Стр. 93 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

атасы биыл қыстан күйлi шығыпты. Бұларға деп сақтаған сүрiн қазанға салдырды. От жанып, қазан көтерiлiп, сорпа исi
шығып, жатаған там iшi ажарланып сала бердi. Басына кiшкене сәлдесiн орап жатып Көпжан:
— Сонымен ел шабамыз дейсiңдер ме? — дедi кекеткенi не қоштағаны белгiсiз түрмен.
— Солай боп тұр. —Шәки қысылды.
— Бұрынғының батырлары елдi жат жаудан қорғаушы едi. Бүгiнгiнiң ерлерi өз елiн шабады, ә! Өйдөйт, заман-ай!
Шәки не дерiн бiлмей, төмен қарап иiле түстi.
— Сонда... жазым боп кетсеңдер кәйтесiңдер?
— Оны... қайдам.
— Қайдам? — Көпжан мырс еттi. — Бұлардың азамат болған түрлерiн қарай гөр! Қайдам дейдi. Сендер осы қатын,
бала-шағаларың, соңдарыңда тiлектерiңдi тiлеп, екi көзi төрт боп отырған шешелерiңнiң бар екенiн ойлайсыңдар ма?
Әлде сендерге бәрi бiр ме?
Шәки үндемедi.
— Е, солай деңдер, — дедi Көпжан даусын созып. — Бұрын шаруа кiсiнiң қолына құрық тисе, жетiп жатыр деушi ек.
Ендi мылтықтың да керегiп қалғаны-ау. Бәлкiм, о да жөн шығар.
Шәки не дерiн бiлмей‚ көптi көрген кәрияның өзiне тигiзiп айтып жатқанын сездi де, қибыжықтап, малдасын құра
алмай, ұйып қалған аяғын қайта-қайта уқалаумен болды.
Таң алакеуiмде Шәки әлдеқандай сатырдан шошып оянды. Әуелгiде үстерiне мың-сан жылқы дүсiрлеп келiп
қалғандай көрiп, көйлек-шалбарын асығыс кие сап, үстiне шолақ тонын жамылып сыртқа шыға бере, аңтарылып қалды.
Кеше ғана тоң-торыс жатқан ұлы дария бiр түн iшiнде қыстай сiреу боп қатқан мұз көрпесiн дар-дар айырып, ересен
қуатпен шiрей тасып, Үшатамның иек тұсындағы жалпақ көлтабанды басып салып та үлгерген екен. Аудан-аудан сеңдер
алып жайындарша ақырын қозғалып, бiр бiрiне тиiскенде шақыр-шұқыр етiсiп, Аралға құйылыс жаққа қарай көшiп
барады. Сарылдаған лайлы су дыбысы құлақ тұндырады. Айналадан ылғалдың, шiрiген борықтың исi шығады. Шығыс
жақтан иiн тiресе ығып келе жатқан көп сеңнiң қап-қара бауырлары сәл көтерiле түсiп, бiрiнiң үстiне бiрi мiнiп,
сатырласып қалғанда, Сыр үстiнде көп кiсi қараңдап, мұздан мұзға секiрiп жүргендей боп көрiнiп кеттi. Кейде iрi
сеңдердiң қап-қара бауырлары көтерiлiп барып, кiлт төмен түскенде ашылып жабылған жайынның аузы сияқтанып
кетедi. Сарылдаған су, ыңырана қозғалған ұлы дарияның сарыны, әрлi-берлi қанаттары далпылдап ұшып жүрген қара
қарғалардың шаңқылы, жаңк-жаңқ сөйлескен кiсi дауыстары — бәрi қосылып, бұйығы жат-қан шалқар даланың төсiнде
тосын бiр тiршiлiк тынысы басталғанын аңғартқандай едi.
Шәки қарсы алдындағы жалпақ жазықта жарқырап жатқан айдынға көзiн қыса қарады. Сол кезде сонау зеңгiр
аспанның бiр төрiнен талып жеткен тыруды құлағы шалды. Сол жаққа елеңдеп қарай берiп едi, — құбыла жақтан масақ
сықылды үшкiрленiп, көгiс әуеде қылтылдап, көзге бiр шалынып, бiр жоғалып, жәйiмен ұшып келе жатқан тырналарды
көрдi. Өздерi тым биiкте. Шәйдай ашық аспанды жарқыратып тұрған күн сәулесi шағылысқан бауырлары әппақ боп
көрiнедi. Олар мұңлы әуезбен тырулап, дәл бұл тұрған жердiң үстiмен терiскейге қарай ұшып барады. Шәки олар көз
ұшына асып кеткенше қадала қарады. Сол мезет көкiрек қуысында талайдан берi бас бұғып жатқан бiр ой селт етiп
оянып, ықтиярына қоймай, бой көтерiп келе жатты. Сол сәтте Шәки өз тағдырының бұралаң тұсына тақап қалғанын
аңдамаған да едi.
