Ережеп табан астында жағдайды бұлай күрт өзгерiп кетедi деп ойламаған-ды. Ендi Тиышбектiң қолда қалғанын
ойлап, қорқа бастады. Ол аузына келгенiн аталап, мұның не iстегенiн айтып қойса, Қайып ханнан жақсылық күтпе.
Ережеп алас-қапаста... дәл бүгiн қыстауынан үдiре көшпесе, ертең жер соғып қалатынын сездi. Әскерлердi ертiп, дереу
ауылына келдi. Түйелерге жүктердi тездетiп тиетiп, артық бұйымдарын төбе басындағы төртқұлақ iшiне тықтырып, түн
iшiнде ауа көше жөнелдi. Мұның бағына қарай, сол түнi терiскейден жел көтерiлiп, шынылана бастаған көне қарды
суырып әкеттi. Ережеп өзi көш алдында жүрiп отырып, жықпыл-жықпылды қуалап, Сырға құлады. Жалтыр мұздан
түйелердi абайлап өткiзiп алғасын, тура Жаңадарияға қарай тартты. Екi-үш төбеден асқасын, олар терең жарға кездестi.
Бұл араны Ережеп жақсы бiлетiн. Көштi ойға түсiрiп, тездетiп қараүйлердi тiккiздi. Лаулатып от жақтырып, тоңа
бастаған бала-шағаны тон, iшiкке орап жатқызды.
Өзi сiлесi құрып шаршағанын сонда барып бiлдi. Тұла бойы сал болып, кiрпiгi iлiнiсе бердi. Атты казактар да
қажыған екен‚ олар үш үйге бөлiнiп түсiп, жата-жата кетiстi.
Ертесiне елең-алаңда Ережеп қайтадан атқа қонды. Түндегi ұлыған жел тыныпты. Аспан шәйдай ашық. Кiршiксiз ақ
қар күн сәулесiне шағылысып, көз қаратпайды. Ол Сырдан өткесiн, Тоғанақтың ауылына тура тартты. Қорқыт
сабатының шетiне жете бергенiнде, қарсы алдынан бiр алтайы қызыл түлкi шыға келдi. Ол тоқтай қап, бұларға аз-кем
қарап тұрды да, құйрығын бiр бұлғаң еткiзiп, керi салды. Соны көрiп, Ережептiң аңшылық құмарлығы қозып кеттi. Атын
қатты тебiнiп қап, алтайыны қуа жөнелдi. Мұның соңынан атты казактар да қиқулай шауып келедi. Ережеп ат үстiнiң
ұрысына жастайынан мықты едi. Талай рет не бiр алтайыны қамшымен соғып алған. Осы жолы да сонысына бағам деп
едi, қызыл түлкi әккi екен, қайдағы бiр iндiгеш, борпылдақ жерлермен қашып отырды. Тақа болмағасын ол Қорқыт
төбесiнiң арғы ойындағы қалың жыңғылға қойып кеттi. Ережеп түлкiнi одан да қуып шықты. Ендi алтайыны ашық
тастық жазыққа айдап шығып, соғып алам ғой дегенiнше болмады, кенет түлкi керi бұрылып, ырылдап, алдыңғы екi
сойдақ тiсiн көрсетiп, мұның өзiне қарай қарсы шапты. Ол келе, тiсiн ақситып, атының танауына қарай шапшыды. Аты
үркiп кеттi. Ол керi шегiне берiп, артқы аяғы әлдеқандай шұңқырға кiрiп, шалқ ортасынан құлады. Алас-қапаста Ережеп
тiзгiндi қоя берiп, ердiң қасына жабысып, аяғын үзеңгiден босатып алуға тырысты. Бiрақ үлгермей, жерге атпен бiрге
құлап түстi. Бiр аяғы аттың астында қалды. Кейiннен қиқулап жеткен атты казактар мұның үстiнен дүсiрлетiп өтiп ба-
рып, керi қайырылды. Ережеп аяғын шаққа дегенде босатып, орнынан ұшып түрегелдi. Атын делбеп, орнынан тұрғызды.
