Стр. 76 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Ақкербез iшке зып бердi.
Осы кезде үлкен отаудан шыға келген Малдыбай Тиышбекке қарап ақырды:
— Әй, жаман, бiр тумасаң да, бiрге туғандай боп жүр едiң. Тапа тал түсте ауылымның үстінен әскер құлатып, бұ
нағылғаның?!
Тиышбек жыламсырап қоя бердi:
— Мәке, мен сорлыда не ерiк бар? Мыналардың айдаған жағына қарай жүрiп келем.
Жасауылдар үш-төрт үйге бөлiнiп түстi. Малдыбай Нақыппен аман-саулық сұрасып отырып:
— Сонымен Тиышбектi орысшыл дейсiң бе? — дедi.
— Иә. — Нақып оның жүзiне найсаптана қарап қойды.
— Қарағым, бiлмей айтып отқан шығарсың. Бұл өзiмiздiң елдiң кiсiсi. Ауылы осы арадан қашық емес. Мұны
орыстың ұлығы нағылсын?
— Е, Мәке, сүйдесейшi, — деп, Тиышбек ыржаң етiп, Малдыбайдың жүзiне тағы да айта түс дегендей, көзiмен
ишарат жасап, жампаңдай бастады.
— Онда... сен неге ана Райымға барып жүрсiң? — деп, Нақып оған қадала қарады.
— Ау, жаным-ау... мал берем дегесiн, бара салып ем. Соңының былай болатыны мен сорлы қайдан бiлейiн? Оның
үстiне... керiлетiндей менiң қай бiр тышқақ лағым толып тұр? Сосын... кәсiп қылайын деп... былай...
Қалдыбай Тиышбекке қарап:
— Қасқа, бес қуырдақтан ауыз майлаймын деп, жұғынына зар боп қалған екенсiң, — деп, сықақтап күлдi.
— Иә, айтпа! Өзiмдi де ататын кiсi жоқ.
Жасауылдар қайта жолға шығарда Тиышбек Малдыбайдан аяғының желi бар, белi мықты, тағалаулы бiр атты сұрап
мiндi. Олар аздан кейiн Сырға құлады. Дарияның жағасына жете бере Тиышбек керiлiп жатқан көк айдынға көз тастап
тұрып, дереу аттан домаланып түсе қалды да, iшiгiнiң екi шалғайы жалпылдап, жүгiрiп барып, жағадағы көк мұзды
аяғымен теуiп көрдi. Сосын басын шайқап, атына қайта мiндi. Нақып оған таңғала қарап:
— Не болды? — дедi.
— Мұз әлсiз. Топтанып жүруге болмайды. Кәуiптi, — дедi Тиышбек жерге шырт түкiрiп.
— Ендi не қылдық?
— Жарайды, хан ием үшiн жан пида. Әуелi өзiм өтiп көрейiн, — деп, Тиышбек астындағы атын тебiнiп қалды.
Нақып шынымен мұз әлсiз болса, болар деп ойлады. Өмiрi мұндай ұлы дарияны көрмеген ол шыныланып жатқан
көкше мұз үстiнде тағалы атпен тайпалтып бара жатқан Тиышбектiң соңынан телмiре қарады. Ананың тоқтар түрi жоқ.
Дарияның ортасынан аса бере ол кiлт бұрылып, батысқа қарай салды. Бiраз ұзағасын барып, Тиышбек артына бұрылып,
өңешiн жырта айқайлады:
— Әй, Қайыпқа сәлем айт! Ертең төбесiне бар ғой... зеңбiрiктiң добын құям дедi де!
Нақыптың жыны қозып кеттi:
— Ана иттi ұстаңдар! — деп, атын қамшымен тартып кеп қалды.
