9
— Алдыраз болсын! — дедi Тоғанақ табаққа қолын ерiне созып жатып.
Қонақасыдан кейiн би мен бектер бет-беттерiне тарай бастады. Хан мен Тоғанақ салқын ордада
екеуден екеу оңаша қалғасын‚ хан еру әңгiмеге көштi. Қайып бұған күле қарап:
— Батырекесi‚ жиендi болдыңыз‚ — дедi.
— Бауы берiк болсын! Естiп келе атырмын.
— Мынадай қиын-қыстау бiр жағдайда арқа сүйер ерiм өзiңiз едiңiз. Кәзiр қамалға кiру қиынға
соғып тұр. Соған берер не кеңесiңiз бар? — Хан мұны сынағандай көзiн сығырайта қарады.
— Аяқ астында не кеңес бере қояйын. Үйтпес бұрын әуелi қамалды көрiп шығу керек шығар.
Сосын барып...
— О да жөн. — Хан алақанын сарт-сұрт ұрды. Iшке кiрген атсейiсiне: — Аттарды әзiрлеңдер! —
дедi. Сосын Тоғанаққа қарап: — Тоқ басып қайталық‚ — дедi.
Хан қырық шақты нөкерiмен ордадан ұзап шыққанда‚ күн екiндiге құлауға жақындап та қалған едi.
Алда шолғыншылар бiр топ боп жiтi жүрiп келедi. Жалаң қылыштарын асынған құлдар ханның
маңайына өзгелердi жолатар емес. Солардың ортасында Тоғанақ пен Қайып қатар жүрiп келедi. Аздан
соң олар қамалдың жанына садақ оғы жетпейтiн жерге кеп тоқтады. Тоғанақ балшықтан соғылған биiк
диуалға қарап тұрып‚ басын сәл шайқап қойды. Есiне Қожанияз түстi. Сонда да бұлар диуалы биiк
қамалға бiрден басып кiре алмай‚ бiраз қиыншылық көрiп едi. Соны есiне алған Тоғанақ:
— Қоршалғанына бiр айдай болған‚ ә‚ — дедi.
— Иә‚ бiр ай‚ — дедi Нақып ағасының алдын орап кетiп.
— Сонда олар... осы азық-түлiктi қайдан алып отыр?
— Оны... итiм бiлiп пе?
— Әлде олардың бұрыннан жиған қоры бар ма екен?.
— О да мүмкiн.
Тоғанақ қамалды қоршап тұрған қолға бiр рет көз тастап‚ мына қорғанға кiрерде бiраз шығын
болатынын аңдады. Бiрақ алыстан ат арытып келгесiн‚ ашық шайқасқа шықпасына амалы жоқтығын
бiлдi. Сосын ханға қарап:
— Ұрысты қашан бастаймыз? — дедi.
— Тезiрек бастаған жөн.
— Арт жақтан бұларға келетiн көмек жоқ па екен?
— Келмес. Үйткенi бiз оларды қапыда бастық. Қоқанға хабар жеткiзердей қамалдан шашау
шыққан ешкiм жоқ.
— Е... онда дұрыс екен. — Тоғанақ сәл кiдiрдi. — Менiң жiгiттерiм бiрер күн демалсын. Ұрысты
сосын бастайық.
Келiсiм осы болды. Қонақасыдан кейiн Тоғанақ өзiне арнап тiгiлген ақ үйге барды. Сол арада еркек
пiшiмдес, дене бiтiмi iрi Жәмилә арсалаңдай жетiп кеп, мұны құшақтай алды. Үстiнен сүт иiсi шығады.
Тоғанақ мейiрленiп:
— Өй‚ айналайын‚ — деп оның маңдайынан сүйдi. Сосын жас нәрестенi әкелген күңдерге
көрiмдiкке деп қалтасынан алтын тайтұяқ жамбы алып ұсынды...
Тоғанақ түнiмен қатты ойланды. Сөз жоқ‚ тым құрығанда Тәшкеннiң құшбегiсiнiң Созақтың
жағдайынан хабарсыз жатуы мүмкiн емес. Оған бұ жақтан хабар жеткiзiп тұратын жансыздардың
болуы да мүмкiн. Ендеше ұрысқа кiрiспей тұрып‚ осы бiр жайды тексерiп алғанның артықтығы жоқ.
Ол ертесiне осы ой қамшы боп‚ ханға барды. Қайып мұның ұсынысын қолдамай:
— О жаққа хабардың жетуi мүмкiн емес‚ — дедi.
Тоғанақ онымен артық ырғасқан жоқ. Сол күнi ол өз қолын хан ортасынан аулақ шығарып‚ биiк
төбенiң баурайына әкеп орналастырды. Сосын бiр биiк төбенiң басына қарауыл қойдырды. Содан соң
сенiмдi-сенiмдi деген бiр-екi жiгiтiн шақырып ап:
— Ел жата аттарыңа мiнiңдер де‚ iлгерi жақты шолып қайтыңдар‚ — деп бұйрық бердi.
Олар кеткесiн‚ Тоғанақ бұлардың қосынына бiр-екi рет келiп-кеткен Нақыптың жүрiсiнен секем
ала бастады. Хан iнiсi батыл‚ астам-астам сөйлейдi екен. Сол қытығына тисе де‚ жат жерде жүргенiн
ойлап‚ батыр үндемедi.
Ертесiне хан ордасында үлкен кеңес болды. Онда қамалды кiм қай жағынан шабуылдауы керектiгi
жайлы сөз етiлдi. Қайыптың сөз iләмiнен Тоғанақ оның бар салмақты мұның қолына салып отырғанын
байқады. Тура ұрысқа шығудан‚ неге екенi белгiсiз‚ Қоңырат пен Тама қолы тартыншақтай бердi. Сол
арада Тоғанақ тұрып:
— Маған мынадай бiр ой кеп отыр‚ — дедi.
— Иә‚ — дедi хан тыңдайтын ыңғай бiлдiрiп.
— Бiз қамалға таң қараңғысында шабамыз. Алдымен үш-төрт жүздей сарбаз бас қақпа жағынан
шапсын. Шала ұйқы қоқандықтар басқа жақтан келiп қалған қолды көрмегесiн‚ бiр жаққа қарай
ойысады. Со кезде бiз басқа жақтан қамалды бұзып кiремiз.
— Сiздер бұған қалай қарайсыздар? — дедi Қайып Қоңырат пен Таманың әскербасыларына қарап.
— Өй‚ өзi... таң қараңғысы қалай болады? Ұйқы деген де бiр жау‚ — дедi бетi көнектей
Қоңыраттың әскербасысы. Етжеңдi кiсiнiң көзiнiң алды күлтiлдеп‚ май басып кеткен екен. Ұйқысы да
жаман болмауға тиiс.
— Менiңше‚ осы дұрыс сықылды‚ — дедi арық денелi Тама руының әскербасысы. Ол бiр
тарамыстай қатқан қара екен. Түрi түрiкмендерге аздап ұқсайды.
Алқа топ ақыры әрi ырғасып‚ берi ырғасып‚ осы жоспарға келiстi.
Ертесiне таң қараңғысында хазiреттен бата алған үш жүздей қол жан-жақтан ұран тастап‚
дабылдарын қағып‚ қамалға бас қақпа жақтан лап қойды. Сасып қалған қоқандықтар қараңғыда еш
нәрсенi көрмей‚ оқтарын айдалаға атып жатыр. Қол қамал жанына жақындағанда‚ у-шу болды да кеттi.
Қамал басынан тас‚ құм салынған қаптар лақтырылып жатыр. Ойбайлап жығылып жатқандар да аз