— Онда... Ережеп көрдi өзiне өзi қазады десеңшi.
— Әрине..
— Менiңше, ертең бiз алдымен Қожанияз қамалына барып, Уәйiс-Ниязға ескертейiк. Сол арада күш бiрiктiрiп...
— Өй, қойшы! — Елдес қолын сiлтедi. — Сол сартқа барып пана сұраймыз ба? Одан да қазекемнiң әруағын
шақырып, жасанған жауға қарсы шаппаймыз ба?
— Онда... өлiм-жiтiм болады ғой, — дедi Жәнiбек шошынып.
— Е, сен қалай деп едiң? Немене шайқаста бiреу маңдайыңнан сипайды дейсiң бе?
— Қайдам, ел арасына лаң кiрiп жүрмесе. — Жәнiбек ызаланып кеттi. — Осы Нияздың да бүлдiрмейтiнi жоқ. Көкем
де қызық. Соны несiне еркелетедi? Ендi, мiне, бүлiншiлiк туып отыр.
— Әй, қой. — Елдес қолын сiлтеп, кеңк-кеңк күлдi. — Өзi сүйкенiп тұрған байталға көз алартпас айғыр бар ма?
Қайта бiр есептен ақұдайларға сауап болды. Олардың екi көздерiн бақырайтып қойып, күйлеген қаншығына шөгiп,
қышуын қандырып... былай... белдерiн бiр сындырдық.
— Ендi сен де бiр... — Жәнiбек шынымен ренжiдi. — Қатар отырған екi ел бiр-бiрiн осылай кемсiтсе, басқа дұшпан
алақанын шапаттамай ма? Қайта татулық жағын...
— Әй, үйдеп мәймөңкелеп... басымды қатырма, — деп, Елдес қолын бiр сiлтеп, орнынан лып етiп тұра сап, сыртқа
шыға жөнелдi.
Түнiмен жан-жақтан Аспан жiгiттерi дүмелумен болды. Таң алакеуiмде қараса, бас-аяғы төрт-бес жүзге тарта қол
құралып та қалған екен. Жәнiбек ендi тайынатын жердiң қалмағанын бiлiп, нартәуекел деп, атқа қонды. Билiктi ендi өз
қолына алып, тура Қожанияз бекiнiсiне қарай салды. Олар түске тарта қамал маңында болып жатқан қырғын шайқастың
үстiнен шыққан едi...
* * *
Бұлар жеткен бойда, қамал қақпасы ашылып, iштен аттылы сарбаздар сыртқа лап қойды. Олар жараланып жатқан
қазақ жiгiттерiн орындарынан тепкiлеп тұрғызып, боқтап, сүйрелеп, бетi ашыққа жинай бастады. Оларды қойша иiрiп
болған кезде ақбоз атқа мiнген Ядгарбек пен Уәйiс-Нияз берi беттедi. Жан-жағы толған әскер. Бас уәзiр қазақ жiгiттерiне
тақап кеп, оларға жеркене көз сап тұрды. Сосын бұған көзi түсiп, иек қаққандай болды. Жәнiбек онысын шақырғаны деп
түсiнiп, Ядгарбектiң жанына жақын келдi. Бас уәзiр түсiн суытып:
— Құрметтi Жәнiбек мырза, қазақтардың мұнысы несi? — дедi.
Жәнiбек не дерiн бiлмедi. Қысылтаяңда жөн тапқан боп:
— Қазақ арасында мұндай қақтығыстар бола бередi, — дедi.
— Ол бiрақ бiзге көп зиян жасады ғой. Бiраз кiсiмiз шәһид болды.
— Қазақтардан да шығын бар емес пе?
— Әрине. — Ядгарбек кекеткендей болды. — Бiз мұны бiлмей қалдық. Болмаса... — Ол бұрылып, Уәйiс-Ниязға
қарап, бiрдеңе деп күбiрлеп, иек қағып қалды.
Уәйiс-Нияз жанындағы шабарманға бiрдеңе деп сыбырлады. Анау басын изеп, жалаң қылыштарын дайын ұстаған
бiр топ сарбазға қарай тайпалтып кеттi.
Ядгарбек бұған ендi туралап көз тастады:
— Сонымен ислам туының астында бiрiгетiн қазақтарымыздың сиқы осы де. Менiңше, олар ақ патшамен
соғыспайды. Қайта оған iш тартады ғой дейiм.
