағаның сенiкi, — дедi Тоғанақ қауқылдап.
Жеңгесi ақтыққа қатты ғып орап тастаған әлгi құндақтың бетiн ашып едi, әр жағынан нәрестенiң қызыл шақа жүзi
көрiндi. Болымсыз тiршiлiк иесi салқын лептi сезгендей құйтақандай танауын тыржитып, ерiнiн қаймаңдатты. Тоғанақ
қуанғанынан жылап жiбердi. Көзiн сүртiп жатып, от жанында көрпеге оранып отырған әйелiне назары түсiп кеттi. Әйел
жүзiне өз борышын ақтаған кiсiнiң арқайын қуанышы, қанасынан асып-тасып төгiлген аналық мейiрi, сонымен қатар
шаттық iзi өше қоймаған шаршаған рең өзара ию-қию араласып, бiр сәтке ойнап шыға келген екен...
Ертесiне ауыл шiлдехана жасап, абыр-сабыр боп жатқанда, қасына Қалдыбайды ертiп, Жәнiбек келдi. Балаға бауы
берiк болсын айтып, ол әлденеге iркiле бердi. Тоғанақ оның арнайы шаруамен осы ауылға ат басын тiрегенiн, бiрақ мына
қуаныш үстiнде айтуға ыңғайсызданып отырғанын аңғарды. Ол жайбарақат қана:
— Жәй жүрсiң бе? — дедi.
— Жәй. — Жәнiбектiң жүзi қызарғандай болды.
— Қақаған қыста кiсi жәй жүре ме? Шаруаң болса, қысылмай айта бер.
Жәнiбек тамағын кенеп, iшiгiнiң өңiрiн қаусырынып қойды. Сосын барып:
— Төке, дұрыс айтасыз, Жәй жүрген жоқпын, — дедi сабырлы қалпын бұзбай. — Анадағы хан ордасындағы мәжiлiс
есiңiзде шығар? Соны iндетiп жүрген жәйiм бар.
— Иә, сосын.
— Өзiңiз бiлесiз, мен қол бастап көрген емеспiн. Ендi аяқ астынан қыршын жастарды оққа қарсы айдасам, не
болады? Одан да талайды көрген сiздiң басшылық еткенiңiз дұрыс қой.
— Айналайын, айтқаныңа рахмет, — дедi Тоғанақ оның сөз төркiнiн алыстан болжап. — Өзiң көрiп отсың, жасым
ұлғайды. Тамыры тартыла бастаған дарақта не қуат, не көрiк қалады? Одан да жастардың өз iсiн өздерi алға апарғаны
жөн. Кәзiр қапы кетсең, ертең ұтасың. Осы... менi мазаламай-ақ қойсаңдар.
Жәнiбек одан әрi сөздi созбады. Күн кешкiрiп қалғанына қарамастан, аттарына мiнiп, ауылдарына кеттi.
Тоғанақ олар кеткесiн бәйбiшесiнiң жанында шәй iшiп отырып, алғаш рет... қорықты. Iзiнен ерген тұяғы өз қолы өз
аузына жетiп, ат жалын тартып мiнгенше жол көрсетiп, жүре тұру керек-ау, дедi. Сол екен, Қарақалпақ, Хиуалықтармен
талай рет болған қанды қырғын, талай рет құдайы қолдап, тура ажалдан қалған сәттерi көз алдында суық сәуле шаша
елестеп, төбе құйқасы шымырлап кеттi. Қолы қалтырап сала бердi. “Ендi... оққа қарсы барып, не қылам?” — дедi өзiне-
өзi.
Сәндiбек кесесiн алып берiп жатып:
— Аға, соңғы жаңалықты есiттiң бе? — дедi.