Стр. 100 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

99
көрсетiптi. Торғайға ең қызық көрiнгенi — өткендегi жақсы iстiң бәрiн де мансұқ етiп, ата-
бабаларының шаруасына ырза емес жастардың өз алдына ұйым құрып, тұтқиылдан жол табамыз деген
әрекетi едi. Одан бөтен бiр топ жас Ресейдегi шаруалардың басыбайлы халқының жағдайына үңiлiп,
бұл дұрыс емес, сол үрдiстi жою керек деп жүрсе керек. Тiптен патшаны төңкерiп тастап, басқаша
мемлекет жасаймыз дейтiндер де бар көрiнедi. Сахарада жүрген бұларға ақ патша деген құрығы ұзын
жетi басты айдаһардай боп көрiнушi едi, сол патшаның өз астанасына келгесiн, бұл оның құдiретiнiң
кеми бастағанын байқады. Ең бастысы, Европа бiлiмiне қандырып, өз жастарын желiктiрiп алыпты.
Олар Франциядағы қауымшылдардың айтып жүрген пiкiрлерiн тоқып, оның әр түрлi сыры барына
қарамай, өз елiмiзде қолданып көрейiк дейдi екен. Тортай алғашқыда осындай пiкiрi бар орыс
жiгiттерiне iш бұрып, әңгiмелесiп көрiп едi, келе-келе орыс өкiлдерiнiң оларды ұнатпайтынын байқап,
аяғын тартып ала қойды. Оның да құпиясына өткенде Орынборда жолыққанында Ахияр қанық еттi.
Тортай осы кiсiнiң қай жақты жақтайтынын бiлмей дал болатын. Iштей сенбейтiн. Бұ жолы да ол
жылмаңдай жетiп кеп:
— Iнiм, астанаға бара жатсың. Абай бол. У, қой уларни, — деп ол қолын сiлкiледi де қалды. —
Дiнсiз шоқыншықлар, патша ағзамға тiл тигiзедi. Олар ертең бүлiншiлiк бастаса, аяғы жаман болады.
— Сол арада ол мұның құлағына сыбырлады: — Сақ бол. Ондайлардың қызыл сөзiне ерiп,
болашағыңды жойып алма. Жақында Ақмешiтке сапар шегемiз. Құдай оңдап, Қоқанды жеңе қалсақ, ақ
патшаның жергiлiктi жердегi тiрегi өздерiң боласыңдар. Сондықтан сақ бол, сақ бол.
Тортай оның сөзiн ұйып тыңдаған түр көрсеткен. Астанаға қайтып келгесiн де сол әңгiме есiне түсе
бередi. Әрi-берiден соң: “Олардың iшкi жұмысында нем бар? Өз жөнiмдi жөндеп алсам да жарамай
ма?” — деп түйген.
Ертеңiне ол Сыртқы iстер министрлiгiне барды. Бүгiн кешке қарай Орынборға шұғыл жүруi керек
едi. Ақмешiтке жорықтың басталатын уақыты жақындап қалғанын айтып, департаментте iстейтiн
үлкен бiр бастық осы жорыққа мұның да қатынасқанын мақұл көрген. Содан кейiн жақауратып
отырып, ақ патшаның Қашқар, Үрiмшi жақтағы Шығыс Түркiстанның хал-ахуалына қызығатынын
айтқан. Шамасы мұны сол жаққа барып қайт дейтiн сықылды. Оған дейiн бұған берiлген тапсырма —
Ақмешiттi өздерiне қаратып алғасын, жансыз боп Бұхара арқылы Ауғанстан жаққа барып қайту. Бұл
қалған нұсқауды жолшыбай алады.
Ол iшке кiргенде, алдынан екi-үш кiсi қарсы шыға келдi. Бәрi де әскери адамдар. Бұл үндемей
тұстарынан өте берiп едi, орта бойлы, жүзi сәл қызғыштау тартып тұратын, екi мұртының шалғысын
едiрейтiп қойған бiреуi бұған бұрылды. Ол күле қарап:
— Кешiрiңiз, поручик, — деп жақын кеп қолын алды.
Тортай таңғалып, үндеген жоқ.
Әлгi кiсi:
— Мен сiз туралы естiгем. География қоғамында жасаған ақпаратыңыз өте жақсы екен. Сiздi тағы
да Ұлы Ресей империясы үшiн жаңалық ашады деп ойлаймын‚ – дедi.
— Рахмет. — Тортай оң қолын көтердi. — Айыпқа бұйырмаңыз, сiз кiм боласыз?
