өзiне қарай әлдекiмнiң жақындап келе жатқанын түршiге сездi. Жасқанып қап, көлденең ұстаған қайың сойылын көтере
берiп едi, бар пәрменiмен сiлтелiнген айбалта тайып барып, атының оң құлағын шауып түстi. Бұл жалт қараса, шүңiрек
көз, имек тұмсык, хиуалық бiрдеңе деп боқтап, айбалтасын қайтадан көтере берген екен. Алас-қапаста: “Өлдiм-ау!” —
деген жаман үрейлi ой жалт ете қалды. Жандәрмен деп ер үстiнде оңтайланып ап, атын тебiне түсiп, сойылын жоғары
көтерiп алды. Аса бiр шалттықпен ананың жоғары көтерiле берген қолының шынтақ тұсынан бiр пердi. Хиуалық
бақырып жiбердi. Әуеде айбалтасы азырақ iлiнiп тұрып қалды. Содан соң оқ тиген құсша салбырап, жерге қарай құлай
бердi. Қалмырза ендi оған ес жидыруға мұрша бермей, сойылын екiншi рет сiлтеп кеп қалды. Бұл жолы қатты сойыл
ананың қақ басынан тидi. Хиуалық екi қолын ербеңдетiгi, бiрдеме деп дыбырлап, шалқалап құлап бара жатты. Үрiккен
ат екi көзi тостағандай боп, жалт бердi. Басынан аққан қан үстi-басын жуа жөнелген хиуалық бiр аяғы үзеңгiден шықпай,
ызы-қиқы шу арасында жерде сүйретiлiп кете барды.
Қалмырза дiр ете түстi. Алғаш рет басына жаман бiр ой шапты. “Мен оны неге өлтiрдiм? Неге? Не үшiн? Ол маған
соншалық не жаманшылық жасады? Менiң мұным не?” Ол не iстерiн бiлмей, жан-жағында ырсылдаса ұрыс салып
жатқандарға алақтап қарады. Бойынан бар әлi қашып кеткендей. Жаңа ғана қаңбақ құрлым көрмеген қайың сойылы ендi
зiлдей боп, ұйып қалған оң қолын жерге қарай тартып барады. Өзiн бiр енжарлық басқан. Кеуiлi өрекпiп, әлде қандай
үрей бiр жағынан мазасыздандырып та тұр. Сол мезет ол екi-үш хиуалықтың Шәкидi ортаға ап, мойнына арқан тастамақ
боп жатқанын көрiп қалды. Қайратты Шәки ұзын сойылын көтерiп ап, оңды-солды сiлтеп, әлгiлердi жанына жуытар
емес. Сол кезде төртiншi хиуалық Шәкидi сырт жағынан орап өте бердi, мына жақта аңдып тұрған бiр хиуалық арқанды
атып кеп жiбердi. Қыл тұзақ жыланша ирелеңдеп барып, Шәкидiң мойнына түсе қалды. Хиуалық ендi атын тебiнiп
жiберiп, жалт бұрылып, қалың нөпiр арасынан сырттап шыға бердi. Қыл арқан кеңiрдегiн қыса түскен Шәки жалма-жан
қос қолымен арқанға жабысты. Соны күтiп тұрған хиуалықтар шоқпарларын көтерiп, ұмтыла бердi.
Қалмырза сол арада өзiне не болып‚ не қойғанын байқамады. Қатты ақырып, жолындағы екi хиуалықты сойылмен
ұрып жығьш, Шәкидiң сырт жағынан төнiп қалған сарбазға ұмтылды. Қатты дауыстан шошынған анау сәл iркiлiп қалды.
Бiрақ сiлтеген қолына еге бола алмады. Шоқпар Шәкидiң жауырын тұсына тидi. Сол мезетте Қалмырзаның сойылы
хиуалықты ат үстiнен құлатып та үлгерген едi. Ендi Қалмырза тез-тез қимылдады. Қынынан екi жүздi қанжарын суырып
ап, ширатыла тартылған қыл арқанды қия бастады. Екi-үш рет изеп барып, арқанды шаққа дегенде қиып жiбердi.
Тынысы тарылып кеткен Шәки бұл кезде ат жалына қарай еңкейе берген де едi. Қалмырза оның атын қамшымен
тартып-тартып жiбердi. Есi шыққан ат құлындағы даусы құраққа шығып, ата жөнелдi. Сол арада Қалмырзаның басы дың
ете түскендей болды. Көзiнiң алдында әлдеқандай көгiс, дөңгелек сәулелер ойнап шыға келдi. Басы бiр түрлi ысып сала
бергендей. Жаны бимәлiм рәһатқа шомғандай. Тек санасында әлдеқандай үрейлi ой жылт-жылт ете қалды. Бiрақ оның не
екенiн аңдай алмады. Қалмырза iрi денесiне еге бола алмай, ат үстiнен жерге қарай сыпырыла құлап бара жатты.
Ұрыс ендi қыза түстi. Әуелгiде қорқасоқтап, қос үрей боп жүрген жiгiттер бауырларын жазып қимылдай алмап едi,
ендi өлiм барын ұмытып, көкпар тартып жүргендей, шайқасқа құлшына кiрiсiп кеттi. Әсiресе, жауынгер Әлiм
жiгiттерiнiң айдыны таси түсiп, сойыл, шоқпарларын кiжiне, бар күшiн сала сiлтейдi. Сарбаздарды құлатқан сайын,
бәрiнiң әруағы қозып, ұран тастап, iлгерi ұмтылады. Сол қаһардан шошынған хиуалықтар аздан кейiн қаша ұрыс сала
бастады. Шегiнiп-шегiнiп барып, қалың топқа шамалары жетпестерiн аңдап, кенет сарбаздар ат басын керi бұрып ап,
қамалға қарай қаша жөнелдi.
