Стр. 81 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Қаратай үндемедi. Захваткин мұның алдына кеп, одырайып тұра қалды:
— Осы киргиздар: “Сақтықта қорлық жоқ”, — дей ме? Ендеше бiз де сақтанайық.
— Сонда... — Қаратай оның сөзiнiң соңын тосты. Ол киргиздар дегенде, қазақтар ғой деп айта жаздап барып, iркiлдi.
— Бiз мәмiле болатын жерге тосқауыл қоямыз. Әңгiме ендi қыза бергенде, былай... — Ол екi қолымен орындықтың
басын қысып ұстап алды. — Әскерлердi жауып, ұстап аламыз.
— Бұл... ыңғайсыз болмас па екен?
— Немене сiз бiз оны басынан сипайды деп ойлайсыз ба? — Захваткин бұған таңдана қарады. — Әлде... оған
жаныңыз аши ма?
— Жоға, — деп, Қаратай сұлтан шошып кеттi. — Мен тек... алдап ұстап алғанымыз, ертең ел арасына iрiткi салып
жүрмей ме деп...
— Ештеңе де етпейдi. Кәне, одан да келiссөздi қай жерде өткiзетiнiмiздi ақылдасайық.
Олар әрi ойласып, берi ойласып, екi жақтың Тоғанақ батырдың ауылында бас қосқанын дұрыс деп тапты.
Қаратайдың есебi бойынша, Қайып ханның сол жерде қолға түскенi тиiмдi. Астыртын әрекет iске аса қалған жағдайда,
Сыр өңiрiне аты қанық батыр Қайып ханды қолымен ұстап бердi деп жалт ете қалуға жақсы. Одан кейiн Тоғанақтың ел
арасында беделi кемидi. Абыройдан қағылған ол сонан соң бұлардың ашса‚ алақанында, жұмса‚ жұдырығында болады.
Кейiн Сыр өлкесiн сұрай қалса, бұған Тоғанақ елдi айбынту үшiн таптырмайды.
Қаратай қулана жымиып, сыртқа шыға бердi. Аяғын ширақ басып, үйiне келдi. Тортай да сейiлден жаңа ғана оралған
екен. Аяз сорған екi бетi ду-ду қызарып тұр. Қаратай мұртынан күлдi:
— Мен сенi әлi тiсi шықпаған шикi бала ғой деп жүрсем. Өзiң нағыз жатып атардан екенсiң ғой.
Тортай қып-қызыл боп кеттi:
— Әй, аға-ай, етерге ермек табылмағасын...
— Ендi... былай, дұрыс қой. Өзi асын ұсынып тұрған итаяққа бiр түкiргеннен жiгiттiң несi кетедi, — деп төрге оза
бердi.
Шәй үстiнде Қаратай iнiсiне барлай қарады:
— Жаңа мәмiле жағын сөйлесiп қайттым.
— Иә, не дейдi? — дедi Тортай самарқау.
— Жалпы, былай, дұрыс қой. Бiрақ... алдап, ұстап алсақ деген...
— Ау, ол деген опасыздық емес пе? — Тортай таңдана қарады.
— Мен де солай дедiм.
— Үйтсек... өзi... кейiн сенiсу үшiн қиын, — деп, Тортай ұзақ ойланып қалды.
Қаратай бұл әңгiменi iнiсiне айтқанына ендi өкiндi. “Бала неме, байқаусызда тiсiнен шығарып алып жүрмесе не
етсiн”, — деп, кәуiп илей бастады. Iзiнше Тортайдың тас түйiн түрiн көрiп, сырға берiк жiгiттiң ыңғайын байқап‚ тас
бауырын жiбiткендей болды.
