— Ендеше... Сырға неге аудыңыз?
Уәзiрдi бұлай сұрақ қояды деп ойламаған Қайып хан кәпелiмде жауап таба алмай, сәл-пәл сасып қалды:
— Ол... ендi...
— Сiз Хиуаның көмегiнсiз Арқаны қайтарып ала алмайсыз, — дедi Ядгарбек суық жымиып. — Асылы, мынадай
бұралаң тұста бас-басымызға би болмай, ұлы ханмен бiрiккен дұрыс.
Қайып хан шытынды. Iшiнен: “Менiң оған жалтақтайтын жағдайым жоқ”, — деп, оған сөздiң бiткенiн аңғартып,
қасында отырған Нақыпқа қарай бұрыла бердi.
Соны сезген Ядгарбек те сөздi созып жатпай, нөкерлерiне ым жасап, орындарынан тұрды да, сыртқа қарай беттедi.
Ертеңiне, Ядгарбектер кеткесiн, Қайып хан бiр төлеңгiтiн шақырып ап, Қаратай сұлтанға жасырын жұмсады:
— Мәмiлеге барады де.
12
Қаратай сұлтан бұлай болады деп еш ойламаған едi. Қайып ханның төлеңгiтi хабар жеткiзiп кеткесiн, ол ешкiмге
соқпай, Райым бекiнiсiнiң бiр шетiндегi орыс үйдiң iшiнде жатып ап, қатты ойланды. Мұнысы несi, дедi iшiнен. Әлде
сайын даланың бар пұшпағын ақ патшаның орап алып жатқанына көзi анық жетiп, ендi барар жер басар тауының
қалмағанын бiлiп, өзiне қарай қаһарлана төнiп тұрған қылышқа мойын ұсынғаны ма? Сондағы ойы иiлген басты қылыш
кеспес қой. Егер олай болмай шықса ше? Онда осы әңгiменiң басы-қасында жүрген бұған бар жаманат таңылады да
кетедi. Сосын өз туыстарына не бетiмен қарайды? Одан да... Ол күбiрлей сөйлеп, iшiнен бiр байламға кеп, үстiне қасқыр
iшiгiн кие сап сыртқа шықты. Аяғын нықтай басып, Захваткиннiң үйiне келдi. Кiре берiсте биiк тақалы қазақы етiгiне
жұғып қалған қарды сiлкiп, аз-кем тұрып қалды. Сосын iшке есiктi аша берiп, өз көзiне өзi сенбей, сәл-пәл кiдiрдi. Үлкен
бөлменiң қараңғылау бiр бұрышынан Мария Ивановнаның сүйрiктей қолын сүйiп тұрған Тортайды көрдi. Әйел мұны
тез байқап, әлденеден қымсынғандай, екi бетi ду-ду етiп, iшкi бөлмеге зып етiп кiрiп кеттi. Тортай да қысылып қап, дем
арасында бойын тiктеп ала қойды. Бұл iнiсiн ыңғайсызданбасын деп, ештеңенi байқамаған кiсiдей:
— Ұлық үйде ме? — деп сұрады.
— О кiсi... жаңа қамал жаққа кеткен, — дедi Тортай ашаң жүзi алабұртып тұрып.
Қаратай iшiнен кiп алып қалды: “Масқара болғанда... сүйтiп... Бiрақ... бiр есептен о да дұрыс. Бүгiнде екi жеп биге
шықпасаң, болмайды ғой”. Қаратай тамағын кенедi:
— Е, солай де. Өзi қашан келер екен?
— Онша көп кiдiрмес.
Сүйткенше болмады, iшке бiр құшақ ақ буды соңынан iлестiре Захваткиннiң өзi кiрiп келдi. Ұзын тұлыбының
жағасы сiрескен қырау:
— Туһ, шайтан алғыр, бұ не деген қатты аяз! Нағыз аумаған Сiбiр! — Ол аяғын ордаңдай басып, тұлыпты қасында
жылмиып тұрған қызметшiсiне ұстата салды. Сосын мойнын бұрып:
— Оу, Қаратай Садықович келiп қалған ба? — дедi.
