10
Ақкербез ақ тушасын қатты аяды. Найза алдыңғы тар қолтықты тесiп өткен екен. Ол қан аққан жерге киiз күйдiрiп
басты. Сосын ақ шүберекпен жарасын таңып тастады. Мұның соншалық мейiрбандықпен асты-үстiне түсiп жүргенiн
көрген ақ туша сарғыш көздерi мөлдiрей бiр түрлi боп қарап, мекiренiп, мұның қолын иiскеледi. Биыл ақ туша қысыр
қалған едi. Еншi малын Ақкербез отар арасында жүрген көп ешкiге қостырмай, ауылда алып қалған. Күзде жабағы
жүнiн өзi қырыққан. Кәзiр өңi жетiлген қылшық жүнi ұзарып, ақ күмiсше жалтырайды.
Ол ешкiсiн аяп отырып, ерiксiз Жәнiбектi ойлады. Анада ұрын келiп кеткеннен соң, оны көрген жоқ. Жiгiт бұл
түсiне қоймайтын қайдағы бiр дау-дамайға араласып, шапқылаумен жүр. Әнеу күнi оның Қоқан жағына барып
қайтқанын естiп, iштей марқайып қалған. Iзiнше: “Ояқ-та... қарап жүрдi деймiсiң? Егер сүйтсе”, — деп абыржып, аласы
мол қара көзi керегенiң көгiне қадалып, демi дiрiлдеп, iштей қызғанған едi. Содан берi бұл өзiмен-өзi боп жүр. Жақын
жеңгелерiмен де сырласпайды. Iштей Жәнiбек тезiрек келсе екен деп тiлейдi. Түн баласында өмiр қуаты тұла бойына
шiрей толып, тыншытып маза бермей, жеңсiк асын iздеген жас тәннiң лапылына орап қойып, әрлi-берлi аунақшытады.
Тақа болмағасын Ақкербез үстiне жамылған жеңiл көрпенi көкiрегiне қыса түсiп, күйiп-жанып, демi ысып, төбеге
қадалып жатып алады. Бүгiн де ол өз жалынына өзi өртенiп шықты.
Сол үстiне шешесi келдi. Жасы ұлғайып етжең тарта бастаған анасы аяғын ауыр алып, мұның жанына кеп тоқтады:
— Балам-ау, мынауың не?
Ақкербез ыңғайсызданып, басын төмен ие түстi:
— Жәй, жарасын таңып...
— Қойшы, сен де бiр, — деп, шешесi жақтырмай қабағын шытты.— Немене соншама өлiп-өшiп? Әлден елжiреуiк
болсаң, ертең қалай боласың?
Ақкербез сол арада жас кезiндегi еркелiгi ұстап кетiп, шешесiнiң мойнына асылды.
— Апа, — дедi ол шешесiнiң құлағына сыбырлай сөйлеп. — Апам жақсы ғой.
— Кетшi әр жәркеленшiмей. — Шешесi жорта керi итердi.
— Ал, кетпейiм. Нағыласың?
Апасы мейiрленiп сала бердi:
— Нағылайын! Бой жетiп қалсаң да, өзiме әлi баласың. Ақ қозым!
— Ақ тушам де!
— Ақ лағым.
Ақкербез сықылықтап күлдi:
— Ендi не қалды?
— Ақ ешкiм, — деп, шешесi де күлдi.
Ақкербез шешесiн өзiне қарай тарта қатты қыса түсiп, демi дiрiлдеп, сыбырлай сөйлеп:
— Апа, бiрдеме айтсам, ұрыспайсың ба? — дедi.
— Айта ғой.
— Айтсам... — Қыз батпай, iркiлдi. — Ол...ол... қа-ша-ан келедi?
— Асықпа. Ендi аз қалды ғой.
— Оны... соғысқа барады деп...
— Иә, ел сүйдейдi. — Шешесi күрсiндi. — Ел басқару оңай ма? Жұрт баста дегесiн, бастамасқа лажы жоқ.
— Егер оқ тисе...
— Тәйт, үйдеп жамандық шақырма. Қалың өрт iшiнде де бiр тал мақтаны сақтайды деген. Маңдайыңнан көресiң де.
— Сосын шешесiнiң жыны келiп: — Осы шалы түспегiр де керiлiп-созылып жатып алды. Былтыр күзде-ақ... — дедi.
Ақкербез шешесi шаруасына кеткесiн, ауыл шетiнде жеке қараша үй тiгiп, ұсталық жасап жатқан Разаққа келдi.
Маңғал бас, екi бетi шығыңқы Разақ ұста кеше мұның мойнына салатын алтын алқаны өлшеп көру керек деген едi. Сол
қамшы боп, iшке кiргенiнде, бiрден әлдеқандай күйген темiрдiң қоңырсыған исi араласқан жылы леп бетiне ұрды.
Ысылдай үрлеген көрiктен қызара түскен сексеуiл шоғынан қара үй iшi жанып кетiптi. Балқыған темiрдiң көңiрсiк исi
қолқаны қабады. Разақтың жалғыз өзi екен. Көмекшi бала үлкен үйге айран iшуге кетiптi. Ол жанынан орынды көзiмен
нұсқап:
— Берi кел, — дедi.
Ақкербез оның жанына аяғын имене басып тоқтады. Разақ ұста әр жағында жатқан қобдидан шұбыртпалы бауы бар,
салпыншағы көп алтын алқаны алып, жоғары көтердi. Сосын көзi жылтырап, қулана күлiп тұрып, алқаны мұның
мойнына кигiзе бердi. Сол арада оның дөрекi қолы мұның үлпiлдеген тамағына тиiп кеттi. Ақкербез қымсынып, басын
керi тартты. Разақ қуақылана күлдi:
— Iждеме етпейдi... Ертең... үйренесiң ғой.
Қыз ұялып, терiс қарады.
— Мiне, дұрыс. Әдемi, ә! — деп, Разақ алқаның салпыншағын жөндеген боп, мұның тырсиған омырауына қолын
апарып та қалды.
Ақкербез керi шегiндi: “Мына, шiркiн, кәйтедi, әй?”
Разақ сайқылана күлдi:
— Мiне, жақсы. Мына алқаны көрген жiгiт... кәйтiп шыдайды дейсiң?
Ақкербез ұялып, мойнындағы алқаны сыпыра бастады. Сол арада Разақ мұның бiлегiнен қыса ұстай алды да, жүзiне
тура қарап:
— Сен өзiң... зергердiң еңбек ақысы не екенiн бiлесiң бе? — дедi.
Ақкербез үндемей, қолын босатып алғысы кеп бұлқынып едi, Разақ жiбермей, мұның нәзiк бiлегiн добалдай
саусақтарымен қаттырақ қысып тұрып, жүзiн жылыта ыржиып:
— Ендi... бәрi бiр емес пе? Өлшеуi кеткен кенеп қайтып орнына келмейдi. Одан да жастық шақта ойнап-күлiп
қалғаннан дұрысы жоқ, — деп, бұған арсыздана қарады.