Ертеңiне қайтадан қасқа боран басталды да кеттi. Терiскейден соққан ызғырық бетi аумай тұрып алды. Боран ұйтқи
жауып, көктен борап, жерден суырып, айналаны ақ түтекке орады да жiбердi. Ауық-ауық iшiн тарта өксiгенде, жан-
жағыңнан мың-сан аш қасқыр қамап келе жатқандай болады. Жынды жел ойнақ салып, түзге шыға қалсаң, қос
шалғайыңды далпылдатып, аяғыңды жерге тигiзбей, ұшырып әкете жаздайды. Сұп-суық қыламық қар кiсi бетiне инеше
қадалады. Оның үстiне сүйектен өтер үскiрiк аяз жан шыдатар емес. Әлден-ақ қамал қорғанында қарауылда тұрған
әскерлердiң беттерi үсiп, домбығып, қарақошқылданып кеттi. Жақын маңдағы жерлерден қатынас үзiлiп қалды. Ырғыз
жағынан күн құрғатпай ағылып келiп жататын шабармандар сап тиылды. Қайып ханнан да хабар болмай кеттi. Қаратай
ендi: “Қайып хан мұның аужайын байқайын деп, бiр төлеңгiтiн жiбере салған шығар”, — дегенге сая бастағанында,
баяғы шабарман үстi-басы ақ қырау боп, қайта жеттi. Бұл жолы ол қасына бiрнеше серiк ертiптi. Бәрi де қалың киiнiп
алыпты. Солардың iшiнен жадаулау киiнгенiне қарамастан, қимылы ширақ бiр жiгiт өзiне мұның назарын ерiксiз аудара
бердi. Кесек тұлғасы, оқыс қимылы, әсiресе, қырағы отты көзi оның тегiн кiсi еместiгiнен хабар берiп жатқандай. Ол
Қаратай қадала түскен сайын, төменшiктеп, ығысып кете бередi. Бас шабарман төлеңгiттiң айтқанын екi етпей, аттарды
жайлап, бойын аулақ салып жұредi.
Қаратай сұлтан төлеңгiттiң талабына не дерiн бiлмедi.
— Хан қамал басының өзiмен сөйлес деп жiбердi, — дедi төлеңгiт сирек мұртына қатқан мұз сүңгiнi добалдай
саусақтарымен үгiтiп отырып. — Бұл, әрине, хан иемнiң сiзге сенбегенi емес. Қанша дегенмен де бұл арада келiсiм
күштiнiң өзiмен болғаны дұрыс қой.
Қаратай бұл сөздiң астарында сен қанша тыраштанғаныңмен орыс ұлығының ығында жүрсiң деген сөздiң жатқанын
аңдап, бойы мұздай бастады. Азырақ қитығып отырып:
— Мен бәрiн келiсiп iстеп отырмын, — дедi.
— Дегенмен мәртебелi ұлықтың өз аузынан естiгенiмiз мақұл, — деп, әккi төлеңгiт мұның бұлтағына көнбей, тас
табандап отырып алды.
Ақыры Қаратай сұлтан оларды Захваткинге ертiп апарды. Бұл жолы төлеңгiттiң жанына ат жайлап жүрген жiгiт пен
кекселеу бiр кiсi ердi. Мұның екi көзi сом тұлғалы жiгiтте болды. Ол да мұның әр қимылын қалт жiбермей бақылап
отырғанын сезетiн секiлдi. Әңгiме үстiнде ол жұмған аузын ашқан жоқ. Кейiнгi жақта отырып ара-арасында нұрлы көзi
бiр жарқ етiп, үй iшiне қарап қояды.
Захваткин әккi мәймөңкесiне басты:
— Бiз Қайып ханның бұл талабына қуаныштымыз. Жаздым, жаңылдым деп, шын көңiлiмен кешiрiм сұраса, патша
ағзам оған тимейдi. Қалаған жерiнен қыстау, жайлау бередi. Тек ел iшiн бүлдiрмесе болды.
— Оған кiм кепiл бола алады? — дедi төлеңгiт Захваткиннiң жүзiне барлай қарап.
— Мына мен. — Захваткин Қаратайға бұрылды. Мұнысы сұлтаннан қоштау iздегенi едi.
— Мырза дұрыс айтып отыр. Ол өз сөзiн жұтпайды, — дедi Қаратай сөзге қыстырылып.
Төлеңгiт бұған назар аударып қараған жоқ.
— Осы жайлы Перауский бiле ме?
— Әрине, — дегенiмен Захваткин бiр түрлi боп қызарып сала бердi. Сосын бойын жиып: — Бiлгенде қандай. Бiз күн
сайын генерал-губернаторға келiссөз жайында ақпар жеткiзiп тұрмыз, — дедi.
Төлеңгiт оның сөзiне сенбегендей, қулана жымиды: