— Иә.
— Е, бақташың қасыңда екен ғой. Жөн, жөн, — деп, Елмырза күле түстi де, сақтық ойлап: — Осы Қайып ханның
ақылына таңғалам. Кәзiр ғой ол Хиуаны да, ақ патшаны да қызыл тiлмен байлап-матап, бiрдей етiп ұстап отыр. Тусаң
ту! — дедi.
Шотан қап-қара боп үндемедi.
— Туымды деп... әне соны айт! — Елмырза тағы да оның тоқалдан туғанын есiне сап, өршiгелi тұрған отқа май құя
түстi. — Ал, жақсы. Ауыл арасы онша қашық емес қой. Жолың түскенде бiр мал сыбағаңды жеп кетерсiң. Бақташың
басқа нәстеге жорып жүрер, — деп‚ ол атын басын бұрып‚ етiгiнiң өкшесiмен тебiнiп қалды.
Елмырза әлгi жерден ұзап шыққасын‚ ат басын сәл iркiп‚ бүткiл кеудесiн бұрып‚ артқы жағына қарап едi‚ — Шотан
сол орнында сексиiп әлi тұр екен. Соны көрiп‚ өзiнiң атқан оғының нысанаға дәл тигенiн аңдап, Елмырза төре iшiнен
сылқ-сылқ күлдi.
17
Жаңадария бойы көктем туысымен, жасыл желекке оранды. Жауқазындар әлсiз, ақ борықтай жiңiшке сабақтары
майда желге қалтырап, иiлiп кете бергенiне қарамастан, жарқырай ашылған күнге, жылы шуаққа қарай бой созып келедi.
Құртқашаштар айдалада домалана қалған кiрпiкшешенше бiрден көзге шалынды. Маңайдан жас көктiң иiсi бұрқырайды.
Мал төлдеп жатыр.
Биыл Ережептiң ауылдары араларын алшақ салып, шағыл ұмның ықтасыны көп тұсын жеке-дара қыстаған едi.
Қайып ханның жасауылдарынан сақтанған мырза негiзгi отарларын алысқа айдатып жiберiп, қолдағы малды осылайша
бөлiп-бөлiп ұстаған болатын. Сол үлес кезiнде Шәкидiң қарамағына да бiраз мал тиген едi. Соны үй iшiмен тiзе бүкпей
жүрiп күттi. Жас төлдi iшке алды. Дархан жас босанғанына қарамастан, нәрестесiн енесiне ұстата сап, шаруашылықпен
айналысып кеттi. Ауыр жұмыстарға, көбiне, Шәкидiң өзi көмектеседi.
Шәки биыл шаршап жүр. Оны мырзаның таусылмайтын барып кел, алып келi әбден мезi қылды. Оның үстiне соңғы
кездерi Дарханның қабағынан кiрбiң арылмайтын болып алды. Ол жансыз-жақсыз әкесiнiң жайын ойлай ма, жас баланы
емшектен шығарысымен ата-анама апарып берейiк, алданыш қылсын‚ деп, көптен берi қыңқылдап жүр. Оған шешесi
көнбейтiн сықылды. Ол кейде мұның көзiнше: “Жаңғызымның көзiндей қарашығымды бер дегенiң не? Құдай берсе,
тағы бiреуiн табарсың. Соны берсек те жарамай ма?” — деп‚ күңкiлдеп те қояды.
Бүгiн Шәки мырзаның ауылына келдi. Ережеп бiр кiсiден мұны шұғыл шақыртып жiбертiптi. Қарақұмның бiр
ықтасыны жақсы жерiне тiгiлген алты қанат ақ үйдiң iшi жып-жылы. Бұл кiрiп келгенде Әбдуәли қолын сiлтеп, қызына
сөйлеп жатыр екен. Ережеп көзiн төмен салып жiберiп‚ қолымен анда-санда мұртының шалғысын сипап қойып‚ оның
сөзiн салғырт тыңдап отыр.
— Бұл Есiмдердiң кiмдi қорлағаны, а? Ана сайқалды желiктiрiп бiттi. Ол кәзiр ел-жұрттан да ұялуды қойды. Ана
перi... оның некелi байы сықылды, — дедi Әбдуәли шiңкiлдей сөйлеп.
