Стр. 89 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Жәнiбек үндемедi. Өзi осы қызметiнiң өзiне ауыр тиiп жүргенiн сезедi. Бiрақ мынадай қиын сәтте сардарлығын Хиуа
ханының өзiне бере салса, ел не дейдi, хан не дейдi, деп iштей абыржып бiтедi. Әсiресе, Ережеп ақ патшаның ығын
алғалы мұның дегбiрi қашты. Мұның Райымдағы орыс ұлығымен тiлдесiп көруiне қас жауының сол арада жүргенi
кедергi бола бередi. Сосын: “Ережеп мен жайлы айтып та қойған шығар. Сосын... ақ патшаның жандаралы дұрыстап
сөйлесе қоймайтын шығар”, — деген бiр ұры күдiгi бел алып кетедi. Содан соң намысқа тырысып, ендiгi жерде не болса
да Хиуа ханымен бiрге көргендi қолай көредi. Үйтетiн себебi бар. Мұның ойынша‚ дiнi, тiлi бөтен жұрт Сыр өлкесiне
қоныс тебе қалса, арты не болмақ? Елдi кiм билейдi? Олар мал-мүлкiмiздi талап алмай ма? Мешiттерiмiздi бұзып,
орнына шiркеу салып, шоқындырып жүрмей ме? Ертеректе ақ патша ауқымына қараған қара татарлардың бiразы
шоқынды боп кетiптi деп жұрт айтып жүрген жоқ па? Үйтер болса, әдет-ғұрпымыз, тiлiмiз не күйге ұшырамақшы?
Осының бәрiн ойлай келе, қалың тұманның әр жағына үңiлгендей ештеңеге көзi анық жетпей, сәл нәрседен кiп алып,
үркiп‚ Жәнiбектiң басы қатты. Оның үстiне соңғы кездерi ел арасына үгiт таратып жүрген дәруiштердiң сөздерi
алаңдатып‚ мұның күдiгiн мүлде қалыңдатып жiбердi. Ендi кәзiрде де сол есiне түсiп, екi иiнiнен зiл басып, Жәнiбек
бұқырайып отыр.
Сыртта өрiстен қайтқан сиыр тұяғынша сытырлап, көктем айының соңғы қиыршық қары терезенi дамылсыз шертiп
тұр.
16
Қайып ханның орыс жағымен тiлге келiсiп жатқанын естiген бойда Елмырза төренiң дегбiрi қашты. Сосын‚ неге,
деп‚ оның шарадай басы шақшадай болды. Ақыры соның бiр ұштығын аңдамақ боп, ел iшiнде сөз баққан бiраз кiсiден
сыр тартып көрiп едi, олар ештеңеден де хабарсыз боп шықты. Бұл оның күдiгiн одан арман қалыңдата түстi. Ақыры
басына бiр ой түсiп, Елмырза бүгiн ертемен қасына Шатайды ертiп‚ атқа қонды.
Күн арқан бойы көтерiле, қос салт атты суыт жүре отырып‚ Сырға кеп құлады. Жатақтардың жапырайған
жертөлелерiнiң тұсынан өтiп бара жатып‚ Елмырза тiзгiн тартып‚ әлденеге iркiле түстi де‚ селдiр мұртына қатып қалған
жұқа қырауды қолымен уатып тұрып, кенет ат басын жатақтардың аулына қарай бұрып алды. Сосын қатқақ жердi ат
тұяқтарымен дүсiрлете кеп, Тиышбек үйiнiң жанына жете бере тоқтады. Бұлар аттарынан түсе бергенде, iштен:
— Бұ кiм ертемен қаңғып жүрген? — деген Ақрәштiң тарғыл даусы естiлдi.
Оның соңынан Тиышбектiң даусы шықты:
— Өшiр үнiңдi! Алтын басымен ақ төрем жаман үйiңе кеп тұрғанда қайдағыны сандалап! Онан да былай...
Тиышбек алау-далау боп сыртқа жүгiре шықты. Келе Елмырзаның қолын ап, жалпылдады да қалды:
— Жақсы келдiң, Елеке. Мақтап жүредi екенсiң, әлгi қатын атала қайнатып жатыр едi. Кәне, үйге кiр. Мiне, былай.
Өзi аздап қараңғылау. — Аласа маңдайшадан еңкейiп өте берем дегенде, өзi әлденеге сүрiнiп кетiп, етпетiнен құлады. —
Өй, әкеңнiң аузын... Биыл тоңғасын, бала-шаға жаурамасын деп, көшiп ала қойып ем. Жатақтың не оңған күнi бар?
