Стр. 84 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Қайып қолымен басын ұстап, аңтарылып қалды. “Бұ қандай түс?” — дедi өзiне-өзi. Жаратылысында анау-мынау ырым-
сырымға сене қоймайтын ол ендi кәзiр қатты дағдарып қалды. Қашанғы әдетiмен түс жаманы жоқ десе де, бойы
тоңазып, әлденеден секем ала бердi. Шынында, бұ қандай түс? Мұндай да түс бола ма екен? Жылқысы не? Түлкiге жол
болсын? Әлде, әлде...
Ол содан таң ағарып атқанша көз iлiндiре алмады. Мамық төсек жамбасына түйiртпекше батып, әрi-берi аударылып,
әбден мазасы қашты. Ақыры болмағасын орнынан тұрып, киiнiп, сыртқа шықты.
Ауыл ұйқысынан тұра бастаған екен. Мал қамымен жүрген малайлар, қойшылар асып-сасып жүгiрiп жүр. Қайып
оларға назар аудармай, шапанын желбегей жамылған күйi иек астандағы қоңыр төбеге қарай тартты. Қатты қарды
саптамалы етiгiмен кешiп келе жатып, әлденеге мәмiле жайын ойлады. Оның сасқан кезде ойлап тапқан әрекетi бар
болғаны жас баланың өз саусағын сорғанындай екенiн анық бiлдi. Ендi алған беттен қайтудың кеш екенiн аңғарды.
Дәрет сындырып боп, шалбарының бауын байлап жатып, болар болмашы күлiмсiредi. Қайтып келе жатып, бiр ойға
тоқтады. Ол тездетiп Нақыпты шақырып алды:
—Уәйiс-Нияз бен Жәнiбекке жет. Қолды тез жинасын, бiздiң сарбаздар дайын отыр де. Мен келiссөзбен орыстарды
алаңдатып тұрғанда, сырт жағынан Райым бекiнiсiн шабамыз де! Бүгiн бар да, тез жауабын алып кел!
— Мақұл!
Нақып тез атқа қонды.
14
Жәнiбек Ядгарбекке таңғалды. Әшейiнде мән-жайды iштей сарапқа салып алмай, шұғыл бұйрық бермейтiн бас уәзiр
осы жолы тықақтап кеттi:
— Бүгiннен бастап қазақ жiгiттерiн жинаңыз.
— Құрметтi уәзiр, — дедi Жәнiбек әдеппен иiлiп, — кәзiр шаруа үшiн ең қиын шақ. Уақ мал төлдеп жатыр. Оны
қиып кiм шыға қояды?
— Бiлмеймiн. Фәрмәнли орындаңыз.
Жәнiбек әрi қарай тәжiкелесудiң орынсыздығын бiлдi. Жөн сөзге бас уәзiрдiң көзiн жеткiзудiң мүмкiн еместiгiн
аңдап ерiксiз iркiлдi.
Нақып бағанадан берi бұған бiр бүйiрден қадалып, қанын iшiне тартып алып отыр едi. Оның қара сұр жүзi көк
темiрше суық тарта түскен екен. Ол екi бүктеулi қамшысымен мұны нұсқап:
— Бас уәзiр, мен бiлсем, осы сардарыңыздың қол жинауға құлқы жоқ, — деп қойып қалды.
Жәнiбек ұрлық үстiнде ұсталған кiсiдей жүзi ду ете түсiп, оған қарай ақырын бұрылды.
Уәйiс-Нияз суық жымиып, ал не дейсiң дегендей бұған қарады:
— Шынында да осы сөздiң жаны бар-ау деймiн. Солай ма?
Жәнiбек қашанғы дағдысына басып, бойын тез жиды. Iшiн бермеуге тырысып, есемелеп келiп қалған ашуын зорлап
басып, сөлекеттеу жымиды:
— Неге? Мен қайта Хиуа шәһарын сұрап отқан ұлы ханның абырайын ойлап жүрмiн. Қәзiр қалай айтсаң да қазақ
жiгiттерiн жинау қиын. Егер осыдан бiр ай кейiн сауын айтсақ, көп қол құраймыз.
— Неге? — дедi Ядгарбек қадала түсiп.
— Ол кезде мал төлдеп болады. Азаматтардың қолдары босайды. Сол кезде туралап барып айтсақ, ешкiм де бас
тарта алмайды. Ал кәзiр...
