— Дөйт! Дөйт!
— Әруақ! Әруақ!
Ережеп ендi кешiксе, Жәнiбек қолының мұның әлсiреген жiгiттерiн жайпап тастарын бiлдi. Сосын тез арада мынадай
қиын кезде бойынан қуат тауып, қалған топқа қарап:
— Кейiн! Кейiн қайт! Қайт кейiн! — деп қатты айқайлап, олардың керi бұрылғанын күтпестен, атының басын тез
бұрып алды да, терiскейге қарай шаба жөнелдi.
Шәки жүзi қап-қара боп, атын мұнымен қатарластыра берiп:
— Ана жiгiттердi кәйттiк? Оларды... тастағанымыз ба? — дедi айқайлап. Оның даусын жел үзiп әкеттi.
Ережеп қолын бiр сiлтедi. Сосын ол өз соңынан салып келе жатқан Әлiм мен Бозғұл қолын көрдi. Аздап
жарақаттанған Тайпан да құйғыта шауып келедi екен. Олар едәуiр жер ұзағасын барып, естерiн жиды. Ережеп жiгiттердi
топтастырып, етек-жеңiн жинап алды. Осы кезде, неге екенi белгiсiз, бұларды өкшелей қумай, қамал маңында ұйлығыса
түскен Аспан қолына аңтарыла қарады. Iшiнен оларды: “Қорықты-ау” — дедi. Бiрақ өзi оларға қайта тиюге батпады.
Жiгiттердiң бiр күн дем алғанын қош көрдi. Қамал маңынан ұзаңқырап шыққасын барып, жiгiттердi аттарынан түсiрiп,
солықтарын бастырды. Қайтадан саптарын түгелдеп көрiп едi, жүз қаралы жiгiт майданда қалыпты. Бiразы жараланған.
Бозғұл жiгiттерiнен де шығын бар екен.
Бағана есiрiп келе жатқан жiгiттер ендi үн-түнсiз. Бiрiнiң қабақтары түсiп кеткен. Сәл нәрсенi жақтырмай, бiр-бiрiне
арс-арс ете қалады. Ережеп осы қырыс мiнездiң әр жағында өзiне деген ренiш жатқанын, ендi мына жiгiттердiң қайтадан
әруақтанып атқа қонбасын айқын сездi.Сосын қиын-қыстау сәтте барлығының өз бастарын қайттап кететiнiн байқады.
Ол осының бәрiн iштей сарапқа салып жiберiп, аман-есен тұрғанында бүгiн түнде арғы бетке өтiп алғанының жөн екенiн
бiлдi.
Көктем айының тез түсетiн кешкi салқынынан бүрiскен бiр түп шидiң бастары ағараңдап, еркелей соққан жәдiгөй
желге қосылып, жәйiмен ысқырып тұр.
20
Әлiмдердiң қолы ұзап кеткесiн, оларды өкшелеп қуғанды Жәнiбек қолай көрмедi. Мұның осы ниетiн байқаған,
ешiрiп алған Елдес:
— Өй, қорқатын несi бар? Оларды дымын қалдырмай түре қуайық, — деп өзеуреп болмай қойып едi, Жәнiбек
қабағын шытты:
— Өй, оның керегi не?
— Керегi несi қалай? — дедi Елдес мұның бетiне ажырая қарап.
— Қуғасын... тағы да шатақ болады. Үйтiп... бекәргә қан төгiп кәйтемiз?
Бiрақ ақиланып алған Аспан руының жiгiттерi лезде басыла қоймай, сол арада қобырласып ұзақ тұрып қалды.
Ақыры олар басшысы Жәнiбектiң айтқанын қайт қыла алмай, күңкiлдей жүрiп, аттарынан ықылассыз түсiп, жерге
малдастарын құрып отыра кетiстi де, өзара еру әңгiмеге көштi.
* * *
Жәнiбек Ережептiң қол жинап жатқанын кеше естiген едi. Содан кейiн олардың Алуашты жазалағанын бiлiп, аза
бойы қаза болған-ды. Сосын өз өзiнен ызаланып, қасына қосшысын ертпестен, атына мiне сап, Сағынайдың ауылына
келген едi. Ол атынан түсiп жатқанда, мұны көрiп, қараүйден шығып, жанына жақындай берген Ниязға:
— Сен осы... не iстегенiңдi бiлесiң бе, а? Текесiреп бара жатсаң, онан да қатын алып, жайыңа тиыш жатпайсың ба?
— деп ақыра сөйлеп, оны қамшымен қыр арқадан бiр тартып жiберген-дi.
Сол күнi мұның ауылына қасына бiр топ жiгiт ерткен Елдес жеттi. Қысқаша аман-саулық сұрасқаннан соң, ол:
— Мына Әлiмдер қол құрап жатқан көрiнедi. Сонда бiз... немене осылай жайбарақат отыра беремiз бе? — дедi.
Жәнiбек ел арасындағы әңгiменiң шынымен асқынып кеткенiн сонда ғана байқап, ақилау ағасына бiрден жауап
беруден жалтарып:
— Әй, олар нағылар дейсiң? — дедi.
— Нағылғаны нес? Жоқ, сен олармен ойнама. Осы жолы олар шынға басқан сияқты. Ана Ережептiң бетi өте қатты
көрiнедi.
— Қатты болғанда кiмдi қиратар дейсiң?
— Ойбай-ау, өзiң бала екенсiң ғой. Тапа тал түсте ауылыңды шауып, дүнияңды талап кеткен жақсы ма?
— Қой, үйте қоймас.— Жәнiбек жайбарақат тарта түстi. Дегенмен iш жағында жатқан бiр күдiк мазасыздандыра
бердi.
Мұның жайбарақат түрiн көрген Елдес күйiп кеттi:
— Өй, сен де бiр. Сардар, сардар дегенге, бөркi дағарадай болып... — Ол жаныңдағы жiгiттерге бұрылды. — Кәне,
екi-үшеуден бөлiнiңдер де, жақын ауылдарға хабар берiңдер. Жiгiттер ертең таң азанда осы арада болсын.
Жәнiбек аусарлау ағасының өз қолына билiктi ала қойғанын, бiр есептен дұрыс та көрдi. Әрi-берiден соң өзi де
рудың ұранына қыза бастады. Сосын әшейiндегi сабырлылығынан айрылып, қол-аяғы жеңiлейiп кеттi де, күннiң
кешкiрiп қалғанына қарамастан, өрiстен мал алдырып, қонақ жiгiттерге ас қамдата бастады. Қазан-ошақ жағына
Қалдыбайды қойып, өзi Елдеспен оңаша ұйде отырып ақылдасты:
— А, қол жиналық. Сосын не iстеймiз?
— Не iстеушi едiк? — Елдес екi көзiн быттита қарады. — Оларды көсiлiп жатқан үстiне барып бiр-ақ басамыз.
Аттарын айдап әкетсек, қара жаяу олар кiммен соғысып қарық қылады?
— Үйте қою... өзi... оңай ма?
— Әй, баламысың деген. — Елдес кеңк-кеңк күлдi. — Мал ұрлаудың жайын мына менен сұра. Оның бар ғой... ымы-
жымын бiлдiрмей жiберемiз.
— Ал, егер олар Қожаниязды қоршап жүрсе ше?
— О да мүмкiн.