Қаратай оның жорта таңданғанын ұнатпады. Бiрақ әдеп сақтап:
— Бiр тығыз шаруа шығып қап, — дедi.
— О қандай шаруа? — Захваткин үстiндегi сары ала мундирiн жөндеп қойып, шалғысы қылышша салбыраған
мұртын сипалап, төр жақтағы орындыққа барып отырды. Сосын мұны қасына шақырды. — Кәне, айта берiңiз, — дедi ол
бұл орындыққа отыра бергенде.
Сол арада түпкi бөлмеден Мария Ивановна шығып, ақ шаңданып тұрған жүзiн бұған жартылай бұрып, күйеуiне
жақын келдi. Захваткин орнынан атып түрегелiп, әйелiнiң өзiне қарай созыла берген қолынан сүйдi. “Апырмай, осылар
неге қатынжанды боп келедi?” — деп, Қаратай iштей таңғалып қалды.
— Алексей, менiң iшiм пысты. Бүгiн қонақ шақырсақ кәйтедi? — дедi әйел қылымсып.
— Әрине, ол... дұрыс. Бiрақ менiң шаруам басымнан асып жатыр ғой, — дедi Захваткин жорта қынжылып.
— Вечно солай, сенiң-ақ шаруаң бiтпейдi.
— Жарайды, жарайды. — Захваткин әйелiне келiсiм бермейiнше құтылмасын сезгендей, оның ыңғайына жығыла
салды.
— Онда... сендер сөйлесе берiңдер. Бiз, — әйел Тортайға наздана қарады, — поручик екеуiмiз шанаға мiнiп,
қыдырып қайталық. Тек сен... қызғанып жүрме, — деп, Мария Ивановна ақ жiбек қолғап жасырып тұрған ұзын, салалы
сұқ саусағымен күйеуiнiң үнемi қызара бөртiп тұратын мұрнын еркелей түртiп өттi.
— Жарайды, жарайды, — дедi Захваткин мәз болып.
Әйел ақ мысықша тағы да бiр еркелеп, күйеуiнiң бетiнен сүйiп, сыртқа шығып кеттi.
Есiк жабылған бойда, Захваткин бет-өңiн тез билеп ала қойып, бұған қарады:
— Иә, құлағым сiзде.
— Мәселе былай, — дедi Қаратай сабырлы қалпын бұзбастан. — Мен анадағы келiсiмнен кейiн, Қайып ханға хат
жiбергенмiн.
— Оны бiлем, — дедi Захваткин әлденеге сабырсызданып.
— Ендi соған жауап келдi. Хан келiссөзге көнiп отыр.
— Вот это да! — деп, Захваткин орнынан түрегелiп, тақтай едендi аяғымен сықырлата басып, бөлме iшiнде әрлi-
берлi жүре бастады. — Вот это да! — Ол кенет бұған бұрылды. — Ендi не iстемекшiсiз?
— Не iстейiн, сөйлесуге барам да.
— Барғанда... — Ол аз-кем ойланып қалды. — Хан сiздiң айтқаныңызға сене қояр ма екен?
— Оны... қайдам.
— Менiңше, ол сенбеуге тиiс. Әлде... бұл оның қулығы ма? — Захваткин бұған барлай қарады. Күдiк ұялаған көк
көзi тесiрейiп, өңменiнен өтiп барады.
— О жағын бiлмедiм, — дедi Қаратай әлденеден қуыстанып. Кеуiлiнiң бiр түкпiрiнде: “Мынау... маған сенбейдi ме?”
— деген ұры ой жылт ете қалды.
— Менiңше, абайлаған жөн. О қу сiздi алдап шақырып ап, қақпанға түсiрiп жүрмесiн.