Стр. 90 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Ә, солай де... Өзiм де сүйдеп едiм-ау! Жарықтық хан ием, үйтiп алтын басын қор қылмайды ғой. — Тиышбек
қаралай тыжырынды: “Қап, өзi азғантай атала едi. Мынау соған ортақ болатын болды-ау”. — Әй, қатын, асыңды әкел.
Елекең шаруа бабымен асығыс жүр екен. Хан жайлауға шыққасын, әлi-ақ сыбағалы малын жер. Бол, төрем асығып отыр.
Елмырза сұйық аталадан ауыз тидi де қойды. Сосын ас қайырып, сыртқа асыға шықты да‚ жертөленiң сасық
ауасынан құтылғанына қуанып, атына асығыс мiндi. Содан кiдiрiмей жүрiп отырып, дарияның жағасына келдi. Сырдың
сеңi әлi бұзылмай, кейбiр жерлерi нiлге салған жаулықтай көгiс тартып жатыр екен. Елмырза мұздың қалыңдау тұсымен
жүрiп отырып арғы бетке өттi. Сол күнi Қылышбайдың күзерiнде қыстап отырған ауылдарга бiр қонып, ертеңiне ұлы
сәске шамасында Қожанияз қамалына жеттi. Әдепкiде анада жермен-жексен боп қираған қамалдың сырт пошымын тани
алмай, көзiн сығырайта қарап, аз-кем iркiлiп қалды. Көзiн қолымен уқалап жiберiп‚ бұл анықтап қарап едi‚
хиуалықтардың қамалдың қабырғаларын биiктетiп‚ қайтадан салғанын‚ оны айналдыра терең ор қазып тастағанын‚
қамалдың сыртында мың қаралы атты сарбаздың найзаласып‚ қылыштасып‚ әскер ойынына жаттығып жатқанын көрдi.
Сол екен, iшiнен: “Мыналардың мынаусы несi? Өзi... әскер көбейiп кетiптi ғой. Сонда бұлар шынымен ақ патшамен
соғыспақшы ма?” — деп‚ Елмырза тiксiнiп қалды.
Ядгарбек пен Уәйiс-Нияз мұнымен онша ашылып сөйлеспедi.
— Сонымен Қайып хан орыстарға елшi жiбердi дейсiң бе? — дедi Ядгарбек түсiн суыта қарап.
— Иә, мырза.
— Демек, ол бiздi алдап жүр ғой.
— Иә, мырза.
— Ал, сенiң өзiң алдап тұрған жоқпысың?
— Мен бе? Құдай сақтасын! — Елмырза бас уәзiрдiң суық жүзiне шошына қарады.
Ядгарбек тiс жармай, терiс бұрылып жүре бердi.
Елмырза бас уәзiр қанша сыр бермеймiн десе де, оны қинап жүрген бiр нәрсенiң барлығын аңдап қалды. Сосын
соның үстiне май тамыза түскiсi кеп:
— Сенбесеңiздер өз ерiктерiңiз. Менiкi ұлы ханымызды алдын ала сақтандырып қою ғана‚ — дедi.
Бас уәзiр жалт бұрылды:
— Ұлы хан орыс патшасынан айылын да жимайды. Әгәр оның қаһары келсе, Шыңғыс хан өз заманында сұраған
Едiл, Жайық бойынан ақ патша қолын әрi қарай асырып қуып тастайды.
— Иә, ұлы хан сүйтедi, — дедi Уәйiс-Нияз сәлде салған дағарадай басын иiп. Сол сәтте оның ұстарамен тықырлап
қырған көгiс мойны анық көрiндi.
— Оған не сөз бар, — дедi Елмырза өзiн қыштаған күлкiнi әзер дегенде басып.
— Ендеше бiз Қайып ханнан сескенбеймiз.
— Әрине, әрине. Менiкi бiр сiздерге бiр пайдам тие ме дегендiк едi. Артық айтсам, афу етiңiздер. Бiздiң кейде
осындайымыз бар, — деп‚ Елмырза сыртқа шыға бердi.
Ол Шатай аттарды күзетiп тұрған желiнiң жанына жылдам жетiп, басының аман-есен тұрғанында қамалдан шығып
үлгергендi жөн көрдi. Сосын жеткен бойда тыпыршып тұрған атына жас жiгiтше қарғып мiндi. Бұл басын ала жөнелген
арғымақты тiзгiнмен делбей бергенiнде, iштен Ядгарбек аяғын асығыс басып, шыға келдi:
— Мырза, тоқтай түрыңыз.