Ядгарбек бұған өткiр көзiн қиғаш тастады. Сосын Нақыпқа қарады. Екi қазақтың арбасуы немен тынар екен деген
кiсiше көзiн сығырайтып ап, қалың сақалының ұшын қолымен ұстап, сәл iркiлiп тұр:
— Дәлелiң мықты. Бiрақ бiзге қол кәзiр керек боп тұр ғой.
Жәнiбек ендi таласудың арты қиынға соғарын бiлiп:
— Мақұл, дегенiңiз болсын, — деп орнынан тұрды. Сосын Нақыпқа тыжырына қарап: “Қасқа қазақ жат көздiң
алдында бiр-бiрiңдi осылайша ұстап берiп қор болмасаң нағылды?” — дедi.
Көп ұзамай Жәнiбек Қожанияз бекiнiсiнен шықты. Астындағы атын бұлаңқұйрыққа сап, қары жұқалау, қарауытып
жатқан жерлермен жүргiзiп отырып, ауылына қарай тура салды. Үстiндегi түлкi iшiгiнiң ашылып кете берген өңiрiн
қымтап қойып, дұрысталып отырды. Бұл кез қөкек айы басталып, қыстай сiресе ұстасып жатқан қардың мұрты
шағылып, астынан жегi құрт жегендей күрт шөге бастаған шағы едi. Оңтүстiктiң бiр биiгiне шығып алған күн сәулесi
кiсi бетiне жылы тиедi. Құбыла жақтан аңқып жылы жел соғады. Ашық жерлердегi майда тырбық шөптер әлден-ақ
көгере бастапты. Айналадан көктем айының жақын екендiгi анық байқалады. Жәнiбек таза
ауаны кеуде кере жұтып, сәл
күрсiнiп қойды. Өзiне осы сардарлығының ауыр тиiп жүргенiн ойлады. Былтыр Хиуа ханына жұғысқысы келмеп те едi.
Бiрақ ел iшiндегi азаматтардың жағдайын, өз шаруасын сараптай келе, атқа мiнiп жүргенiн қош көрген. Бүгiнде қолыңда
билiгiң, астыңда тағың болмаса, басың алтын болса да, сенi кiм сыйлайды? Нағыз аузы қисық болса да, байдың ұлы
сөйлесiннiң заманы емес пе? Қолыңда көлденең көз қызығарлық бiрдеңең болса ғана, жемтiк көрген құзғынша
жарамсақтардың өзi-ақ жиылып, жалпылдап құлдық ұрып, соңыңнан қалмайды. Сен оларға данышпансың, бисiң,
хансың. Кейде олар сенi табаныңды жерге екi елi тигiзбей мақтай жөнелгенде, бүткiл дүнияны сұрап тұрғандай боп та
қаласың. Сол жылмиған жүздерге қарап, Жәнiбектiң тұла бойы түршiге түседi. Неге адам баласы бұлай, дедi өзiне-өзi.
Әлде осы бiздiң жаратылысымызда күштiден қорқу, қауқарлыға бас ұру, жағыну, жалпылдау тән бе? Ол қасиеттер де қу
қарынның нәпсiсiн тойдыру үшiн iшiп-жейтiн тағам сықылды аса қажет нәрселер ме? Әлде шындық шiркiннiң жолы өте
жiңiшке болғандықтан ба? Қалай десең, олай де, осы арада бiр кәкiр бар. Анада ол әр жағы Үндi жұртынан шыққан,
кейiнiрек араб, түркi тiлдерiне аударылған бiр қызық кiтаптан: “Аузына еге бола бiлу, сыр сақтай алу — ақылдылықтьщ
нышаны”, — деген сөздердi оқыған едi. Осыдан неше ықылым заман бұрын жасаған дана кiсi солай десе, сол шындық
кәзiрде де өмiрде кездесiп отырса, онда әлгi сөздiң мән-мағынасын жоймағаны ғой! Апырмай, ә! Жәнiбек өз өзiнен
ыңғайсызданып, қолымен маңдайын сипады. Сосын ауыр ойдан арылғысы кеп, шабан тартып, жол жиегiнде қылтиып
өсе бастаған жас шөптерге мойнын әлмәһәл соза берген атын тебiнiп қалды. Тiзгiндi тартып ұстап, текiректеген қалпы
жалпақ жазыққа қарай ұзап шыға бердi. Сол екен, жадыраған күндi, далиып, жас босанған келiншектей бусанып жатқан
ұлы даланы, көктем қуатымен жер қабатын жарып шығып, шуаққа, нұрға ұмсына түскен жас көктi, айналасында