Стр. 73 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Ережеп осы жолы жасырынбай, бұру болса да, әдейi бай ауылдардың үстiн басып жүрдi. Қарулары салдыраған атты
әскердiң алдында көрген кiсiнi шошытып, өзi жүрiп отырды. Тайпан, Дүзбай ауылдарына әдейi соғып, ат шалдырып
алды. Жөнiн сұраған Дүзбайға:
— Перауский арнайы кiсi жiберiп, Қайып ханмен сөйлесiп көрсiн дептi. Сосын амалсыз атқа қондым. Болмаса кәзiр
қыдыратын уақ па? — дедi маңызданып.
Дүзбайдың көзi быттиып кеттi:
— О кiм, ақ патшаның өзi ме?
— Өзi емес, оң қолы. Мына Орынбор шәрiн сұрап тұрған әйдiк ұлық.
— Апырмай, ә?
— Ойбай, айтары жоқ. Кәзiр мырзаның абырайы үш жүз түгел, анау Ресейге тарап отыр. Өткенде Райымдағы
ұлықтың мырзаға қайта-қайта сәлем айт деп, жалпылдағанын өз көзiммен көрдiм, — деп, Тиышбек мақтаудың әрi мен
ажарын келтiрiңкiреп жiбердi.
Тайпан ауылында да Тиышбек мақтауын құлпырта айтып шықты. Бұлар жабындыдан шыға келгенде, самсаған сары
қолды көргендей иттер үрiп, бала-шаға жылап, қатындар бажылдап, қыз-қырқын күркеге зып берiп, ауыл әбiгерге түстi
де қалды. Ережеп ол ауылда ұзақ айналмай‚ қайтадан атына мiнiп жатып, Тайпанға:
— Ақ патша әдейiлеп кiсi жiберiп өтiнгенсiн, лажым құрып, бара жатырмын. Болмаса... шаруам бастан асып жатыр
ғой, — деп, астындағы атының әдемi май бүлкiлiне сап жөнеле берген.
Былай шыға бере: “Осының өзi қалай?” — деп, алды-артына және бiр көз тастап шықты. Қайып хан сөйлесе қояр ма?
Әлде... масқара қылғанда, ұстап ап, дарға асып жүрмесiн? Ау, онда Қаратай хан ауылын шабамыз деген жоқ па? Егер ол
өтiрiк айтса ше? Онда бiр сыласын табу керек. О не сонда? Ол ер үстiнде қозғалақтап қойып, осы жолы хан алдына
кiшiрейiп барғанның жөн екенiн пайымдады.
Ережеп қолтығына тыққан хатты қолымен сыртынан басып қойып, не деу керек екенiн пайлады. Сол бетiмен түске
таман Егiзқараның терiскей жонын қыстап отырған хан ауылына құлады. Әуелi Тиышбектi жұмсап ап, өздерiнiң жөн-
жосығын бiлдiрiп, негiзгi бұйымтайын жеткiздi. Хан ордасында мұны қабылдайтын болды.
Ол ауыл iшiне кiргесiн, әскер басыға аттан түспеңдер аса сақ болыңдар деп тапсырды да, атының тiзгiнiн Тиышбекке
ұстата сап, хан ордасына кiрдi. Өрекпiген кеуiлiн зорлап басып, сегiз қанат ақ үйдiң төрiнде тақта отырған Қайып ханға
қарап, қолын кеудесiне қойып, басын идi:
— Ассалаумағалайкүм, тақсыр!
Қайып хан тәкәппарлықпен басын сәл изедi де қойды.
— Хан тақсыр‚ — дедi Ережеп саспай сөйлеуге тырысып, — өткенде келе алмағанына афу өтiнем. Суық тиiп үйден
шыға алмадым. Ендi жазыла бастағанымда, мына ақ патша әскерi ауылыма сау ете түсті. Арасында Қаратай дейтiн
сұлтан бар екен. “Мына хатты Сiзге апарып бермесең, ауылыңды талаймыз” — дедi. Сосын... лажсыздан келiп отырмын.
