— Ойланғанда... өзiн... ұзаққа созбай... — дедi де, Нақып аз-маз кiдiрдi. Сосын аздан соң сыртқа шығып кеттi.
Қайып хан оның соңынан қарап отырды да, жәйiмен мырс ете түстi. “Қуын қарай гөр”, — деп басын шайқады.
Сосын үстiне жамылған iшiгiнiң етегiн қымтаныңқырап отырды. Iшке кiрiп, ортада шоғы қарауытып сөне бастаған от
үстiне жаңадан жаңғыртып сексеуiл шоғын салып жатқан күң әйелге көз салмады. Есiк жақта жалаң қылыш ұстап
тұрған екi жасауылға назар да аударған жоқ. Ол соңғы кездегi жағдайды тағы да бiр рет ойлап шықты. Бер жағымен сыр
бергiсi келмесе де, өз халының күн санап әлсiреп келе жатқанын анық аңғарды. Бүкiл Сiбiр жерiн орап, алып құшағына
қысып, ақырын жылжып келе жатқан ақ патшаға қарсы етер амал-айласы қалмағанын, ендiгi бар әрекетiнiң сырттай доқ,
дөңайбат екенiн сездi. Сонысын көпке дейiн жанындағыларға сездiрмей келген де едi. Бiрнеше рет Ақмола бекiнiсiн
шауып, мал-мүлкiн талап алды. Талай рет орыс саудагерлерiнiң керуендерiн тонап, өздерiн құл етiп, Хиуа базарына
апарып сатып жiбердi. Соны бiлiп отырған ақ патша бүгiндерi бұл бас иiп алдына барса, жiби қояр деймiсiң? Қайта бұл
әрекетiн амалы құрығандық деп бiлер? Шынында да солай емес пе? Биыл Сыр бойына ауып, осы жақтың қазақтарынан
бiраз қол құраймын ба деп, дәмеленiп те едi. Ендi ойлап қараса, өздi өзi боп қырқысып жүрген қалың елдiң жуық арада
бәтуаға кеп, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарар ыңғайы сезiлмейдi. Олардың басын құрап жiберетiн кiсi де жоқ.
Сонда бұл несiне емексидi? Әлде Хиуа ханына арқа сүйей ме? Қайдағы. Бұхара әмiрiмен алакөз болғалы, Мәру үшiн
қырқысып, Мұхәммәд-Инақтың шарадай басы шақшадай боп жүрген жоқ па? Басқа күн туғанда ол қай демеуiңе
жарайды? Қайта ақ патшаға өзiңдi ұстап беруден жүзi жанбас. Және де қазақ даласынан ауа көшiп, Сартаулы жұртына
барсаң, жат қабаққа қарар қиын күн кешпейсiң бе? Одан да Қоқан ханы сұрап тұрған қазақ, өзбегi аралас Түркiстан,
Созақ, Шымкент, Ташкент төңiрегiнен қоныс iздеген мақұл. Дәм бұйырып, сол жаққа барар заман туа қалса, мұның
ниетiнде үйту де жоқ емес. Егер ол жерде де ақ патша маза бермесе кәйтем, деп, ол тұнжырап отырып қалды. Онда
қырғыз жерiне, не Қашқар жаққа асам ба? Ол жақта мұны шақырып жатқан кiм бар?
Қайыптың басы қатты. Ол ауыр ойдан арылғысы кеп, орнынан ширақ тұрып, бiр-бiрiне қанаттаса тiгiлген ақ
орданың iшiн кезiп кеттi. Төргi үйге барып, керi қайтты. Бұрыла бергенiнде бағанадан берi қаққан қазықтай боп тұрған
жасауылдың жылтыраған көзiн шалып қалды. Қара құлдың қап-қара жанарында әлдеқандай суық ұшқын бар сықылды
көрiндi. Қайып дiр ете түстi. Сәл аңтарылып қап, оның жүзiне тағы да барлай қарады. Осы жол қара құл бойын тiктеп
ұстап, көзiндегi әлгi суық ұшқынды өшiре қойды. Қайып таңғалды. Адам баласы қандай алдамшы, дедi iшiнен. Бiз неге
iшкi сырымызды бiлдiргiмiз келмей, сыртқы бет-өңiмiздi билеп үйренемiз? Әлде... үйтпесең, болмайды ма? Жалпы сыр
сақтай алмау ақымақтың шаруасы емес пе? Ендеше мына қара құлдың да қулығы ерсi емес қой. Жарайды, оны қойшы.
Егер мұның жанындағылардың бәрi сүйтсе ше? Сонда дүние не болады? Онда адам баласы шеттерiнен айлакер, әккi
тартпай ма? Ондай жерде өмiр сүру қиынньщ қиыны емес пе? Ондай жерде... мыңнан қулық асырған алаяқтар ғана
абырой асыра алады ғой. Осы... өз өмiрi де соған ұқсамай ма? Осы таққа отырамын дегенше қаншама қиыншылық
көрдi? Қаншама кiсiнi жолынан ысырып тастады? Ақыры қолы билiкке жеткесiн, бiр тиышталамын ғой деп едi, онысы
бекер екен. Ханның ақылдылығы алтын таққа мiнуiмен емес, соған қаншама жыл отырғанынан байқалады екен. Бұл
соны ойлап, жан-жағындағы кәуiптi деген кiсiлердiң бәрiн құртты. Арғы атасының тоқалдарынан туған, кiлең қызылкөз,
өр көкiрек төрелердiң еңсесiн мықтап басты. Айтқанына көнбегендерiн елден қуды. Содан берi бұл өз ордасы iшiнде
тыңшы ұстайтын әдет шығарды. Онда да қайдағы бiр онан қашқан мұнан қашқан, көзге қораш бiреулердi жалдады.