Ережеп осы сәттi күткен едi. Атын қамшымен тартып жiберiп, қатты айқайлап:
— Қамалға қарай қиялай шабыңдар! — деп жiгiттерiне қарай ұмтылды. Өзi астындағы атының басын бұрып ап,
қамалдың дарбазасы тұрған жаққа туралап та алды. Бiр көзiмен бағып келе жатып, ұрысқа елiгiп алған жiгiттерiнiң
мұның даусын есiтпегенiн, есiтсе де тыңдамағанын байқады. Барқыраған жаман дауыспен оларды ата-бабасынан бермен
қарай сыбап, тағы да айқайлады. Сол арада оң жағынан бiр қуатты дүсiр кеп қосылды. Жалт қараса, Тайпан жiгiттерiн
соңынан шұбалтып, дүсiрлете жетiп те қалған екен. Өзi басына көне дулығасын киiп апты. Қолында айбалта. Сен тұр
мен атайын дейтiн жiгiттер әлден айбарланып, сойылдарын оңтайлай ұстап, қиқу салып, жүйткiп келедi. Сол нөпiрдiң
алдында қалған Ережеп ұлы селдiң екпiнiне iлiнген бiр тал жаңқаша ысырылып кете барды. Атын қиястап бұрып алам
деген талабынан түк өнбедi. Қайта етi қызған ат елiрiп, қос танауы шелектей боп пыр-пыр етiп алға қарай омыраулай
ұмтылады. Басы әл берер емес. Ендi Ережеп басқа лаждың қалмағанын көрiп, неде болса деп, iлгерi салды. Қалың нөпiр
ала шаңды аспанға атып, араласып кеткен кезде, атының басын шаққа билеп, iркiле бердi. Қан-қан боп құлап жатқан
кiсiлердiң арасынан зәре-құты қалмай, бiр бүйiрлеп шығып бара жатты.
Хиуалықтар қалың нөпiрден сескенiп, тыста қалғандарына қарамастан, ендi қамал қақпасын жаба бастады. Ауыр
темiр есiк сықырлай барып жабылғанда, бастары темiрге тiрелген он шақты сарбаз шәңк-шәңк ете қалды. Сосын
аттарының бастарын тез-тез бұрып ап, қынаптарынан қайқы қылыштарын суырып-суырып алысты. Бiрақ тасқынша
түйдектелiп келiп қалған ұлы топ олардың қылыш сiлтеуiне мұрша бермедi. Сол арада қамалды жағалай қазылған терең
орға баяпыл етiп салынған ағаш көпiр зор салмаққа шыдамай, сықыр ете түсiп, кенет күрт етiп сынды. Екпiндеп жетiп
қалған қазақ жiгiттерi омақаса берген ат үстiнде салмақтарын сақтай алмай, қолдары ербеңдеп, әлдене деп айқайлап,
терең орға құлап бара жатты. Олардың соңдарынан ағызып жеткен нөпiр ат бiр сәтте ұйқы-тұйқы болды да қалды.
Бiрiнiң үстiне бiрi мiнгесiп, аттар шыңғырып, кiсiлер бажылдасып, ызы-қиқу басталды да кеттi. Нағыз қан жойқан.
Қарқындарын баса алмаған жануарлар екi көздерi алақандай боп, бастарына әл бермей, жұлынша үзiлiп жеткен күйiнде
ұмар-жұмар құлап жатыр. Керi қарай бұрыла берген алдыңғы лектегiлердi кейiннен жылжып жеткен сел-тасқын еркiне
қоймай, кеудемен соғып, аран орға ысырып түсiре бередi. Соны күткендей хиуалықтар ендi қамал басына шығып ап,
төменде бiрiн-бiрi езгiлеп, топырласып жатқан қазақ жiгiттерi үстiне қайнаған ыссы су, буы бұрқыраған қарамай құя
бастады. Денелерi күйген жiгiттер мен аттар жаман дауыспен шыңғырысып, бiр-бiрiне тарғыл үндерi ұласа қосылып,
айналаны ың-жың қылды да жiбердi. Айқай, ойбай, ұлы шу көпке дейiн құба даланы тiтiрендiрiп тұрып алды.
Ережептiң аза бойы қаза болды. Ана жақта қырылып жатқан жiгiттерiне еш көмек бере алмады. Бұлар жақындай
берсе, хиуалықтар қамал басынан оқ жаудырады. Екi рет ұмтылып барып, Әлiмдердiң жiгiттерi өлiктерiн майданда
қалдырып, керi серпiлдi. Үшiншi рет баруға Ережептiң батылы жетпедi. Оның үстiне нөпiр топтың қатары селдiреп те
қалған едi. Және бiр алаңы — бағана ұрыс кезiнде Жәнiбектi көре алмаған болатын. Бұл оны өзiнiң дақпыртын ести
сала, Хиуа қамалына келiп тығылады ғой деп түйген едi. Сол алас-қапаста: “Осы.. оның қайда жүргенi?” — дей
бергенiнше болмады, шығыс жақтан жер күңiренткен ұран шықты. Ережеп жалт қарап едi, — қозы көштей жерде төрт-
бес жүздей салт атты тас төбеден ауып кеткен күн сәулесiне дулығалары жарқырап, берi қарай құйғытып келедi екен.
Ұрандары жер жарады: