Стр. 82 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Олай болса, Перауский өзi кейiн тимеймiз деп мөр басып, тiлхат жазып бере ме?
Захваткин сасып қалды. Эполетi жарқыраған екi иығын қиқаң еткiзiп, екi қолын жайды:
— Оған не сөз бар? Бiрақ... генерал-губернатор өз шаруасын өзi бiледi. Қайып хан кәзiр бiздiң жаққа шықпаса, кейiн
бәрi бiр шығады. Сосын... жоғары мәртебелi генерал-губернатор мұндай майда шаруамен айналыспайды. Ұлы
император ағзамға киргиздардың жерi керек емес. Қажет боп жатса, оны басып алу оп-оңай. Бiздiң әскерiмiз күштi.
Қару-жарағымыз жеткiлiктi. Ханның өзi осы сөздi бастағасын... — Ол сөзiнiң аяғын жұтып, кекiрейе қалды.
Қаратай сұлтан шырық бұзылмасын деп ойлап, екi араға қыстырылды:
— Мырза, дұрыс айтып отыр. Орыстарға кәзiр ешкiмнiң де әлi жетпейдi. Кеше Франция императоры Наполеон
әскерi де тас-талқан болған. Бүгiнде көпке топырақ шашам деу көрсоқырлық болады. Одан да тиiмдi жақты көздеген
дұрыс.
— Жарайды, — дедi төлеңгiт кенет зәрлене жымиып. — Сонда қай жерде кездесемiз?
— Бiз кеше ол жағын ақылдастық. Ұлық келiссөздiң Тоғанақтың ауылында болғанын мақұл көрiп отыр.
— Аманатқа кiсi бересiздер ме?
— Әрине.
— Ендеше... хан ием кепiлге Тортай сұлтанды сұрап отыр. Өзi iнiсiн бермек.
Қаратайдың iшi қылп ете қалды: “Өй, мынау... қулық қой”.
— Жарайды, ояғын ақылдасып көрелiк.
Сол күнi Қайып ханның жiгiттерi кiдiрмей, ауылдарына қайтып кеттi. Қамалдан шыға бергенiнде барып, Қаратай
жағасын ұстады. Кешегi атқосшы жiгiт ендi именшектемей, топтың алдына түсiп ап, қасқая тартып барады екен.
“Мынау Нақып болмасын”, — деп абыржып, сом тұлғалы жiгiтке қайта бiр анықтап қарады. Қараған сайын өз
кеуiлiндегi күдiгi расқа шыққандай болды. Ол кеше-ақ бейтаныс жiгiттiң жүрiс-тұрысынан қасқыр тұқымға тән
белгiлердi байқап қалған да едi.
Оның қасына Тортай келдi:
— Аға, жәй тұрсыз ба?
— Қайдағы жәй. Анау бара атқан Нақып қой деймiн.
— Мен де кеше сол-ау дегенмiн.
— Шамасы, бiзге сенбеген-ау. Сосын өз көзiмен көрiп қайтқысы келген ғой.
— Солайы солай.
— Ендi көр де тұр, Қайып хан сөйлесуге келмейдi.
Бiрақ төлеңгiт араға екi-үш күн салып, қайта келдi. Бұл жолы мәмiленiң шартын, оған қанша кiсi қатынасатынын
айта келiптi. Олар тағы да Захваткин үшеуi оңаша қап, ұзақ ырғасты. Төлеңгiт iлгiш табылар тұста әдейi қитығып, сөздi
ұзақ сонарға сап, көткеншектей бердi. Бұл жолы Захваткин төлеңгiттiң ыңғайына оңай жығылып отырды. Алым-берiм
жағы келiсiлген соң, төлеңгiт кеткен бойда, Захваткин мұны шақырып алды. Қасына бiр топ атты казакты қосып,
Перонскийге арнайы хат жазып, Орынборға шұғыл аттандырды. Кетерде:
— Сұлтан, қалған жайды жоғары мәртебелiге ауызша түсiндiрiңiз. Қайып ханды қолға түсiрудiң мәнiн
ұғындырыңыз‚ — дедi.
Семiз тоқ аттар қоңыраулы шананы ала жөнелдi.
13
Орынбор ұлығының нұсқауын күте-күте Қайыптың тағаты таусылды. Әдепкiде ол осы мәмiлеге ықыластана келiскен
едi. Соңғы он шақты жылдың беделiнде арты қоныс таппай, сайын даланың сай-саласын қуалап, көше беруден әбден
жалыққан да болатын. Бiр қажыған сәтiнде: “Осы мен несiне күйiп-пiсiп жүрмiн? Ана төменгi жақта Әбiлқайырдан
өрбiген Нұралы ханның ұрпағы Жәңгiр де хан болып, жұрт сұрап отырған жоқ па? Азар болса, мен де соның кебiн
киермiн. Қалай десең де оның алдында айдаған малы, ауызына қаратып отырған жұрты бар ғой”, — деп, өзiн-өзi
алдарқатқан едi. Бiрақ iшкi жағында жатқан әлдеқандай ұры күдiк оған маза бермедi. Келiссөз жайын есiне алса болды,
неше түрлi дүдәмалы көбейiп, мұның жанына удай тiкенегiн сұғып-сұғып алады.
Ол бүгiн де қалың ойдан арыла алмады. “Ал, келiсейiк. Әзiрге ақ патша маған iшiн бермей, талабыма көнер. Қашан
мойныма құрық тастап алғанша, дегенiмдi қылар. Менi уысына сыйдырып болғасын, ол айтқан арзамды тыңдайды ма?
Қайта мына жұрттың бас көтерерi деп, көзiмдi құртуға тырыспай ма? Сонда мұның бәрi бекерге шықпай ма?” Қайып хан
екi иығына екi қап топырақ артқандай еңсесi түсіп, тақ үстiнде тұнжырап отырып қалды. Сол үстiне Нақып келдi. Өзi
аңға шығатын кiсiше ықшам киiнiп алыпты. Қайып оған таңдада қарады:
— Жәйшылық па?
— Жәйшылық. — Нақып ағасының жүзiне тура қарады. Оның жүзiнен жастық оты, албырттығы айқын байқалып
тұр.
— Сонымен... сен, анада сөз iләмi ұнамады дедiң бе? — Қайып хан осыдан бiраз бұрын iнiсiн төлеңгiтiне қосып,
Қаратай сұлтанға жұмсаған кезiн есiне алды.
Нақып ағасының ойын түсiндi:
— Иә.
— Неге?
— Менiңше, олар бiздi алдамақ. Сендер тәжiкелесiп жатқанда, қалың әскердi үстерiңе құлатып жұрмесе не етсiн.
— О да мүмкiн. — Қайып хан ақырын күрсiндi. — Ол да мүмкiн. Кәзiр адам адамға сенбейтiн тас бауыр заман емес
пе? Бетiңе күле қарап, күңiрене шығатындар жетерлiк қой. Ел азғанда... солай болады деушi едi бұрынғылар. — Қайып
хан сақалын қолымен сипалап ұзақ отырып қалды. Сосын барып iнiсiне көзiнiң қиығын тастады. — Сонымен сен маған
мәмiлеге барма дейсiң ғой?
— Иә. — Нақып қолындағы қамшысымен етiгiнiң қонышын сарт еткiздi. — Бiр ойым айтады, олар мәмiлеге келе
жатқанда, арт жағынан өтiп кетiп, Райым бекiнiсiн талқандасақ деп...
Қайып хан суық жүзiн жылытып, ақырын жымиды:
— Мынауың құлаққа қонады. Ойлану керек екен.