— Неге, бек? — Жәнiбек қап-қара боп, терлеп сала бергендей болды. — Ел арасындағы бiр тентекке бола, халықты
айыптамаңыз. Қазақтар мұсылман қауымының ғазауат соғысына белсене қатысады.
Ядгарбек сенбегендей, көзiн сығырайта қарап тұрды да, басын шайқап, мырс еттi:
— Онда... кезiнде көрермiз.
Сол арада Жәнiбек шошып қалды. Қоралана иiрiлiп тұрған қазақ жiгiттерiн қоршап алған сарбаздар қылышпен
туралай бастаған екен. Бiр еңгезердей жәлләд қолын көлегейлеп, басын қорғай берген Әлiм жiгiтiн қылышымен сыр
еткiзiп, қиялай шауып түсiрдi. Түсi қуқылданып кеткен бибақ қолы кесiлiп түсiп, кенет күрт шөккен көктемгi қардай
бүгiлiп бара жатты. Екiншi бiр жәлләд қолды-аяққа тұрмай, аға-көкелеп жалынған шәргез жiгiттi қуалап жүрiп, ағаш
бұтарлағандай бiртiндеп шаба бастады. Әуелi оның екi қолын кесiп түсiрдi. Сосын қан жуып кеткен омырауын екi рет
қиялай шауып, турап тастады. Соны көрiп, сұп-сұр боп, жаны ышқынып кеткен Жәнiбек Ядгарбекке жетiп барды:
— Құрметтi бек, тоқтатыңыз мына қырғынды!
Ядгарбек бұған қолын сiлтедi де, үндемедi.
— Мен сiзге айтып тұрмын. Мұсылман мұсылманға осындай жаманшылық жасай ма екен? — дедi Жәнiбек
қалшылдап.
— Қазақтар қашаннан берi мұсылман бола қалды? — дедi Ядгарбек мысқылдай қарап.
Жәнiбек күйiп кеттi. Өзi жақсы көрген бас уәзiрдi аяқ астында бұлайша өзгерiп шыға келедi деген ой үш ұйықтаса
түсiне де кiрмеген едi. Ендi кешiксе өзiне де кәуiп екенiн сезiп, атын тебiнiп қап, ұран тастап, аулақ шыға бердi:
— Жiгiттер, бауырларыңды кескiлеп жатыр! Бүйтiп қор болғанша алысып өлейiк! Кәне, шабыңдар!
Жiгiттер де ызаланып тұрған едi. Барлығы аттарына жапырласа қонды. Елдес атын қамшысымен тартып-тартып
жiберiп, қарусыз жiгiттердi туралап жатқан жендеттерге қарсы ақыра ұмтылды. Осы кезде артына бұрыла берген манағы
еңгезердей жәлләдты қара құстан қайың сойылмен бiр қойды. Жәлләд қолынан қылышы түсiп кетiп, басы тасқа
соғылғандай боп, теңселiп тұрды да, күрт етпетiнен құлады. Елдес екiншi жәлләдқа ақыра ұмтылды.
Аспан руының жiгiттерi осы кезде жетiп-жетiп келген де едi. Жалаң қылыштары жарқылдаған жәлләдтар қаша
ұрыс сап, шегiне бердi. Жағдайдың қиынға айналғанын сезген Ядгарбек пен Уәйiс-Нияз қорғаушыларын паналап,
өздерiне соққы дарытпай, қамалға қарай құйғытып шаба жөнелдi. Жәнiбек оларды бiр топ жiгiтпен өкшелей қуып едi,
жете алмады. Хиуалықтар қамал iшiне кiрiп-кiрiп кетiстi. Бұл кезде қазақ жiгiттерi жәлләдтарды жусатып та тастаған
едi. Қылыш бiр самайын тiлiп кеткен Қалмырза есi-түсi қалмай, балаша жылап жүр.
— Сендер болмағанда! Бауырларым-ай! — деп кез-келген жiгiттi құшақтай бередi.
Кеше Аспандарды қырып тастардай болған аусар жiгiттердiң өздерi ендi ағайындарымен көрiсiп, бiр-бiрiне
шұрқырасып, төс түйiстiрiп жатыр: