— О не? — Тоғанақ оған таңырқай қарады.
— Жақында Тиышбек Райымдағы Тортайға хат апарып берiптi. Сонда зеңбiрiктiң қалай атылғанын көрiптi. Өзiн
әлемет дейдi.
— Е, доп болғасьш, оңай ма?
— Түскен жерiн қопарып кететiн көрiнедi.
— Апырмай, ә?
— Тиышбек содан берi бiздiкi бос әуре, бәрi бiр ақ патшаға әлiмiз келмейдi деп жүрген көрiнедi.
Тоғанақ үндемедi. Бiр сәт өзiнiң өмiрi iстемеген әдiсiн iстеп, бас бағуға көшкенiн қинала ойлады. Бiреу ұрлығының
үстiнен түскендей жан-жағына қуыстана қарады. Сол арада сырттан иттердiң өршелене үргенi, аттардың сары табан
қарды күтiрлете басқаны, шана табанының сықыры, кiшкене жез қоңыраудың сыңғыры естiлдi. Екпiндеп келген шана үй
жанына кеп тоқтады. Әлдекiмнiң жекiрген дауысы шықты.
— Бұ кiм екен? — деп, Сәндiбек орнынан тұрып, сыртқа шығып кеттi.
Келген Қаратай екен. Сәндiбек қорғаушы атты казактарды басқа үйге түсiрiптi. Қаратай аман-саулық сұрасып, жас
нәрестеге құтты болсын айтқан соң, сағатының шұбыртпалы бауын қолымен сипалап, аз-кем үнсiз қалды. Аз уақыттан
кейiн барып:
— Батыр, қанша дегенмен қызмет адамымыз. Екi сөйлеу бiзге жараспайды. Баяғы сөзiңiздi пiсенттегелi келдiм, —
дедi.
Тоғанақ қабағын шытты:
— Мен екi сөйлейтiн кiсi емеспiн. Баяғы сөзiм — сөз.
— Оны бiлем ғой. Бiрақ... мына Қайып хан азғырып жүрмесе деп...
— Азғырғанға ерер бала емес шығармын.
— Әрине, әрине, — деп Қаратай басын изедi. — Бiз де құлақтанып жатырмыз, хан ордасында жиын болды деп.
Түсiнген кiсiге одан пайда жоқ. Перонскийдiң өзi менi сiзге сөйлесiп кел деп арнайы жiбердi. Мынау сый-сияпаты, —
деп, Қаратай сұлтан қызметшiсiне иек қағып, батырдың арқасына сары ала тон жапқызды.
Тоғанақ райланып сала бердi. Бiрақ төренiң жылмиған түрiн көрiп, iшi алғаш рет кiп алды. “Осынысы өтiрiк емес пе?
Ол... менi қайдан бiледi?” — деп отырса да, сырт өңiн бұзбай:
— Алдыраз болсын, — дедi де қойды.
Қаратай тiс жарып, басқа ештеңе айтпады. Сыбағалы малын жегесiн Райымға қайтып кеттi.
Түнде Тоғанақ батырдың басына алғаш рет күдiк шапты. Ол неге маған келгiштей бередi, дедi. Бұл арада қандай есеп
бар? Әлде менi Қайып хан жағына шығып кетедi деп қорқа ма? Осы соның сөзi шикi емес пе? Қарсы шықпасаң, ертең ақ
патша өзiңе жер бередi, тимейдi дегенi несi? Ақ патша үйтiп жарылқардай не iстедiм? Жоқ, әлде... Әр жағына
Тоғанақтың аузы бармады. Кезiнде көрермiз, деп, ұйып қалға жамбасын ауырсынып, бiр жағына аударылып жатты.
Сол күннен бастап батырдың бар ықылас-мейiрi жөргектегi шаранаға құлап, бар қуанышы мен алаңы сол боп кеттi.
8
Ережеп атқан асығының әлшiсiнен түсе бастағанын анық аңғарды. Ол ел iшiне сенiмдi-сенiмдi деген кiсiлерден
тыңшы қойып, Жәнiбектiң басқан iзiн аңдыды. Бүгiн оның Тоғанақ батырға барып қайтқанын Тиышбек айтып келдi.