Оларды ақ ордадан аулақтау жерге қонып отырған төлеңгiттер ауылына да енгiзiп қойды. Сенiмдi жансыздары ай сайын,
апта сайын бұған ел iшiнiң хабарын жеткiзiп кетедi. Соңғы кездерi мұны толғандырып жүрген жай — Елмырза төренiң
түлкi бұлтағы. Жұрт көзiнше ол ашылып ештеңе демейдi. Оңашада төре тұқымының сойылын соғып, алақанына түкiрiп
шыға келедi. Кәзiр бұл сол ауыл жаққа да құлағын түрiк ұстап отыр.
Қайып хан қайтадан таққа келiп отырды. Күн батып, ымырт үйiрiлiп кеткесiн, малай қатын үй iшiне әкеп, тас
шырақты жақты. Жасаулы ақ орданың түпкiр-түпкiрi шам сәулесiнен анықтап көзге шалына бастады. Төрде iлулi тұрған
аспаһани қайқы қылыштың жүзi суық жылтырайды. Онан әрiректе атасынан қалған айбалта керегеге сүйеулi тұр.
Қайып хан тамақ iшiп, әлденiп алғасын, былтыр Арқа жерiнен алған жас тоқалының қойнына кеп жатты. Көптен берi
нәпсiсiне қатал тиым сап, әйел нәсiлiнен саяқсып кеткен едi. Бүгiн әлденеге аңсары ауды да тұрды. Жас сұлудың
жiбектей денесi тұла бойын қыдықтап, түсiнiксiз бiрдеме тамыр-тамырын қуалап өткендей болды. Жас тәннiң ыстығын
жақын жерден сездi. Ожар, жүн-жүн кеудесiмен келiншектiң қос анарын уқалап‚ ырсылдай дем алып, бiраз жатты.
Сосын тұла бойы жеңiлейiп, орнынан тұра бердi.
Жуынып-шайынып болғасын, ол жас тоқалын бауырына басып, ұйықтап кеттi. Түс көрдi. Түсiнде Көкшетаудың
жасыл желекке бөленген жазық даласында қайыру бермей, жан-жаққа бастарын ала қашып жөңкiлiп бара жатқан үйiр-
үйiр жылқыны қайырып жүр екен. Бұл қаншама даусын жыртып, құрық сiлтеп, айқай салса да, елiрiп алған көк алалар
екi көздерi шоқтай жанып, болат тұяқтарымен қара жердi дүңкiлдетiп, бет бетiне тырағайлап қашады. Бұл, қасқырға жем
болады-ау, деп, оларды қайырғысы келедi. Үйiрлердiң бiразы мұның ығына тоқтаса, қалғандары жырыла қашады. Сол
екен, оны көрген басқа үйiрлер солай қарай салады. Үйiрдегi құтпан айғырларыңның өзiнде де қасиет қалмаған. Олар
үйiрiн жат көзден тору орнына, олардың iшiнен өзiне оң қабақ танытқанын жақын тартып, қалғандарын тепкiлеп, өз
iшiне әрекет кiргiзiп алған. Бұл соны қойдырайын десе, қай қайдағы жаман тұғырлар тұлпар сықылданып‚ онсыз да
берекетi қашқан үйiрлердi өзара қырық пышақ қып, бас басына би болмақшы. Қайып сондай бiреулердiң басын қағып
алайын деп, қылышының балдағын ұстай берем десе, қылышы жоқ. Оның қай арада түсiп қалғанын құдай бiлсiн!
Құрығы және жоқ! Ол ендi неде болса деп, терiскейге қарай жөңкiлiп бара жатқан қалың нөпiрдiң алдын орап қиялай
шапты. Құлындағы даусы құраққа шығып, өз үйiрлерiн терiскейдiң қарлы бораны, ызғарығы бар екенiн айтып қалғысы
кеп, атқан оқша зымырап келедi. Бiрақ онысын түсiнетiн, ұғатын естi құлақ жоқ. Қайта жаман сәурiк айғырлар топас
бастарын кегжитiп ап, аузынан ақ көбiгiн шаша азынап, көздерi дым көрмей, тапырықтап келедi. Қайып қолын көтере
берем дегенше болмады, селдей қаптап жеткен қалың нөпiр сұмдық екпiнiмен мұны толқын соққан жаңқаша ысырып
әкеттi. Астындағы аты бiр шыңғырып жiберiп, омақаса құлады. Қайыптың өзi жерге ұшып түстi. Үстiне төнiп кеп қалған
жануарлар болат тұяқтарымен бар денесiн өзiп, тасырылап өтiп жатыр. Мұның шыбын жаны шырқырап барады.
“Ойпырмай, не болды?” — деп, бұл жан-дәрмен деп басын көтерiп қараса, әлгi қалың нөпiрдiң алдында бiр алтайы
қызыл түлкi қызыл құйрығын тiк көтерiп ап, мазақтай күлiп, жортақтап барады екен. Соған жетем деп, қалың нөпiр
бiрiн-бiрi жаншып, омақастыра құлатып, екiленiп алған. Бұл санын соғып: “Ойпырмау, мыналарда ес жоқ екен ғой.
Түлкiнi тазы боп қумаушы ма едi? Көсемсiнген жаман мақау, сақау айғырлардың соңына ерiп, ақыры аранға жығылмаса
кәйтсiн,” — деп жатып, селк етiп оянып кеттi. Басын көтерiп, көзi бақырайып, жан-жағына қараса, түннiң бiр уағы
болып қалған екен. Ортада жайнап жатқан шоқтар қарауыта бастаған. Қойнындағы тоқалы ақырын пыс-пыс етедi.