8
айтылған уағыз‚ өсиет кiмге болса да жақпай қалмақ емес. Әсiресе‚ мынадай алмағайып заманда
ағайынның аузының бiр болғанына не жетсiн. Соны тыңдап отырған кiсiлер:
— Өйдөйт!
— Шiркiн‚ сөз болғаныңа!
— Өй‚ өлме‚ өлсең қайтып келме! — деп, бiр желпiнiсiп қалысты.
Сол арада қызметшi күңдерi де лыпылдап қызмет етiп, шара-шара қымызды тынбай құйып жатыр.
Месқарын байлар маңдайларына шып-шып шыққан терлерiн орамалдарымен сүртiп‚ қымызға қып-
қызыл боп‚ жырды елти тыңдап қалған.
Бұ жолы да Доғалақ ұзаққа шапты. Ол бiраз жырлап‚ үлкен бiр толғауды қайырып болғасын‚
iзiнше жәй термелеп кеттi. Онысы ханның мына меймандарын қонуға қалдыра ма‚ қалдырмай ма деген
сыңайын байқау болатын. Қонбайтын болса‚ ұзақ қиссадан гөрi‚ осындай берiден қайрылатын‚ толғау‚
терме қолайлы.
Сол арада iшке Нақып келiп кiрдi. Қара сұр келген‚ шымыр денелi жiгiттiң әлi бетiнен оты қайта
қоймаған едi. Ол жырауды адам құрлы көрмей:
— Хан ием‚ Тоғанақ батыр келiп қалды‚ — дедi.
Қайып хан өзiнiң орнынан қалай бiр көтерiлiп қалғанын аңдаған жоқ. Соны байқаған Нақыптың
жүзiне зәрлi мысқыл шапқандай болды. Iнiсiнiң онысын бұ да аңдады. Жақында ғана осы тентек iнiсi
бiр әңгiменi гөйiтiп отырып: “Аға‚ сен осы неге Тоғанақтан сескенесiң?”— деген-дi. “Мен бе?” — деп
бұл шынымен таңғалған. “Иә‚ сен”‚ — деген iнiсi бұған тура қарап. “Жоқ‚ мен сескенбеймiн”‚ — деген
бұл қызарып. Үйде бөтен кiсi болмаса да‚ iшiнен мына әңгiме басқа жұртқа тарай қалса‚ оның арты
жақсылыққа соқпайтынын аңғарған ол сол арада: “Сен оны қайдан көрдiң?” — деген iнiсiне қатулана
қарап. Нақып: “Ол үйге кiргенде‚ сен орныңнан сәл көтерiлiп қаласың. Бұл ханға жараспайды”‚ —
деген. Ендi мiне, мұның тағы да бiр көтерiлiп қалғанын байқаған ол бұған мысқылдай қарап отыр.
Соны сезген Қайып бойын тез тiктеп‚ iнiсiне қабағын түйе қарап:
— Кiрсiн де! — дедi.
— Құп‚ — дедi де, Нақып сыртқа шығып кеттi.
Қайып ендi тақ үстiнде нығыздана отырды. Тез арада кеудесiн көтерiп‚ салмақтана қап‚ жан-
жағындағы кiсiлерге назар да салмады. Олар да Тоғанақ батырдың келiп қалғанын естiп‚ бiр-бiрiне
қарасып ап‚ артық-ауыс сөзге бармады. Үй iшi тым-тырыс. Дастархан үстiнде тұрған қымыз құйылған
шараларға ешкiм де батып қол соза қойған жоқ.
Аздан соң хан ордасына қарай келе жатқан кiсiлердiң басқан аяқтарының дыбысы естiлдi. Қайып
мына Тоғанақ батырдың аяғына киген‚ өзi анау-мынау бiр жiгiтке жүк болатын ауыр етiгiнiң дүңк-
дүңк еткен дыбысын бiрден таныды. Сол дыбысқа есiк алдында жалаң қылыш ұстап тұрған екi қара
құл да елеңдесе қалды. Сол арада iшке Тоғанақ батыр кiрдi:
— Ассалаумалейкум!