— А, ғафу етiңiз, өзiмдi таныстырмай кетiппiн ғой. Мен Черняевпiн. Шамалы жылдан соң бiз де
Орта Азияның топырағын басамыз ба деп ойлаймын.
— Ә, жақсы екен. Iлтипат көрсеткенiңiзге рахмет.
— Сiзге де рахмет. Танысқаныма қуаныштымын, — дедi де, Черняев бұрылып жүре бердi.
Тортай шақырған бастыққа келе жатып, жаңағы Черняев туралы ойлады. “Мұнысы несi”, – деп
таңғалды. Шақырған кiсi мұны күтiп отыр екен. Ол мұны құрметпен отырғызды да, Сыртқы iстер
министрлiгiнiң бұл жөнiнде сұрағанын, ендi негiзгi тапсырма Ақмешiт сапарына мұның қатысуы
керектiгi жайлы ұзақ отырып айтты. Тортай жорта күлiмсiреп, басын изей бердi. Одан шыққасын,
Тортай айналмады. Петербургтан тездетiп шығып кеттi. Күймелi арбаны айдайтын жәмшiк бұрын осы
жолда талай рет жүрiп үйренiп қалған көксоқта екен, әр бекетке келген сайын мұның шұғыл шаруамен
келе жатқанын айтып, аттарды тез ауыстырады да, сылқытып тарта бередi. Бұл болса қараңғы түнде
басы былғалақтап, терезеден жан-жағында жылтырай қалып бара жатқан оттарға самарқау көз тастап
отыра бередi. Ойы сан-саққа жүгiредi. Кешегi Жошы әулетi мына сахараны ен жайлап жатқан
қазақтардың Үш жүзiн түгелдей билеп едi. Оларды Төре тұқымы ақылымен де, айламен де сырттан
бiлек сыбанып келген талай жаудан аман сақтап қалған болатын. Әсiресе, кешегi құба қалмақ
заманында бұлардың бастарына қиын бiр сын түскен-дi. Абылай Орта жүздiң бiраз руының басын
бiрiктiрiп, хан боп таққа мiндi. Өз атасы Әбiлқайыр да кезiнде ақ патшаның пиғылын байқап, Едiл
жақтан күнде жетiп кеп жатқан қара қалмақ пен башқұрттардан шеккен зардабының кесiрiнен Ресейге
бодан боп кiрiп, жан сауғалап қалған-ды. Одан кейiн сол манжамды уыстан шығып кетпек боп,
бұлталақтаған кезiнде оны өз бауыры өлтiрiп кеттi. Кейiннен Нұралы мен Ерәлiнiң тұсында да
тиыштық бола қоймады. Кешегi Жәңгiр ханның кезiнде Берiштердiң бүлiгi лап ете қап, елдiң берекесiн
қашырды. Ақырында төре тұқымдары тақтан айрылып, Орынбордың шекаралық комиссиясына қарап,
бүгiнде әркiмге бiр жалтақтап, қолайсыз тiршiлiк кешiп жүр. Анада Қаратай сұлтан осы жағын
астарлап жеткiзiп, ендi қалайда бұрынғы хан билеген заманды қайтадан қалпына келтiру керек
екендiгiн айтқан. Ендi, мiне, бұл ақ патшаның сұлтандардың ол талабын өмiрi орындамайтынын анық
бiлiп келе жатыр. Керiсiнше, ол кезiнде сұлтандарды қызметiн шектiрiп, әбден пайдаланып ап,
кейiннен былай ысыра салмақшы. Қай заманда да солай болған. Ел бастайтын серкелердi жерiңдi,
елiңдi жаулап алған қай патша жақсы көре қояр дейсiң? Арғы атасы атақты Шыңғыс хан да, кешегi
Ақсақ Темiр Көреген де сүйттi. Алтын Орда ыдырағасын-ақ бұлардың бастарынан бақ тая бастады.
Ана бiр ғасырларда қылышынан қан тамып, атақ-даңқы бүкiл түркiге тараған Едiге мен оның
ұрпақтары Нұрадын, Орақ, Мамай, Қарасай, Қазилардан не iз қалды? Әйтеуiр, бiр зырлап өтiп жатқан
дүние ғой. Ертең бұлар да солардай боп бақи дүниеге кетедi. Өлген кiсi соңынан жұрттың не айтып
жатқанын естiр ме екен? О дүниялық кiсiге оның не керегi бар! Тоқта, шынында да солай ма! Осы