күйреп те бiтедi. Бұл қаперлерiне кiрмейтiн Хұдаяр да, Насрулла да, Мұхәммәд-Инақ та қара бастарының қамдарынан
аса алатын емес. Олар мынадай қысылтаяң тұста тiзе қосу орнына, ертеректе бiр-бiрiне кеткен еселерiн қайтару жағын
ғана көздейдi. Осы да халық басқаратын, ел қамын жейтiн кiсiнiң шаруасы ма? Өкiнiшке орай, кәзiр озық ойлы, нағыз
азаматтардан гөрi жылмақай, жағымпаз, иманын бiр тиынға сатып кететiндердiң құйрығы таққа тезiрек тиетiн боп жүр.
Ондайлар қарамағына өзi сияқтыларды ғана жинайды. Ондай пысықайлардың наны ашыған мына қиын заманда дұрыс
жол таба қою оңай емес. Ядгарбек осы сапардан да сондай жол табу керектiгiн сездi.
Уәйiс-Ниязбен анықтап сөйлестi. Сүйтсе, қол құралып қалды деген жалған сөз екен. Жиналып болды деген қазақтар
әлi де әрi тарт та, берi тартпен жүр. Осы нәрсенi өсiре айтып, жоқты бар деп, жалған ақпар беретiн төменгi
жақтағылардың кесiрiнен сарай маңында жүрген кiсiлер қаншама босқа дүрлiгiп бiтедi десеңшi. Осы жағдай кәзiрде де
болып отыр. Соған сенген Хиуа ханы мұны Қожаниязға жiбердi. Ертең шаруа бiтпесе, кiнәлi бұл боп шыға келедi. Соны
Уәйiс-Нияз да бiлетiн сияқты, ол сөз арасында жылмия күлiмсiреп қояды.
Ядгарбек өзi анықтап сөйлеспек боп, Жәнiбектi шақырып алды да, одан мән-жайға қанды.
— Дұрыс, — дедi ол сақалын сипалап отырып. — Сонда Тоғанақ батыр бiзге қосылмайды ғой.
— Иә.
— Не себептi?
— Себебi... — Жәнiбек қысыла күлiмсiредi. — Оны... өзiңiз бiлесiз ғой.
— Жоқ, бiлмеймiн. О не?
— Анада сардарыңыз батырдың iнiсiнiң ауылын шапқан.
— Е, солай де. Ал Қайып хан ше?
— Қайдам.
— Ол Хиуаға елшi жiберiп, көмек сұрады. Хан бiздi қолдауға тиiс.
— Ол ендi... ханның өз шаруасы.
Ядгарбек мына жiгiттiң сақтана сөйлеп, тiлiне қарауыл қойып отырған түрiн ұнатпады: “Бұл... өзi... былай бiзге
өкпелеп жүр ме?” Сол арада оның есiне Қоқанға бiрге барған сапары түстi. “Әлде өзiн... келiссөзге қатыстырмады дей
ме? Ол деген... құпия ғой!”
— Ал... қазақтардың өз ықыласы қалай?
— Бiлмедiм.— Жәнiбек екi иығын қиқаң еткiздi.
— Сен — бiздiң сардарымызсың. Сонда оны сен бiлмегенде кiм бiледi? — дедi Ядгарбек тiктелiп.
— Құрметтi бек, — дедi Жәнiбек басын сәл ие түсiп. — Қазақта сөз салмағын iс көрсетедi деген нақыл бар. Мына
жерде құр көпiрiп, ертең дәнеме бiтпей қалса, қалай болады? Одан да сабыр еткен жөн.
— О да дұрыс. — Бас уәзiр сәл жұмсарды. — Дегенмен... қолды жия берген жөн. Ақпан айының ортасы жақындап та
қалды.
— Жинау ешқайда қашпайды ғой. Өзiңiз бiлесiз, қазақ — мал бағып жатқан ел. Сәуiрде мал төлдейдi. Шаруа
көбейедi. Көрдiңiз бе?..
