Стр. 87 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Кiсi үлкейгесiн... ыңқыл-сыңқылы көбейетiн әдетi емес пе? Соның бiрi шығар?
— Iләйiм солай болғайда.
Сосын Шайхыслам Қалдыбаймен қысқаша амандық-саулық сұрасты да, қайдағы бiр өнбейтiн әңгiмеге көштi.
Әбдiраманның қоян жылғы қызық-қызық қылуаларын айтып, жiгiттердi күлдiрiп отырды.
Шәй келдi. Дастархан үстiне ат жал қылынып сары бауырсақ төгiлдi. Жент, қарынға салынған сары май, сарысу,
iрiмшiк, өрiк, мейiз қойылды. Шайхыслам бiр бас ат басындай көк шекердi шаппа шотпен шауып сындырып, ұсақтап,
дастарханды айналдыра шашты. Сосын шекердiң ұсағын алақанына сап, аузына салып жатып:
— Былтыр Бұқардан әкеп ем, — деп қойды.
— Е, ойақ қалай екен? — дедi шәй алып жатқан Жәнiбек не дерiн бiлмей.
— Не қалайы бар? Насырулла әмiр бұқаралықтарға қатаң тиiп тұр. Ұратөбе үшiн Қоқанмен күнде қырқысады. Менiң
сондағы өзбек тамырымды бiлесiң ғой. Сол айтады, жылда егiн басы қылтиып келе жатқанда, қолқабыс ететiн балларын
соғысқа ләшкерлiкке алып кетедi деп. Олар келем дегенше, шал-шауқан бидайды қалай жинап ала қойсын. Оның бәрi
ұстағанның қолында, тiстегеннiң аузында кетедi. Торғай деген де жаудай. Содан балдары күзде қайтып келгенде құр
аңыздағы масақты терiп отырғандары. Сол аздай, iзiнше әмiрдiң зекетшiлерi жетедi. Өзбек ағайынның күнi осы. Бiрақ
бау-бақшасы болғасын, ол-пұл жетiспегенi бiлiнбейдi екен. Әрi сауда-саттық жағына өзбек әкәм мықты ғой, — деп,
Шайхыслам көтерiлiп қойды.
— Олар... мына бiздiң Әбдiраманнан қалай екен? —дедi бағанадан берi әңгiмеге кiрiспей отырған Қалдыбай күле
қарап. Оның жалпақ бетi жайыла түсiп, оң жағындағы бармақ басындай қалы бадырая қалды.
— Оны қайдам? Ол үшiн екеуiн қан базарға апарып, пысықтық салыстырып көру керек шығар. — Шайхыслам
қулана көзiн қысып қойды.
Жәнiбек қолайсыз әңгiме ұшынып кетпесiн деп:
— Үйтiп немiз бар? Қалай тiршiлiк ету әркiмнiң өз шаруасы емес пе? — дедi. Сосын аузына бiр түйiр мейiздi салып
жатып: — Биыл қай жердi жайламақсың? — дедi Шайхысламға қарап.
— Қуаң бойын.
— Неге?
— Қырға көшуге ат-көлiктi аяп отырым. Малды қан сорпа ғып Қарақұмға барғанмен, отая қойса жақсы. Оның
үстiне... ояқты өте тиышсыз дейдi ғой.
— Қуаң бойының тиыш боларын қайдан бiлдiң?
— Бұяқ қанша дегенмен ел iшi. Ағайын-туған бар дегендей, — деп Шайхыслам мiңгiрлеп, сөзiнiң аяғын жұтып
тоқтады.
Жәнiбек оның ойын түсіндi. Шынболат шалдың мыңғырған малын бiрге айдауға кiсi керек. Малшы, жалшы табу,
әрине, Шайхысламның мойнына түседi. Жаратылысында ерiншектеу ол сондықтан құлықсыз тартып, ат iзiн алысқа
салмай, Қуаң бойындағы от жерлерге аударылып қонып, жазды өткермек. Оған қоса... Шынболатпен қатар отырып, iрге
жақтан жүгiрген қолдың ыстығын мауқы басылғанша сезбек қой. “Әй, қу-ай!” — деп, Жәнiбек құрдасының тереңнен
көздейтiн ақылына таңғалып қалды.
