Стр. 101 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

100
жұрттың артына жақсы атақ қалдырам деп тырысып бағып жататыны несi? Әлде бұл арада басқа сыр
бар ма?
Ол басын әрi қарай қатырмайын деп үстiндегi тұлыбын оранып отырды. Бойы жылып, аздан соң
қалғып кеткенiн де байқамады.
Тортай Орынборға келгесiн, Перонскийдiң жорыққа аттанып кеткенiн бiлдi. Тездетiп қосарына екi
ат алып, қасына он шақты атты казакты ертiп, тура жолмен Ақмешiтке қарай салды. Араға бес қонып,
Қарақұмның үстiмен Сырға келiп құлады. Атты казактар қаншама мықты болғанмен, ұзақ жүрiске
жарамай, ер үстiнде қисалақтап келедi. Тортай олардың айтқандарын қылмады‚ дамыл алдырмай
жүрiп отырып‚ оныншы күн дегенде Ақмешiтке жетiп те алды. Көзiн ашып қараса, қамал маңында
ешқандай да кiсi-қара жоқ. Тортай iшiнен бұ кездерi Перонский қамалды қоршап, тас-талқанын
шығарып та қойған болар деп ойлаған едi. Ендi орыс әскерiнiң Ақмешiтке әлi жетiп үлгермегенiн
бiлiп, Қараөзек жағынан қарай жүрiп кеттi. Сол күнi ымырт үйiрiле ол шолғыншы атты казактармен
ұшырасты. Өзiн таныстырып, Перонскийге алып барыңдар, дедi. Казактар алғашында бұған сенбей
iркiле берiп едi, мұны қиын жағдайдан қасындағы атты казактар құтқарды. Онда да шолғыншылардың
бiреуiн мұның атқосшысы тани кеттi. Салған жерден:
— Ты чего, Иван, своего сослуживца не помнишь? — деп атын тебiнiп қап, iлгерi жүрдi.
Қаба сақалды казак:
— Ты постой, постой. Вроде голос твой знакомый, — дедi де: — Митрий, это ты? Вот это встреча!
— деп, онымен бас салысып құшақтасып, шопылдасып сүйiсе бастады.
Тортай ер кiсiнiң сүйiскенiн ұнатпайтын. Кәзiр амалы жоқтықтан ештеңе дей алмады. Қазақтар
жөн сұрасып болғасын, бiр кiсiсiн бөлiп, бұларды Перонский қонып жатқан шатырға алып келдi.
Қарауылға шартты белгiсiн айтып, Тортайды тапсырып, өздерi керi қайтып кеттi. Тортай ат
қосшыларына демала берiңдер деп бұйырып, аяғын тездете басып, шатырға кiре бердi. Перонский
мұнымен қолдасып амандасты. Петербургтың жағдайын сұрады. Сосын алдағы басталғалы тұрған
шайқас жайына көштi. Алдындағы жаһаннаманы қолымен нұсқап, Ақмешiт қамалын көрсеттi. Қамал
қызыл қарындашпен қоршалып қойылған екен.
— Иисус Христос жар болса, басурмандарды осылай қоршап ап... — ол уысын сығымдай жұмды,
— быт-шыт қыламыз.
— Әлбетте, ұлы мәртебелiм, — дедi Тортай дағдыланып қалған сөзiн сарт еткiзiп.
— Сосын... көремiз. Не iлгерi жылжимыз, не осы арада бекiнiп, қысты өткiземiз.
Сол арада Перонский әлденеге кеуiлденiп, iшке адъютантын шақырып алды да, шампан әкел, деп
бұйырды. Ол лып етiп, тез арада шампанды ашып әкелдi де, оны екi бокалға мөлтiлдетiп құйды.
Перонский қолына бокалды алып тұрып:
— Ұлы Ресей әскерiнiң жеңiсi үшiн алып қоялық! Алдымызда ұлы iстер күтiп тұр, поручик, — дедi
де, бокалын мұның бокалына сыңғыр еткiзiп соғыстырып, шампанды iшiп қойды.
Тортай да iшiп қойды.
Перонский сол арада әлденеге ойланып тұрып:
— Айтпақшы, бiздiң арамызда жерлестерiң бар, — дедi.
— Олар кiмдер, ұлы мәртебелiм?
— Как его? А, вспомнил. Елмырза төре! Жәй төре емес, қарамағында мыңға жуық қолы бар төре!
Ол ақ патша үшiн соғыспақшы.
— Өте жақсы екен. Ваше высокоблагородие! — Тортай iштей таңғалды: “Оның мұнысы несi
екен?”
— Ал, поручик, бүгiн демалыңыз. Ертең қиын да қызық сапарға шығамыз.
— Сыйлағаныңызға рахмет! — Ол етiгiнiң екшесiн өкшесiне соғып, тақ еткiзiп, генерал-
губернаторға құрмет көрсеттi де, сыртқа шықты.
Күнi бойы қапырық боп кеткен күннiң райы түнге таман қайта бастапты. Терiскейден салқын самал
аңқып тұр. Орыс әскерлерi әр жер-әр жерде от жағып, орыстың баяулап, әбден созылып айтылатын
мұңды бiр әнiн айтып жатыр. Тортай бiр казактан қазақтардың қай жерде екенiн сұрап алды. Келсе,
Елмырза жорық шатырының iшiнде демалып жатыр екен. Қасында Ережеп бар. Мұны көрiп, екеуi де
қуанып қалды.
— Апырмай, келгенiң жақсы болды. Мыналардың iшiнде екеумiз мылқау кiсiдей айтар сөзiмiздi
айта алмай, әбден қор болдық, — деп, екеуi қосарлана сөйлеп, дәудiрлестi де қалды.
Аздан кейiн шәй үстiнде Тортай Елмырзаға қарап:
— Елеке, қазақ жiгiттерiн жинағандарыңыз не? Олардың бала-шағалары бар дегендей. Оның
үстiнде соғысу жайын бiлмейдi ғой, — дедi.
— Әй, iнiм, бiздiкi қай бiр соғысты аңсап бара жатқан дейсiң. Ұлықтың кеуiлiн аулау ғой.
Байқауымша, олардың әлi бiзсiз де жететiн сықылды, — дедi Елмырза ыржия күлiп.
— Сонда да...
— Ендi бәрi кеш, — дедi Ережеп екi араға қыстырылып. — Мұның iжқандай да айыбы жоқ. Ауыл
арасында ала таяқ ойнатып жүргендер құдiретiн мына жерде көрсетсiн. — Ол сол арада Елмырзаға
бұрылды: — Елеке, анада Әлжанды алмай-ақ қой деп ем, тыңдамадыңыз. Сол бала түнде қашып
кетiптi.
— Қайда? — дедi Елмырза шошынып.
— Оны... өзi бiледi. — Ережеп ыржиды. — О сұм бала бiздi қатырды. Менiңше, ол Қоқан мен
Хиуаның жансызы болып келген. Бiрнеше күн бойы бiздiң әскердiң шамасын байқады. Ендi ол оның
бәрiн Якуббекке айтып та үлгерген шығар.
— Қап, әттегенай, ә? — деп Елмырза қап-қара боп кеттi.
— Ендi өкiнгеннен пайда жоқ. Елеке, осы жай ортамызда қалсын. Ана күбiрнәтiрдiң құлағына
шалынса, сенбей жүре ме, кiм бiлiптi? Бұл арада сыр сақтаған мақұл.