бойын тiктедi. Жәнiбек жетiп кеп, қатты ақырып, өткiр дырау қамшысымен Қалмырзаны қақ басқа тартып-тартып
жiбердi. Қараша жiгiттiң бетiнен аққан қан көрiндi. Үй iшi шу ете түстi.
— Ойбай, қу құдай, бұ не қорлығың! — деп кемпiр баж ете қалды.
— Төбелеспе, өлтiредi! — деп, Нарман ұмтылып кеп, араша сұрай бердi.
Жәнiбек ашуын шаққа дегенде басты. Ернi дiрiлдеп, жүзi сұп-сұр боп:
— Кәне, керi қайт! Айтқанды орындайсың! — дедi.
Сол арада Қалмырза Қалдыбай мен Қожақты қолымен керi итерiп, iлгерi ұмтылып кеп:
— Мен неге Хиуа ханын қорғауға тиiспiн? — деп көйлегiнiң өңiрiн дар-дар айырды. — Мен неге ол үшiн
соғыспақпын? Оның маған бар жасаған жақсылығы... сол ма? — Қалмырза қолы дiрiлдеп, жас балаша еңкiлдеп жылап
жiбердi.
Жәнiбек самсоз болды да қалды. Сыртқа ата жөнелген Зағипаның iзiнен ыңғайсыздана қарады. Қарсы сөз айтуға дәтi
бармады. Дiр-дiр еткен бойын шаққа дегенде жиып, кiлт бұрылды. Есiктен шыға берiп, артына қайырылып:
— Оған мен кiнәлi емеспiн ғой. Мен де бiреудiң айтқанын iстеп жүрмiн, — дедi.
Ауылдан ұзап шыққанша ешкiм тiс жарып ештеңе деген жоқ. Қалдыбай мен Қожақ та үнсiз. Түрлерi бұзылып
кеткен. Жәнiбек ашу үстiнде артық кетiп қалғанын жаңа аңғарып, қасындағы жолдастарынан ыңғайсыздана түстi. Сосын
iшiнен, соның орнында өзiм болсам кәйтер едiм, дедi. Құдай басқа салмасын! Оның жаңа бiр әзiрде сол үйден
Қалмырзаға ешқайда барма деп аттанғысы да келдi. Бiрақ ерiксiз бiр күш мұның тiлiн тұсаулай бердi. Өзiнiң Ядгарбектiң
әмiрiне қарсы шыға алмасын сездi. Неге, деп осы жолы да ойланып келедi. Қайығын өрге қарай бiр салып, ығып бара
жатқанын көрсе де, құр намысқа тырысып, қатты-қатты есiп отырған қайықшыдай өз халына ызаланып көлденеңнен көз
тастады. Бiрақ өзiнiң сол қайықтан қол үзетiн басқа амал-айласы жоқ едi.
Суыт жортқан үш салт атты екiндi әлетiнде Қуаң бойын қыстап, отырған ауылдарды бетке ұстап кете барды.
15
— Өшiр үнiңдi! Өй, әкеңнiң аузын!
— Өшiрмегенде кәйтесiң?
— Мә, саған ендеше!
Шаңқ-шаңқ еткен дауыстары ауылды көшiрiп жатқан ақ үзiктi үйге Жәнiбек сәлем берiп кiрiп келдi. Қолындағы төрт
өрме қамшысын аузына не келгенiн аталап, арпылдай берген әйелiне қарай сiлтей берген Шайхыслам табан астында
ыңғайсызданып қап, артына ауырлау бұрылды. Мұны көрiп, толық қызыл шырайлы бетiне лезде қып-қызыл қан ойнап
шыға келдi. Дереу қамшысын iрге жаққа қарай лақтырып жiберiп, өңiн тез билеп:
— Ә, кел, кел, — дедi. Сонда да қатты ашудың iзi тез жойыла қоймағаны анық аңғарылып тұр.
