— Иә, барыс қалай? — дедi Жәнiбек енжар ғана.
— Жаңа аң қағайын деп шығып ем. Iшiм пысып кеттi. — Нияз жан-жағына жалтақтап қарап қойды.
— Солай де. Ендiгi бетiң қалай?
— Мына Шынболаттың ауылына соғам.
— Бiз де солай қарай бара жатыр ек, — деп, Жәнiбек өтiрiк айта салды. Неге олай дегенiн өзi де бiлмедi. Таңғалған
серiктерiне көзiн қысып қойды да: — Ендеше жолымыз бiр болды, — деп, астындағы атын тебiнiп қалды.
Төртеуi қатар келе жатқанда, Жәнiбек iшiнен сол ауылға барғанда айтар сылтауын ойлап та үлгердi. Ол былтыр
Қоқанға кетiп, Шынболаттың ауылынан зекетке мал ала алмаған едi. Ендi соның iзiнен келе жатқан болады. Неге бұлай
ету керектiгiн ол анық аңғарған да жоқ. Әйтеуiр, бүгiн бiр қыдырғысы келдi. Жәнiбек қасында атын тайпалтып келе
жатқан Ниязға бұрылып:
— Немене, қалыңдығың ауа көшiп кеткен бе? — деп әзiлдедi.
— Көшсе, атамнан әрман, — дедi Нияз тыжырынып.
— Ау, неге?
— Өй! — Ол қолын сiлтедi. — Бай керек болса, өзi iздеп келер.
— Мәссаған! Ау, онда мұның соңы...
— Кезiнде көре жатармыз.
Шынболат шал үйiнде екен. Ол тосын қонақтарды онша ырай бермей қарсы алды. Бiрақ онысына Ағлес қараған жоқ,
ол қызметшi жiгiттi шақырып ап, бiр малды сойдырды да тастады. Қазан көтерiлiп, жас сорпа иiсi шығып, жiгiттер
кеуiлденiп отырды. Ағлес бiрде iшке кiрiп, Шынболаттан қысылмастан, Жәнiбекке бұрылып:
— Сiз көп келе бермейтiн қадырданды қонағымыз едiңiз. Кiсi осындай себеппен ғана бас қосады. Әсiресе, ел
арқасында жүрген азаматтардың қыз-қырқын қуып, түтiн аңдып жүруге мұршасы бар ма? Бүгiн құдай айдап келе қалған
екенсiз, асықпай қонақ болыңыз. Шаруаңызды жата-жастана айтарсыз. Шеңгелге қалай гүл бiткен деп таңданбай-ақ
қойыңыз. Бұ да мал бiткен шаңырақтың бiрi. Бiр мал қонақасыңызды жейсiз, — дедi. Оның басына киген биiк
сәукелесiнiң астынан қадалған сiлеусiн көздерi ерекше сәуле шашып жарқ-жұрқ ете қалды.
— Алларазы болсын, — дедi Жәнiбек оған шынымен риза боп.
Шынболат шал қыржиды да қалды. Сосын ол әңгiмеге зауқы соқпай‚ мұның сұрақтарына шолақ-шолақ жауап
қайырып отырды.
Жәнiбек ас үстiнде ыңғайсыздана бердi. Шынболат шалдың бұлардан жас тоқалын қызғанатынын аңғарды. Бiр сәт:
“Өзi... қатар болмағасын қиын екен-ау! Малды қосақтап бергенмен, кiсi кеуiлiн сатып алып жарымайсың ғой. Жас
алшақтығы ортада жатқан ордай үңiрейiп тұра-ды екен. Ақта тартқан шағыңда жас биелердiң арасында жайылып не
абырай табарсың?” — деп қатты ойланып қалды. Сол арада ол iшке ас қамымен кiрiп-шығып жүрген Ағлестiң Ниязға
оқта-текте жазғыра қарап өткенiн айқын аңғарды. Олардың жағдайына Жәнiбек қанық едi. “Алда құдай-ай, мынаны
шынымен жақсы көредi екен ғой! Қор болған екен ғой!”
Еттен кейiн Шынболат бұларды қондырмайтын ыңғай көрсеттi. Жәнiбектер киiнiп жатқанда аяқ-табақты көтерiп,
сыртқа шыға берген Ағлес:
— Қон деуге дәтiмiз бармайды. Қанша дегенмен жолы жiңiшке ұрғашымыз. Қинап қондырғанмен, төсек астына
салынған шеңгелдiң тiкенегi жамбасыңызға батар деп қорқамыз. Қолдан келген бар мәзiрге ырза боласыз, — деп‚ бiр
түрлi боп күлдi.