Анадай жерге ұшып кеткен тымағын ап, басына киiп жатып, жан-жағына жалтақтап қарады. Өрттей қызыл алтайы түлкi
мұны мазақтағандай құйрығын бiр бұлғаң еткiзiп, ақылы кем айласызға алдыруы мүлдем қиын, қай талапкерден де
сақтық, әулық, сабыр, қажырды керек етер жықпылы көп қалың жыныстың iшiне кiре берген екен.
Ережеп соны көрiп, ерiксiз күрсiндi:
— Әй, сұм дүния-ай!
9
Нақып санын бiр-ақ соқты:
— Қап, мына түлкiнi-ай! Жер соқтырып кеткенiн қарашы!
Өркөкiрек, өктем сөйлеп үйренiп қалған Нақып жан-жағында ошарылып тұрған жасауылдарына тiктеп қарай
алмады. Қара сұр жүзi қуарып, қанын iшiне тартып ала қойды.
Кеше осы жорыққа шығуға ағасы Қайыпты зорлап көндiрген өзi едi. Тиышбек қолға түскесiн, оны лақша бақыртып,
сүйреп апарып, жасауылдардың ортасына тастаған. Жеген таяқ пен тепкiден кейiн Тиышбек сайрай жөнелген.
Ережептiң орыс жағымен байланысы барлығын, мұны Райымға ақы берiп жұмсағанын мөңiретiп тұрып айтып берген.
Нақып оны көк желкесiнен бiр нұқып сұлатып, ентiгiп ағасына барған.
— Аға, жаңағы қу ақ патшаның жансызы боп шықты. Жасауылдармен iзiнен қуайын ба? — деген ол аптыға сөйлеп.
— Қойшы?! — Қайып жүзi сәл қуарып, орнынан түрегеп кеткен. — Өзiм де солай ойлап ем-ау! Оны... қуғанмен, ала
алмайсың. Одан да... ауылын шап.
Содан Нақып атқа қонам дегенше қараңғы түсiп кеткен едi. Бұл өңiрдiң жер жағдайын жақсы бiлмейтiндiктен,
таңның атысын күтiп қалған болатын. Содан таң бозара бере жүз қаралы жасауылды ертiп, аттарын ширақ жүргiзiп
отырып, Ережептiң қыстауына жетсе... көне жұрттың орны ғана жатыр.
Нақып қатуланып, жаман ат үстiнде тура соққан мұздай желден бiр қырындап, бүрсеңдеп тұрған Тиышбекке тап
бердi:
— Сен осы... бiздi алдап тұрған жоқсың ба?
Зәресi ұшып кеткен Тиышбек қалбалақтап:
— Мiне, жаным, мiне, иманым, — дедi.
— Ендеше... сол жаныңды шығара қояйын. — Нақып келе оның жағасынан ұстап, қарулы саусақтарымен
қылғындыра бастады. Тиышбек тынысы тарылып, көзiнiң қарашығы айналып кетiп, жалма-жан Нақыптың қолына
жармасты. Бiрақ қарулы қолға шамасы жетпедi. Сәлден соң қол-аяғынан әл кетiп, сiңiрлерi сiресiп, серейдi де қалды.
Аузынан сасық ақ көбiк шыға бастады. Кiжiнген Нақып оның қиналған түрiне масайрай қарап, аз-кем тұрды да, кенет
темiрдей саусақтарын босатып жiбердi. Әлi құрыған Тиышбек жан себелеп, екi қолымен кеудесiн басып, ердiң қасына
қарай еңкейе бердi.
Жасауылдар қарк-қарқ күлдi:
— Жан, шiркiн, неге сонша тәттi екен?
— Итiнiп-соғынып жүрген бұған да тiршiлiк қымбат!
— Iждеме етпес. Аман қалғаның олжа!
Нақып сұп-сұр боп, есiн жаңа жиған Тиышбекке найсаптана қарады:
— Оның... бұрынғы қыстауы қайда?
Тиышбек сақауланып, шаққа тiл қатты:
— М...м...мы-ы-ына Қ... қ... Қуаң жағында.
— Жүр, баста солай қарай!
Найзаларының болат ұштары күн сәулесiне жылтырай шағылысқан сұсты топ салдырта жөнелдi. Еш жерге тоқтамай,
көкше мүзын басқан қарды жел суырып, жалтыратып тастаған Сырдың Ақсуат түсынан кеп өттi. Қылышбайдың кезiн оң