18
Басықара жазығына қалың Әлiм қолының лек-лек жиналып жатқанын көрiп, Ережеп кеуiлдене түстi. Келген бетте ол
қырық-елу үйдi алқа қотан тiктiрiп тастап, өзi ойына алған iске шындап кiрiстi. Ат аяғы жетер жердегi ел арасында
салмағы бар, ажары өтер кiсiлердi тегiс алдырды. Тек Төртқара Үмбет бидiң шақырусыз келгенiнен iшi кiп алып қалды.
Анадағы Балқия жесiрiнiң дауынан кейiн бұл ел арасында беделi зор биден аяғын тартып қалған едi. Ендi: “Бұған кiм
хабар бердi?” — деп басы дал болды. Оңаша үйде ешкiммен тiлдеспей жатып алды. Ақыры алған бетiнен қайтпауға
ұйғарып, iштей тарс бекiндi. Көмекшi жiгiтiне Әбдуәлидi шақыртты. Ол iшке кiрiсiмен:
— Сонымен даярсың ба? — дедi.
Алғашында айтқан арызының осылайша ұшынып кетерiн аңдамаған Әбдуәли қайыс бетi қап-қара боп тұрып:
— Иә, — дедi. Даусы бәсең.
Ережеп ұнатпай, қабағын тыржитты:
— Әлде сен айнып қалдың ба? Үйтерiң болса, неге маған шағынып келдiң?
— Ендi... былай, ағайын болғасын... — Әбдуәли басын қасыды.
— Мұндай жерге ағайыншылық жүрмейдi. Исi Алты ата Әлiм арысы бас қосқан тұста былқылдаған жарамайды.
Әбдуәли ундемедi.
— Әлде... ана сайқал қатыныңмен бiрге тұра бересiң бе? Үйтем десең, дауым жоқ. Қатын өзiңдiкi.
— Өзi... былай...
— Әй, сөздi қой! — Ендi Ережеп бұйыра сөйледi. — Сүйек менiкi, жеңге де менiкi. Басқа түскен iске бекем бол.
Ертең мен ұятқа қалып жүрмейiн.
Әбдуәлидi сыртқа шығарып жiберiп, Ережеп мына қадамының оң-терiсiн тағы да iштей сараптап көрдi. Ол кеше
Шәкидi жұмсап, Сағынай ауылындағы Алуашты көшiрiп әкелген едi. Кәзiр оны мықты күзет қойып, ауыл шетiндегi
жаман қараша үйде ұстап отыр. Бұл ертең не бiр би, не бiр даукестердiң арасына талқыға салып, мұның барлығына
Жәнiбек кiнәлi дегiзiп, көпшiлiктiң бәтуасын алып қоймақшы. Сосын ретi кеп жатса, Хиуа ханына өкпелеген бұл оның
Қуаң жағасындағы қамалын шапқызып, ел арасына iрiткi сала түспек.
Ертеңiне күн арқан бойы көтерiле бере қалың жұрт Басықара жазығының қыр желкесiндегi көк төбеге көтерiлдi.
Қалың шапанды, тымақ, бөрiк киген алуан түрлi кiсi төбе билердi ортаға ала отырды. Төбе би бұл жолы Төртқара Үмбет
емес, басқа кiсi болды. Төркiнiне хабар берiлмегендiктен, Алуаш жағынан ешқандай даугер шыққан жоқ. Айыптаушы би
салған жерден суырыла жөнелдi:
— Уа, халайық, — дедi ол даусын қатты шығара сөйлеп. — Әзәлдән Сыр бойын қатар жайлаған Әлiм, Шөмен деген
қатар жатқан ел едiк. Сонау құба қалмақ заманында да iргемiз ажырамай, жаумен тiзе қоса соғысқан, қоңсылас жатқан
ел болатынбыз. Бiрақ бүгiнгi күнi сол туыстықты аяққа басқан кiсiлер шыға бастады. Оның нақты мысалы, — ол ортада