Жәнiбек келiншектi қатты аяп кетiп:
— Iж айыбы жоқ. Осыған да ырзамыз, — деп, сыртқа шыға бердi.
Бұл кезде күн еңкейiп қалған едi. Кешке қарай терiскейден ызғырық жел тұрып, күн ұзақ жiпсiген қар қайтадан
шынылана қатып, айнала салқын тартып сала берген екен. Көк жүзiнде жынды жел түре қуған жалба-жұлба бұлттар
жөңкiле көшiп барады. Көкжиекке жартылай сiңiп үлгерген күн көзi қып-қызыл. Бергi жағы буалдырланып, шаңыта
түскен. Күндiз мамыражай жатқан кең дала да қыстың ақырғы ызғарын сезгендей аяқ-қолын жинап ала қойыпты.
Аттар тоң боп қатқан қара жердi дүңк-дүңк басып келедi. Жәнiбек оңтайланып отырып, етек жеңiн жинап,
қаусырынып алған. Жаңағы үйден алған қолайсыз әсерi оның тұла бойын қалтыратып жiбергендей. Әлi де ол мұның
жанын мазалап келедi. Сосын: “Осы бишаралардың-ақ бағы ашылмай қойды, — дедi iштей күбiрлеп. — Кәде-қаумет‚
ата жолы деп, оларды мал құсатып сатып алып жатамыз. Алдағы уақытта әлi қаншасы сатылмақ! Сүйтiп жүрiп, нәпсiнi
пұл табатын сауда көзiне айналдырып алмасақ не етсiн? Әлде жас ұрпақ басқа бiр жолын таба ма?”
Ол бiр тұсқа келгенде еңсесiн тiктеп, батыс жаққа қарап едi, көзi сонау зеңгiрдiң бiр тұсында өңi қаша iлмиiп‚ тiк
туған жаңа айды көрдi. Кешқұрымғы бұлаңытқан салқын ауаның әр жағынан құбыла жылтыраған айға қарап, Жәнiбек
әдет бойынша: “Жаңа айда жарылқа, ескi айда есiрке!” — деп күбiрледi.
Көсенiң кезеңiне iлiккесiн, Нияз ауылына қайтып кеттi. Бұлар көз байлана ауылына келсе, әкесi Мамырай келiп
жатыр екен. Кешкi тамақтан соң, Мамырай оңаша қалғанда, бұған қарай мойнын бұрып алды:
— Балам, осы ханға жағам деп, аузы ашық тұрған аранға қарай тура бара жатқан жоқпысың? — дедi. Оның сабырлы
жүзiнде бiр мазасыздық бар.
Жәнiбек ойланып қалды. Әлден уақыттан соң барып ақырын тiл қатты:
— Шешiнген судан тайынбас деген. Алдымда терең су барын өзiм де байқап жүрмiн. Арғы жағаға өтiп шыға алам
ба, жоқ па, — оны бiр Алла бiледi де.
— Сонда да... Құдай сақтансаң, сақтармын деген. Шаруаңның мына бет алысы маған ұнамай жүр.
— Көке-ау, ендi маған кәйт дейсiң? — Жәнiбек әкесiне жазғыра қарады. Баяғыда ат арқасына қон, ел тiзгiнiн ұстауға
тырыс деп қамшы салған өзi едi. Ендi соны айтуға ыңғайсызданып, бар сөзiн көмейiнде iркiп қалды.
— Е, солай де, — дедi Мамырай аздап күрсiнiп. — Елдiң бақпасы болғасын, басқа салғанға көнесiң де. Дегенмен
алды-артыңа қарап, абай болғаның жөн. Сонымен соғысамыз дейсiңдер ме?
— Солай болатын түрi бар.
— Әлдерiң келсе, — жақсы. Келмесе... ақ патша соларыңды соңырағы күнi кек тұтып, iзiңе шырақ алып түседi ғой.
Сосын қиын болмай ма?
— Оны... бiлем.
— Не десең де алмағайып заман болғалы тұр-ау. Бәндәның қолында тұрған не нәсте бар? Лаж жоқ, бәрiн... маңдайға
жазылғаннан көремiз де, — деп, Мамырай күр-сiнiп, төсекке бiр шынтақтап жатып, аяғын созып жiбердi.