— Уәлайкүмассалам! — деп сәлем алып жатып‚ Қайып тағы да өзiнiң алтын тақтан сәл-пәл
көтерiлiп қойғанын аңдамады. Бұ жолы ол iнiсiнiң өзiне әжуалай қарап тұрғанын анық көрдi. Бұл тез
арада қып-қызыл боп кеткенiн сездiрмеуге тырысып‚ орнынан түрегелiп‚ батырмен төс түйiсiп
амандасты. Сосын оны құрметтеп оң жағына отырғызды да‚ шара толы қымызды өз қолымен алып
берiп болғасын‚ хал-жағдай сұрасты.
Батыр малдас құрып отырып‚ хан сұрағына шолақ-шолақ жауап қайырды. Сосын мына жиылған
игi кiсiлерге бiр рет көз тастады да, еру әңгiмеге кiрiсiп кеттi.
Сол арада месқарын бiр би жалпақ бетi жымиған кезiнде одан әрмен жалпая түсiп‚ бұған қарап:
— Атыңызға сыртыңыздан қанық ек. Келгенiңiз жақсы болды‚ — дедi ыңырана сөйлеп. — Ендi сiз
келген жақта... жаңалық көп болуға тиiс қой. Ақ патша орам алды деп жатыр. Оның сiздерге табаны
тиiп те үлгерiптi-ау!
Қайып хан қабағын шытты. Оның былтырғы Сыр бойынан амалсыз ауған жайы есiне түссе‚ iшi
оттай жанатын. Соны Тоғанақ батыр байқаса керек‚ асықпай:
— Хабар деген... әр түрлi ғой. Оның қайсы бiрiн айта бересiң‚ — деп әңгiменi әрi қарай созғысы
келмеген ыңғай байқатты.
Ештеңенi аңғармаған әлгi Қоңыраттың биi бұны тақымдап қоймады:
— Сонда қалай? Өзi орысың қазаққа жайлы ма екен? Мына Арқа жақтағылар солай дейдi ғой.
— Ояғын... бiлмедiм. — Тоғанақ жорта кiдiрдi. Мұндайда баяғы кездерi Қайып хан ақырып‚ кiмдi
болса да тыйып тастайтын-ды. Ендi оның мына месқарын биге етер еш амал таба алмай отырғанына
қарап‚ батыр ханның бұ жақтағы жағдайының онша мәз емес екендiгiн iштей аңдады.
Сол арада әлгi бидiң қасында отырған қатқан қара кiсi жұртқа бiлдiрмей‚ оны жеңiнен тартып
қалды. Сонда ғана бiр нәрсенi бүлдiргенiн сезiп‚ месқарын би жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап алды
да‚ сөзден күрт тиылып‚ кенет қып-қызыл боп кеттi. Iзiнше қап-қара бетi бiреу дәл тамағынан
қылғындырып жатқандай қара талақтанып‚ бартиып iсе бастады. Соны байқаған кiсiлер ханға
сездiрмей‚ ақырын мырс-мырс күлiстi.
Қайып хан бидiң қылығын аңғармағансыды. Сосын есiк жақта тұрған қызметшiлердiң бастығына
иегiн көтерiп қалды. Ол әмiрдi түсiнiп‚ тез сыртқа қарай ата жөнелдi.
Аздан кейiн әйдiк-әйдiк керсендерге салынған ет келдi. Құрметтi мимандарға бұзылмай пiсiрiлген
құлын етi тартылды. Хан сыбағасы бөлек келдi. Қайыптың сол жағында отырған ақ сақалды‚ үстiнде
атылас шапаны бар хазiрет ас алдында даусын қирағаттап дұға оқыды да‚ өзi “бiссiмiллә” деп бiрiншi
боп табаққа қол созды. Сол екен‚ қалған жұрт етке қол салды. Пышақтары жалаңдаған би мен байлар
ылжырап пiскен жас еттi кесiп ап‚ қылғытып жатыр. Тоғанақ тамақты ықылассыз алды. Хан оған
қарап:
— Төке‚ бiздi мақтап жүредi екенсiз. Дәм үстiне тура келдiңiз. Тартынбай алып отырыңыз. Өз
қонақасыңыз бөлек‚ — дедi ерекше ықылас бiлдiрiп.