Шәй жиналып, әйел сыртқа шығып кеткесiн, Шайхыслам басын бұған қарай бұрып алды:
— Осы сенi төсек жаңғыртады деп едi. Аяғы ұзаққа созылып кеттi ғой.
Жәнiбек қысылғанынан терлеп сала бердi. Ол орамалымен маңдайын сүртiп жатып:
— Жағдай солай боп тұр, — дей салды.
— Ау, қатын алуға не жағдай керек? Бар да, ал.
— Ендi... бiрден үйтуге...
— Әй, қойшы! Сен де бiр! — деп, Шайхыслам бұған кейiстiк бiлдiрдi. — Сүйтiп жүргенде... өзi кәзiр абайламаса
болмайды. Ел iшi толған әскер. Жамандық айтып келе ме? Одан да қызды үпит-сүпит деп алып, қызығын көрмейсiң бе?
— Қызығын? — Жәнiбек оның жүзiне бажырая қарады.
— Иә, қызығын.
Жәнiбек күлдi:
— Осы сенiң содан басқа бiлерiң бар ма?
— Ойбай-ау, одан басқаны бiлiп не керегi бар? Пәндә боп жаратылғасын пәндәге жайыздың бәрi маған да жайыз.
Тiршiлiктiң ең бастысы — сол жас кезiңде жар сүю, қыз қуу, ойнап-күлу емес пе? Ертең кәртейiп, екi безбен оңыша
алмай қалғанда, кешегi көрген кызығыңды еске алып, өзiңдi өзiң жұбатпайсың ба?
— Ау, сонда ел қамы азаматшылык, деген қайда?
— Өй, сен де бiр! Олай деп кәзiр бас қатыратын заман емес. Ана халық басқардым дегендерiңнiң құлқыны бұзылып
бiткен. Олар пара жеп семiрсе, мен басқаша семiрем. Қалай десең де, тiрлiктiң жолы басқа. Осы бастан сыбағаңды
көбiрек алып қалмасаң, кейiн өкiнесiң. Жас шiркiн бiр орнында тұра бере ме? Жиырма бестiң көшi ұзап кеткесiн, қызық,
қуаныш азайып, кеуiл суалып қалмай ма? Бiз ояғын қайдан бiлейiк. Бұрынғылар солай дептi ғой. Олар бастарынан
өткенiн айтқан шығар. “Барында оралыңның ойна да күл” деген сөз кiм айтса да алтын сөз. — Шайхыслам мұным қалай
дегендей бұған тесiле қарады.
— Бәндә болғасын, о да керек шығар. Бiрақ...— Жәнiбек көпшiкке шынтақтап жатып, аз-кем iркiлдi. — Бұ дүнияда
одан басқа да маңызды iстер бар емес пе?
— Мен ондайға бас қатырып жатпайым.
— Е, солай де. — Жәнiбек көзiн тайдырып әкеттi. Үй iшiнiң желбауына, керегеге қос қабаттап тұтылған қалы
кiлемдерге, сол жақтағы әсем етiп соғылған кебежеге қарады. Сосын жартылай ашық түндiктен сыртқа сыздықтап
шығып бара жатқан қоңыр түтiнге көз салды. Iшiнен: “Мынау тайыз екен ғой”, — деп құрдасына қарны ашып қалды.
Жiгiттер майы көп үйме табақ еттi тез тауысты. Ет жеп болғасын‚ Жәнiбек бiр-екi кесе сорпа iштi де, ас қайырып,
қонып кет деп жабысқан құрдасына әр түрлi сылтау айтып‚ жолға шықты. Шайхысламның ауылынан ұзап шыққасын‚
олар Қуаң бойының жыңғылы көп қалың жықпылымен құлықсыз жүрiп келе жатыр едi‚ кенет алдынан құм төбенiң
астынан бiреу қылаң еткендей болды. Бұлар төбе басына шоқытып шыға келгенде‚ әр жақтан суыт жүрiп келе жатқан
Нияз көрiндi. Бай мырзасы аңға шығатын кiсiше ықшам киiнiп алыпты. Басында жеңiл пұшпақ бөрiк. Үстiнде шолақ
шапан. Соңына ерткен тазысы сылаң етiп алға озды да, бұларды көрiп, кiлт тоқтай қап, құйрығын екi бұтының арасына
қысып, егесiне қайрылып қарады. Нияз жақын кеп, бұлармен амандасты.