— Ым, — деп, Ядгарбек үнсiз қалды. Ол Жәнiбектiң сөзiнен бұл талаптан ештеңе өнбейдi дегенiн аңғарып та қалып
едi. Ол ұзақ ойланып отырып, ақыры Қайып ханның өзiмен ауызба-ауыз сөйлескендi жөн көрдi. Сол қамшы боп, қасына
Жәнiбектi, жұз шақты сарбаз ертiп, хан ордасына тартып кеттi.
* * *
Жәнiбек бас уәзiрдiң жанында салпақтап келе жатып, өткенде Тоғанақ батырға барып қайтқан жайын ойлады. Неге,
деп, алдында керiлiп жатқан қар басқан далаға қарады. Әлде Тоғанақ батырдың аузын Қаратай сұлтан алып қойды деген
рас па? Болмаса батыр, шыныменен, ел арасының бiтпейтiн ырың-жырыңынан шаршады ма? Әлде... Осы бiр күдiк оны
көптен берi мазалап жүр. Егер сүйтсе ше? Аңдап қараса, о да мүмкiн-ау! Бiрақ... соны Тоғанақ батыр түсiнбей ме?
Қайдам. Ол жанында жортып келе жатқан Ядгарбекке көз қиығын тастады. Әуелгiде осы кiсiнi жақсы көрiп қалып едi.
Бас уәзiр тұйықтала бергесiн, бұрынғыша iшiн ашпай, аяғын тарта сөйлейтiн болды. Өзiнше соңғы кездерi Хиуа
ханының Сыр өңiрiнен айналсоқтап шықпай қойғанында бiр кәкiр бар деп түйдi. Сонда неге? Қазақтарды майсөк қып,
мына өлкеге қожалық етiп тұра бергiсi бар ма? Ау, оған қазақтар көне ме? Мына келе жатқан тасқыннан тiзе қосып,
аман-сау қалғасын, ел бiр елдiгiн қылмай ма? Әлде қазақтың кiм көрiнгенге қолжаулық боп, хиуалықтардай талай
келiмсектiң тепкiсiне төзiп, өзара итше ырылдасып, бостандыққа қолы жетпей қала бергенi ме? Содан бiздi мына
келiмсектер құтқара ма? Бұлар қазақтың қамын жеп не қылсын? Керiсiнше, олар жерiңнiң асты-үстiндегi қазынасын
тонап ап, жылы-жұмсағың таусылғасын тып берiп тайып тұрмай ма? Сен сонда барып бармағыңды тiстейсiң. Кәзiр
осыны тереңнен ойлайтын азамат қайда? Ол атының қарсы алдында қылт-қылт етiп келе жатқан қос құлағына қарап, тiс
жармады.
* * *
Қайып хан Хиуаның бас уәзiрi келедi деп ойламаған едi. Жақында ғана өзi жiберген елшiлiк Хиуадан қайтып келген
болатын. Мұхәммәд-Инақтың бұларды осыншама жарылқап тастағанына күдiктенген болатын. Сосын ойлана келе,
мұны: “Тәттi бастап, қатты аяқтау — олардың қашанғы әдетi ғой” — деп бiлiп, шаруаның ақырын күтпекке бел
байлаған-ды. Ендi өзiне арнайы келген Ядгарбекпен екi ұдай хал кеше сөйлесе отырып, iшiнен: “Қалай да осы жолы сыр
бермеген жөн”, — деп ұйғарды. Сосын ол:
— Құрметтi бек, айтқаныңыз өте орынды, — деп, өтiрiк қоштап қойып, оның бар қоясын ақтарғанын қалады.
Ядгарбек аз-кем үнсiз қалды:
— Мына Райым бекiнiсiнiң салынуы тегiн емес. Оған салғырт қарасақ, сөз жоқ, ана Арқадағы кептi киемiз.
— Не, не? — Қайып хан қайталап сұрады.
— Ақмола бекiнiсiн айтам. Ол салынғанда, сiз де ақ патша өзiңiзге тимегесiн, еш қайрат қылмадыңыз. Қашан қыл
алқымға тақағанда барып...
— Неге? — деп, Қайып хан оның сөзiн бөлдi. — Мен түбiнде Арқаны қайтып басып алам. Ақмоланың күлiн көкке
ұшырам. Әскерiм күштi.