Осылай, кiрiп-шыққанда мұрттай ұшып түсiп жатасың, — деп, ол қолымен жер таянып тұра бердi. — Кәне, Елеке, былай
шық. Жатақтың кiлемi — бойра. Мiне, мына араға.
Елмырза өзiне жалпылдап жатқан Тиышбекке онша ырай бермей, киiмшең қалпы шаң-шаң бойраның үстiне кеп
малдас құрды. Сосын өзiмен амандасқан Ақрәшпен қысқаша есен-саулық сұрасты да:
— Тиышбек, отыршы мұнда. Сенен бiр сұрасам деген сөзiм бар едi. Соған бола әдейi бұрылдым‚ — дедi.
— Сұра, Елеке. Бiз бiлмейтiн нәсте жоқ шығар, — деп Тиышбек жетiп кеп, қазандық пеш жанына кеп сарта жүгiне
отырды: “Бiр мал сыбағаңды жеп кет десем бе екен?”
— Кәзiр... ақ патшамен соғысамыз деп‚ аналар... е‚ анау ше... иә‚ сол... қол құрап жатыр деп ел шулап жүр. Сол не
өзi‚ рас па? — дедi Елмырза бұған көзiн сығырайта қарап.
— Ол рас. Ана Жәнiбек сардар бар емес пе? Сол ауыл-ауылды аралап, жiгiт жинап жүр. — Тиышбек iркiле түстi:
“Мұны неге сұрап отыр?”
— Оған Қайып хан да қатыса ма?
— Ау, исi мұсылман қауымның тiрегi болып отқан хан тақсыр оны қолдамағанда, мына менi қолдай ма? Оны
жәһилдерге қарсы ғазауат соғысын жариялайды деп ел шулап жүр.
— Е, солай де. — Елмырза қулана күлдi. — Ел соған сенедi, ә?
— Е, сенбей не көрiнiптi? — Тиышбек оның жүзiне бажырая қарады.
— Ал, сол елiң... ана Қайып ханның ақ патша кiсiсiмен астыртын мәмiле жүргiзiп жатқанын бiле ме екен?
— Не, не? — Тиышбек құйрығымен жорғалап, iлгерi қарай ұмсынып отырды да, жорта ойланып, қылтанақсыз сүйiр
иегiн қолымен сипады. — Мәмiле? О не нәсте? Ә, жаңа түсiндiм. Бұл миғұланы қой. Бас жоқ қой, — деп, ол қолымен
маңдайын сарт еткiздi. — Мәмiлеге келедi, ә? Сонда ана жандаралмен бе? Апырмау, өз құлағыма сенейiн бе, сенбейiн
бе? — Тиышбек көзi шұңғыл iн түбiнде жатқан көзгелдек суша жылтырап, тоқтай қалды: “Мынау менi аранға жыққалы
отырмасын? Осы менiң аузыма еге бола алмайтыным-ақ жаман. Кәзiр бiрдеңенi шатып қойсам, ертең ханға айтып
барып... басым бәлеге қап жүрмесiн”.
— Сен, сенбе, жағдай солай, — дедi Елмырза сөзiн нықтай түсiп.
— Қой, ол мүмкiн емес. Өткенде ғана ана Нақып төремен бiрге ел аралап, түстенiп жүргенiмде... — Ол аз-кем iркiлiп
қалды. Есiне Нақыптың өзiн қорлағаны түсiп, ызасы қайнап кеттi. Сонда да сыр бермей: — Иә, сонда, ол маған басқаша
айтқан сияқты едi, — дедi.
Елмырза күлдi:
— Әй, аңқауым-ай! Бер жақпен айтқанға сене бересiң.
— Иә, мен... аңқаумын. Осы аңқылдақтық-ақ түбiме жетiп болды. Бүйтпегенде, бүгiнде қора-қора мал айдап, қыдыр
көрген байлардың санатында жүретiн едiм ғой. Иә, сосын?
— Оның еш сосыны жоқ. Ана Қайып хан сүйтiп жатыр дегендi мен жақында ұзын құлақтан естiгем. Сосын сенен
расын бiлейiн деп едiм. Бiздiкi... былай‚ жорамал ғой, — дедi Елмырза сақтық ойлап. Ол бұл сөзiнiң ертең-ақ мына
дуасыз ауыздан екi есе боп өсiп шығып, Сыр таба-нын жайлаған жалпақ елге бiр күнде тарайтынын бiлiп, iшiнен сылқ-
сылқ күлдi.