Ережеп оған мысқылдай қарады:
— Өзiңе де со керек. Суйегi жат жерден кiсi пана iздей ме екен?
— Ережепжан, ол айтқаныныңның iж қалетi жоқ. Ми жоқ қой мына қауақ баста. — Әбдiуәли кiшкене жұдырығымен
маңдайын қойып-қойып қалды. — Қайдағы Есiмдерге барып, пайда, қылам деп, менi не қара басты десейшi. Онан да өз
ағайынымды жағаламадым ба?
— Бiздiң сүйтiп ақылымыз кеш кiредi ғой, — деп, Ережеп қабағын шытып, төменгi жаққа отырып жатқан бұған көз
салды. Сазарған қалпын бұзбастан: — Мiне, көрдiң бе, Есiмдердiң туысқандарьща не iстеп жатқанын? — дедi.
— О не? — Шәки таңғалды.
— Оны ағаңның өзiнен сұра.
— Ойбай, айтары жоқ, — деп, Әбдiуәли зарлап қоя бердi. — Жалшы болам деп, бар әбiрейден айрылып бiттiм. Ана
қатын Нияз перiмен тамыр боп...
Шәки Сағынай ауылындағы уақиғаның шет жағасын бұдан бұрын естiген едi. Әсiресе, Нияз бен Алуаштың
арасындағы қаңқу сөз құлағына тиген күнi-ақ iшiн тартқан. Өз есебi бойунша, Ережеп сүйекке қызбай тұра алмайды.
Ағайынның арын арлаған боп, ежелден тiстесiп келе жатқан ауылынан есе қайыруды ойламай қалмайды. Үйтер болса,
тағы да қиын шаруаға мұны жұмсайды. Ендi мырзаның өзiн неге шақырғанын сезген ол iштей жиырыла түстi де‚
Әбдiуәлидiң сөзiне жауап қайырмай, басын iшiне алып, томаға тұйық отырып қалды.
— О қорлағаны аздай, сенi немене тура ажалға қарсы айдап апаратын болған ба? — Ережеп кенет жадырай қарады.
— Иә, онысы тағы бар.
— Сонда... осылайша қасқырдан қорыққан қоянның көжегiнше бұқпантайлап отыра беремiз бе?
— Ережепжан, соны саған ақылдаса келдiм. Аға да, жеңге де өзiңдiкi. Қайда бастасаң, мен сондамын.
— Сонда... не ойың бар?
— Iж ойым-сойым жоқ. Күш жетсе, Сағынайдың ауылын шауып алу керек!
— Ал, сен қалай көресiң? — Ережеп бұған бұрылды. Оның шаралы жүзiне ойнап шыға келген әжуасы аралас күлкi
астарынан сынай қарағаны байқалады.
Шәки ыңғайсызданып‚ iш жағында қайнап жатқан ренiшiн әзер жасырып:
— Ояғын мен қайдан бiлейiн. Өздерiң... — дедi.
— Қайдан бiлгенде, былай. — Ережеп тамағын кенедi. — Бұл Есiмдер әбден құтырды. Сардарлықты бiзден тартып
алды. Ол аздай‚ олар былтырдан берi менiң қыр соңыма түсiп жүр. Ау, сонда оларға бiз не жаздық?
Есiне Мiрәлiнiң iстеген алуан түрлi зорлық-зомбылығы түскен Шәки ақырын ғана мырс еттi.
— Олар бiздiң болған-толғанымызды көре алмайды. — Ережеп даусын нықтай сөйледi. — Бүгiн жесiрiңдi
масқараласа, ертең от басына ойран салады. Оған көнетiндей немене бiз тоқалдан туып па едiк? Менi тыңдасаңдар, жiгiт
жинап, Сағынайдың ауылын шауып алу керек. — Ендi Ережеп бұйыра сөйледi. — Шәки, сен бүгiн ана Тайпанның
ауылына бар. Олар да ақ патшамен соғысуға жiгiт бермеймiз деп тулап жатқан көрiнедi. Сен барып бiзге қосыл де.