Мiне, хаты. — Ол хатты ұсынды.
Қайып хан қасында тұрған Нақыпқа иек қаққандай болды. Нақып аяғын тез басып кеп, қолынан хатты алып жатып,
бұған барлай, тесiле қарады. Оның назары өңменiнен өтiп кеткен Ережеп ыңғайсызданғанын сездiрмеуге тырысып, көзiн
тайдырып әкеттi.
— Қаратай басқа не дедi? — дедi Қайып хан даусы күңгiрлей шығып.
— Сiзге айтар бiр ауыз сезiм бар дейдi. Келiссе, кездесетiн жерiн белгiлесiн деп жатқан.
— О не сөз екен?
— Ояғын бiлмедiм.
— Жарайды, — деп, Қайып хан Нақып берген хатты ашып, оқи бастады. Ара-арасында тыжырынып қалады.
Ондайда маңдайына сұсты әжiмдер бiлемденiп, ойнап шыға келедi.
Ережеп қорқайын дедi. Есiк алдында жалаң қылыштарын ұстап тұрған екi құлға сескене көз тастады.
— Жарайды, — дедi Қайып хан хатты арт жағына тастай сап. — Сонымен, маған айтар сөзiм бар дей ме, әлде бұл
мәмiле ме?
— Хан ием, ояғынан мен бихабармын. Менi зорлап жұмсады. Болмаса сiзге келердей менiң қандай хақым бар? —
деп, Ережеп басын идi.
— Жарайды. Ендеше Қаратай сұлтанға айта бар, мәмiлеге қарсы емеспiн. Маған аманатқа iнiсi Тортайды берсiн, ал
мен оларға аманат қып Нақыпты берем. Кездесетiн жерiм... — Ол ойланып қалды. — Кездесетiн жерiм... Өзiң осы сөздi
қозғап жүрсiң ғой, мен сенiң ауылыңды таңдап отырмын.
Мұны естiген Ережептiң иманы ұшып кеттi. “Шығыны шаш етектен келедi ғой”, — деп, қатты абыржып:
— Тақсыр‚ сiз бiздiң әр кезде қалаулы қонағымызсыз. Өзiңiз бiлесiз, кәзiр сойысқа мал жоқ. Осы... мәмiленi жазға
қалдырса кәйтер едi? — дедi. “Жер аяғы кеңiгесiн, ешқайсысына құйрығымды ұстатпайым ғой”.
— Оны... ана Қаратаймен сөйлес.
Ережеп сөз бiткенiн аңдап, екi құлдың жанынан қорқасоқтай өтiп, сыртқа тез шықты. Келе атына асығыс мiне сап,
жөнеле бергенiнде, iштен Нақып атып шығып, келе мұның тiзгiнiне жармасты. Оның көзi қасқырдың көзiнше жанып тұр
екен. Ол бұған ожарлана қарап:
— Сен қу осы өтiрiк айтып бара жатқан жоқсың ба? — дедi.
— Құдай хақ. Нан тебейiн, құран тебейiн! — дедi Ережеп дыбдырлап.
— Байқа, ертең патша әскерiн осында құлатсаң, ұстап ап, қойша мауыздайым.
—Үйтiп... менi перi қағып па?
— Онда... мынаны аманатқа тастап кет, — деп, Нақып көз iлеспес жылдамдықпен мырзаның жанында үрпиiп тұрған
Тиышбекке бас салды. Ананың бажылдағанына қарамастан, бiр жұлқып, ер үстiнен жұлып алды.
Тиышбектiң жан даусы шықты:
— Ойбай, өлдiм!
Тiзгiнiн босағанын сезген Ережеп атын қамшымен тартып қалды. Астындағы мықты ат ала жөнелдi. Атты казактар
да шыдамсызданып тұр екен, мұның соңынан салды. Елiрген аттарды еркiне жiберiп, олар қозы көш жерге дейiн жарыса
шапқылады. Бiраздан соң бәрi арттарынан қуғын шықпағанын көргесiн барып, тiзгiн тартып, сары аяңмен жүрiп
отырды.