Кешелi-берi тынығып қалған ат iлгерi ұмтылды. Оның соңынан жасауылдар да салды. Сол қалпымен қиқулаған топ
екпiндеген бойы жылтыр мұзға қойып-қойып кеттi. Бiрақ тағасыз аттар тайғанақтап, бауырларын жаза алмай,
бүгежектей бердi. Жынданған Нақып атын қайта-қайта сабалап, әке-бабадан бермен қарай сыбай жөнелдi. Үрiккен ат
қарғып барып, табанымен тiрей алмай, сырғанап, кенет артқы екi аяғы бүгiлiп кетiп, төсiмен құлады. Нақып ер үстiнен
ұшып түстi. Оның соңынан дүсiрлете кеп қалған жасауылдардың аттары үркiп, керi шапши берiп, бiр-бiрiне
соқтығысып, ұмар-жұмар боп құлай бастады. Бiр сәтте аттар шыңғырып, кiсiлер айқайлап, дария үстi жойқан төбе
болды да қалды. Сәлден кейiн бiр жерге шоғырланға аттар мен кiсiлердiң салмағына шыдамай, мұз сытырлап, жарық
ашып, әр жағынан мөлдiреген су көрiндi. Сол екен, ендi бiр сәтте, көздi ашып жұмғанша бес-алты ат құлындағы даусы
құраққа шыға кiсiнеп, суға құлап, алдыңғы аяқтарымен алас ұра жанталасып есе бастады. Бiр жасауыл суға құлаған
атының шылбырынан тарта берем деп, жылтыр мұзға табаны тоқтамай, тайғанақтап барып, мөлдiреп жатқан суға гүмп
ете түстi. Қорқып кеткен жасауыл бiрдеңе деп барқырай айқайлап, екi қолымен суды шолпылдатып, су жұтып, ауыр
киiмi малтуға мұрша бермей, тез арада бата бастады. Сол арада бес-алты жiгiт ұзын сапты найзаларын созып, оны шаққа
дегенде шығарып алды. Ал ойыққа түсiп кеткен, әлi құрыған аттар ақырғы рет қайрат қып, алдыңғы аяқтарымен
опырылған мұз үстіне асылып, көздерi аларып, кiсiнiң төбе құйқасын шымырлата кiсiнедi де, ауыр салмақтарымен мұз
астына қарай кете барды.
Нақып осы кезде жағаға шығып, алды-артына қарамай жосып бара жатқан Тиышбекке ызалана қарап:
— Қап, бәлем, тұра тұр, — деп жұдырығын түйдi.
Нақып араға екi-үш қонып, хан ордасына жеттi. Орыстардан iштей кәуiп айлаған Қайып хан көне жұртқа он шақты
төлеңгiтiн қалдырып, өзi жаңа орынға аударылып қонған екен. Ол мұның сөзiн тыңдап боп, үнсiз отырды да, әлден
уақыттан соң барып:
— Ертең Тоғанақ батырдың ауылына барып қайт, — дедi.
— Неге?
— Хат жазып берем.
Ертеңiне жасауылдармен Нақып Тоғанақ ауылына құлай бергенде, қыстау жанында ошарылып тұрған күймелi
арбаны, әбзел тұрманы бөлек аттарды көрiп, ерiксiз тоқтай қалды. Ол биiк қара төбе басында тұрып, ойдағы ауылға
барлай көз тастады. Бұларды олар да байқаса керек, мылтық, қылыштарын асығыс ала сап, қараүйлерден жүгiре-жүгiре
шыққан атты казактар аттарына жапырласа мiнiп жатыр. Соны көре сап, Нақып ендi кiдiрсе, өздерiнiң жағдайларының
қиынға айналарын бiлдi де, атының басын асығыс бұра сап, керi салды.
Атты казактар бұлардың iзiнен көпке дейiн қалмай, ерiп отырды. Бiрақ өздерi батып, тиiспедi. Жасауылдар да қарсы
шаппады. Нақып түлкi бұлтаққа сап, сайын даланың сай-саласымен жүрiп отырып, қуғыншылардан көз байлана, шаққа
дегенде қара үзiп кеттi. Ендi жасауылдар бұрынғыша дабырласпай, сақырлаған сары аязда аттарының ыссы демдерiн
бұрқыратып, ширақ жүрiп отырды. Топ алдында келе жатып, Нақып өздерiнiң өрiсi тарыла бастағанын, ақ патшаның
Сыр өңiрiне де қадам басқаны жөнiнде қинала ойлады. Сосын iшiнен: “Сорлы қазақ! Аңқау қазақ! Сенен асқан жаугер,
сенен асқан үркек ел бар ма? Бауырыңа кiрген жыланды басына ақ құйып шығарам деп жүрiп, оның шаққанын бiлмей де
қаларсың әлi!” — деп, бiр түрлi боп, қоңырайып сала бердi.
Кешкi аязда батыстан бұлаңытып, шатынай қарап, бiр әйдiк жұлдыз шақшияды.