Оның есiне анада мiнерге алған қос аттың бiрiн қасқырға жегiзгенi түссе керек, назары төменшiктеп, жапақтап сала
бердi. Ережеп iшiнен сылқ-сылқ күлдi. Тиышбек аузын қисаң еткiзiп:
— Мырза, — дей берiп едi, Ережеп:
— Жарайды, шығысы шықпай, кiресi кiрмейдi деген. Ағамның астындағы атын қасқыр тартып кетсе, оған кiм
кiнәлi? Iжтеңе етпес, — деп, сөзiн бөлiп кеттi. Сосын оған қуланып күле қарады.— Сонымен зеңбiрiктен зәрем ұшты
дейсiң бе?
— Ойбай, айтары жоқ, — деп, жаңа ғана, жүзi жасып отырған Тиышбек тез өзгерiп, суға қоя берген балықша
жайраңдап сала бердi.
— Мен оны... бiлем ғой. Сен сол көргенiңдi мына қараңғы халыққа айт. Азғырынды сөзге ерсе, ертең майданда төсек
боп қаласың де.
— Оны айтуымнан кемiстiк жоқ.
Ережеп аз-кем ойланды. Тиышбекке көзiнiң астымен қарап қойып, өзiне сенiмдi атқосшы керектiгiн есiне алды. Неге
екенi белгiсiз, соңғы кездерi Шәки iшiн суытып, бойын сездiрмей аулақ сала бастады. Әсiресе әйел алғаннан берi өзгерiп
барады. Шамасы, оның құлағына Көпжан сыбырлайтын болса керек. Қарулы, аңқау жiгiт кезiнде бұған майдай жағып
едi. Соны жұмсап, талай елдiң малын жұмырына тығып жiбердi. Ел iшiндегi дау-дамайға да соны пайдаланатын. Сүйтiп
жүрiп бұл Шәкимен iшек-қарнының араласып кеткенiн байқамай да қапты. Ендi саяқ тарта бастаған жiгiттi мойнына
бұйдасын сап қоя берсе, өз шаңын өзi қаққандай болмай ма? “Жоқ, үйтуге болмайды”, — дедi ол iшiнен.
Сол арада есiне басты шаруасы түстi. Соған мына бәтуасызды ерте жүргеннiң тиiмдiлiгiн бiлдi. Әмiр етiп, тездетiп
атқа ер салдырды. Аздан кейiн Тиышбек екеуi уәделi жерге қарай келе жатты.
Кешелерi Қаратай сұлтан арнайы хабар жiберiп, мұны Қайып хан мен екi ортаға мәмiлешi бол деп өтiнген. Ендi
шегiнудiң ретiн таппай, бұл келiскен. Шабарманның айтуынша, Қаратай сұлтан екi жүздей атты казакпен кеп,
Тоғанақтың Қорқыттың сабатында отырған ауылын басып жатыр. Қайып хан тiлдесуге ыңғай бiлдiрсе, жақын арада
кездеспек. Ережеп бiр есеппен, осы келiссөздiң басы-қасында болғанын жөн көрдi. Кiм бiлiптi, сөз iләмдерiнен қалай-
қалай аяқ басу керектiгiн аңғарып қалармын, дедi.
Оның сөзi Қаратаймен қысқа болды. Не айтып, не қою керектiгiн бiлiп алғасын, қасына елу шамалы атты казак
әскерiн ертiп, жолға шықты. Қасына Тиышбектi ерттi. Сосын өзi топ алдында ешкiмге мойын бұрмастан, қасқайып
тартты да отырды. Ара-тұра жанында қас пен қабақ танитын тазыша о жағына бiр, мына жағына бiр шығып, жалпаңдап
келе жатқан Тиышбекке көз қиығын тастап қояды. Iшiнен ертең өзiнiң ақ патша қолын ертiп, ханға барғанын, онымен
терезесi тең кiсiше шiренiп сөйлескенiн мына ауызы дуасыздың жалпақ жұртқа бiр күнде жаятынын бiледi. Өзiне керегi
де сол. Сосын алып-қашты әңгiмеге құмар жұрт бұл десе, көзiн жұмып, басын шұлғиды да қалады.