Елмырза амалсыз iркiлдi. Ядгарбек мұның жанына кеп, кең жұқа шапанының қаусырмалы өңiрiн қымтай ұстап
тұрып:
— Жаңағы сөзiңiз рас-ау деймiн. Жақында бiз де сол жайында естiп ек. Сонда... — деп, аз-кем мүдiрдi. — Ол не
жөнiнде сөйлесiп жатыр екен?
Елмырза мысқылдай жымиды:
— Оны... бiр Аллатағалам бiледi. Құдай бiлуге жазбаған нәстенi бiлем деп тырысу күпiрлiк емес пе? Сау болыңыз,
бас уәзiр. — Ол атын тебiнiп қалды.
Қамалдан шыққасын барып, Елмырза уһ деп демiн бiр-ақ алды. Жаңа оны Уәйiс-Нияздың қату түрi шошытып
тастаған едi. Мұндай қанқұйлы жәлладтың сиқырлана күлiп тұрып, терiс айнала бергенiнде, кылышпен сыр еткiзiп,
басыңды шаба салуы оп-оңай. Бұл одан бұлайша тез құтылғанына қуанды. Ең бастысы, мұның Қайып ханға
хиуалықтардың күдiктене бастағанына көзi жеттi. Ендi жалпақ жұрт үшiн талас өршiмей қалмайды. Сүйтiп екi
қошқардың басы бiр қазанға сыймай жатқанда, өзi бiр шеттен ел тiзгiнiн ұстап шыға келсе, айдарынан жел есiп жүрмей
ме? Бiрақ оған Қайып көне қоя ма? Ендеше не iстеу керек? Ол ер үстiнде қозғалақтап қойды. Сосын сары аяңмен келе
жатып‚ басына көптен берi келiп жүрген бiр ойдың оң, терiсiн бiлмей дал болды. Мұның iшкi есебi бойынша, көп
тоқалдың бiрiнен туған Шотан төре алтын тақтан баяғыдан-ақ дәмелi. Бiрақ оған Қайып пен Нақып билiк бере
қоймайды. Қайта олар Шотаннан кәуiптенгендей, оны қалың төлеңгiттер ортасында ұстап, орда маңына жолата
бермейдi. Соны жақсы бiлетiн бұл анада бiр көргенiнде, Шотанды әумесерлеу ме деп қалған едi. Ендi сол байқағаны рас
көрiнiп, алақанына түкiрiп қойды. Сосын ол iштей‚ иә, сүйту керек, деп бiр шешiмге келдi.
Арада екi-үш күш өткесiн, ол жалғыз өзi түлкi қаққан боп жұрiп, Шотанмен айдалада оңаша кездестi. Жас төре де аң
аулап жүр екен. Оны көрiп, Елмырза сылқылдай күлдi:
— Апырмай, төре басымызбен қара құсап екеуiмiздiң аңшылық құрып жүргенiмiз былай қараған жұртқа ерсi-ау.
— Е, неге? — дедi алаңғасарлау Шотан одырая қарап.
— Ау, Шыңғыс атамнан қалған үрдiс бойынша, төре тұқымы хан болуға, алтын тақта отыруға, түлкi емес, жауды
қағуға тиiс емес пе? Ал бiз...
Сол екен‚ Шотанның түрi бұзылып сала бердi:
— О да рас екен-ау. Бұл нағып бұрын басыма келмеген‚ а?
— Ойбай, қарағым, сенiң басыңа келмей жүрген нәсте жүдә көп қой. — Елмырза жорта iркiлдi. — Бiрақ бәйбiшенiң
ұлдары тұрғанда, тоқалдан туғандарға жол қайда? Ана Әбiлқайырды кiшi шешемiзден дөреген деп көкжал Барақ өлтiрiп
кеткен жоқ па? Қалғандары да соның кебiн киедi ғой.
— Неге? — Шотан түсi сұрланып, ер үстiнде қозғалақтай бастады.
— Оның еш негесi жоқ... — Елмырза жорта әңгiме бетiн басқа жаққа аударды. — Анау қараңдаған кiм?
— Төлеңгiтiм ғой.
— Ол үнемi қасыңа ерiп жүре ме?