— Бұ немене құрдас? Қатын сабамайтын ең ғой? — деп, Жәнiбек қолайсыз қырын қабақ жағдайды тез жұмсартып
жiбергiсi кеп, әзiлдей сөйледi.
— Оның рас. Бiрақ бұл иттер адамды ашуланбасқа қоя ма? — Шайхыслам ашулана тiл қатты. Сосын басындағы
жаулығын жөндеп жатқан қатынына бұрылды: — Тұр, қазан көтер!
Жәнiбек осы үйге арнап ат басын тiреп келсе де, ендi әлденеге кеткiсi келдi:
— Қой, үй iшiн мазалама. Мен асығыс бiр шаруамен келiп ем.
— Не асығыс? Құйттай шаруаны қазақ баптап айтам дегенше ет те пiсiп үлгередi. Кәне, отыр, — деп, ендi
Шайхыслам ерiкке қоймай, мұның сырт киiмiне жабысты.
Жәнiбек шешiнiп төрге озды. Қалдыбай мен Қожақ одан төменгi жаққа жайғасты. Жаңа ғана ауыл ауылды аралай-
аралай қажыған Жәнiбектiң шынымен кеуiл көтерiп, бiр демалғысы кеп кеткен едi. Сосын ол көп ойланып жатпастан,
бала кезден құлынтайдай бiрге тебiсiп өскен Шайхысламның ауылына ат басын оп-оңай бұрып та алған болатын.
Мұның онысын Қожақ пен Қалдыбай да қоштаған. Сол бетiмен салып ұрып келсе, құрдасы шатақтасып жатыр. Ендi
соны жуып-шаймақ боп, Жәнiбек күле қарап:
— Осы сенiкi рәһат. Бiз болсақ мынау бiресе Хиуа ханының, бiресе Уәйiс-Нияздың әмiрiн орындаймыз деп, екi
етегiмiз далақтап шауып жүрмiз, — дедi.
Шайхыслам жайдары тартып:
— Саған сардар бол деген мен бе? Өзiңе сол керек, — дедi.
— Айтпа.
— Осы немене сендердi қол құрап жатыр дей ме?
— Ондайымыз бар.
— Сонда... ақ патшамен соғысасыңдар ма?
— Хиуадан солай деп әмiр келiптi. Хиуа қолына көмек ретiнде қазақ жiгiттерiнен қол жасақтау керек дептi. Соның
әлегiмен шауып жүргенiм ғой.
— Қалай қазекеңдер атқа қонамыз дей ме? — Шайхыслам түзу әдемi мұрнын сәл көтере түсiп, әсем жымиды.
— Ендi... былай... — Жәнiбек құрдасының дем арасында жылмия қалған түрiне сынай қарады. “Шайтан-ау! Осылай
күле қарағанда қай ұрғашы мұның қақпанына түсiп қалмайды”. Ол соңғы кезде шыға бастаған Шайхыслам мен Ағлестiң
бiр-бiрiне қабақтары жылы екен деген өсек сөздi есiне алды. Құрдасына қарап қойып, iшiнен: “Рас болса, рас шығар”, —
деп иланып отыр.
— Сонда не дейдi? — дедi Шайхыслам тақымдап.
— Не десiн? Бiразы барамыз дейдi. Бiразының мойнына су кетiп жүр.
— Жарайды, қол құраңдар. Сонда оларға әлдерiң келе ме?
Жәнiбек оның әңгiменi өзiнен қашырта отырған қалпын аңдап:
— Неге әлдерiң? Сендер қосылсаңдар, әлiмiз келiп қалатын шығар, — дедi.
— Өй, менi қойшы! Мына Қалдыбай мен Қожақ сықылды қылшылдаған, сен тұр мен атайын деген жастар болмаса,
— деп, Шайхыслам тез жалт берiп, ендi ол жаққа қарай аяқ баспады. Сосын Қожаққа бұрылып: — Бала, әкең қалай,
пақуатты ма? — деп сұрады.
— Шүкiршiлiк,— дедi Қожақ басын көтерiп ап.