98
— Құрсын, құрсын. Мен ана Тиышбектiң сөзiне сенiп қап... — Әлжан мұңая сөйледi. — Әскер
сапына кiрсең, мылтық, қылыш бередi дегенде алданып... Елмырза маған сенбейтiн сықылды. Қару
берген жоқ.
— Қаруы құрсын, Ағаң қатты ашуланып жатыр. Саған мылтықтың не керегi бар? Өзiң... өле алмай
жүрген баласың ба? — деп Қожақ ендi тез шырт ете түстi.
Әлжан үндеген жоқ. Қожақ одан әрi сөйледi:
— Кәзiр ел жата қашамыз. Жәнiбек ағаң солай деп тапсырды. Қалсаң, ертең аналар... сенi мерт
қылады. Түсiндiң бе? Дұшпанға да кiсi сене ме екен? Атың қайда едi?
— Анаяқта... тұсап жiбергем, — деп Әлжан қолын бағана бұл келген жаққа қарай сiлтедi.
— Күзетшiсi бар ма?
— Бар.
— Онда... ретiне қарай көрермiз.
Сол арада өздерiне жақындап келiп қалған бiр кiсiнi байқап, Қожақ жүзiн танытпайын деп, бөркiн
маңдайына түсiре киiп ала қойды. Әлгi кiсi оны-мұны сұрап керi кеттi. Күнi бойы жүрiстен шаршаған
адамдардың алды қорылға басып жатыр. Сүт пiсiрiмдей уақыт өткесiн Қожақ Әлжанға ым қақты.
Алданып қалғанын ендi бiлiп өкiнiп жүрген Әлжан қамшыға зар боп отыр екен, — қоржынын иығына
салып ап, мұның соңынан томпаңдап ерiп жүре бердi. Қазақ жiгiттерi жан-жақтарына қарауыл
қоймапты. Бұлар қараңғыда топтан оп-оңай жырылып шықты. Сосын Әлжанның атын iздеп бiраз
әлектендi. Қиын болғанда, оның маңында атты торып жүрген үш-төрт жiгiт бар екен. Әлжанға олар
атын оңайлықпен бере қоймайды. Сол арада ол бiр ақыл тауып, Әлжанның құлағына сыбырлап бiрдеңе
дедi де, қоржынды алып қалды. Әлжан әлгi күзетте тұрған жiгiттерге жақын барып, сөйлесе бастады.
Оның даусы бұған анық естiлдi.
— Қайда дейсiң? — дедi бiреуi қаттырақ сөйлеп.
— Мынаяққа. Осы жерде қайын жұртым бар едi. Қалыңын берсем де, қызын ұзатпай қойды.
Сосын... былай... жiгiтшiлiк жасап дегендей...
— Е, қу, бүгiн түнде... былай...
— Иә, солай, қан қақсатып кетейiн дегенiм ғой. Сосын қызын бермей көрсiн.
— Ха-ха-ха-ха! — деп әлгi жiгiт даланы жаңғырықтыра күлдi. — Олай болса, барып қайт. Кейiн...
еңбегiмдi ақтарсың.
Сол арада Қожақ бағана өзi атын тастап кеткен жаққа қарай жалт бердi. Ентiге жүгiрiп кеп, атының
шiдерiн тез шешiп ап, үстiне қарғып мiндi. Ол келедi-ау деген тұсқа атын ақырын жүргiзе отырып
жетсе, Әлжан тақ тұр екен. Мұны көрiп, ол атын тебiнiп қалды. Бiр-екi төбеден асқанша екеуi жәйiмен
жүрiп отырды. Қалың қолдан ұзағасын барып қана шоқыраққа басты.
Түн iшiнде олар тоқталмастан салдыратқан қалпы Сырға жақындай бердi. Жол үстiнде Қожақты
бiр ой қатты қинады. Әлжанды ертiп, Қуандағы ауылына апарып қайтам дегенше, арада бiраз уақыт
өтедi. Екеуi Ақмешiтке барса, Жәнiбектiң өкпелеп қалуы ықтимал. Ендi нағылсам деп әбден басы
қатты. Сосын бiр тоқтамға табан тiредi. Төретамның тұсынан ат жалдап арғы бетке өткесiн, тура
жолды сiлтеп, пәлен жерде пәлендей құдық бар, түген деген жерде түгеншенiң ауылы бар, күнбатысты
оң жағыңа ұста да тарта бар деп әбден түсiндiрдi де‚ оны Қуаң жаққа жаңғыз жiбердi. Әлжан кеткесiн,
Қожақ ат басын Ақмешiтке қарай түзеп алды. Қалайда мына қырғын басталмай тұрып, Жәнiбекке
жетiп, қасында болғаны дұрыс. Кеше Шарапатты аларда осы қайнағасының қабағы бұған дегенде өте
жылы болды. Оның үстiне адамшылығы зор, өзiм деген кiсiден жанын аямайды. Сондай азаматты
өршiгелi тұрған сұмдық оттың ортасына жаңғыз тастап, өзi қалай ауылда жайбарақат жатпақшы? Ең
бастысы, оның тапсырмасын орындап, iнiсi Әлжанды ауылына қайтарып жiбердi. Қалған жерде не
iстесе де, өз еркi. Әкесi Құлқа батыр ағайын-туған, жолдас-жораның алдында өмiрi ұятқа батып
көрмеген ер кеуiлдi кiсi едi. Содан туған Қожақтың жығылмайтын жерде жығылып жатқаны масқара
емес пе? Бiр жаманатың шықса, ертең оны жүз рет жау шауып әкеп жуа алмайсың. Қайта атыңа түскен
қара дақ сенiң қаншама жақсы iстерiңдi ел көзiнше құнын түсiрiп, жеңiлейтiп сала бередi. Асылы кiсi
өз әлсiздiгiн басқа жұрттың көзiнше сездiрмеуге тиiс. Бiр сездiрiп алсаң, сенi ит те, құс та басынады.
Сосын саған тиыш тiрлiк жоқ. Ең турасы — дер кезiнде абырайыңды жинай бiлу. Бұрынғы шалдардың
ерте бастан иман ойлайтыны да сондықтан. Не десең де мұның бiр қайрат көрсететiн кезi осы. Бұдан
бас тартқаны өлiммен тең.
Сол қамшы боп, Қожақ атын алғаш рет қамшымен қаттырақ тартып қалды.
11
Тортай Орынборға келе салған бойда шұғыл тапсырмамен Петербургке барған-ды. Одан әрi
Франция, Германия, Италияны аралап қайтты. Европа елдерiнiң даңқын шығарған не бiр ескi
имараттарды, аты шулы театрлар мен көрмелердi көрдi. Барлығын тамашалап жүрiп, көз алдынан
өзiнiң туып-өскен даласы кетпей қойды. Iшiнен: “Қашан осындай боп көркейiп, шәһар салып отырар
екенбiз? Бiздiң де өсiп-өркендейтiн кезiмiз болар ма екен?” — деп армандады. Сахарада туылып-өссе
де, кадет корпусында оқыған жылдары оның көшпендi тiршiлiк туралы ой-пiкiрi мүлдем өзгерiп
кеткен-дi. Оған дүнияның бар қызығы — бiр жердi мекендеп, жай салып, отырықшыланып өмiр сүру
ғана боп көрiнетiн. Сүйте келе өзi атқа мiнiп, даланың жықпыл-жықпылын кезiп, аң қағуға құмар.
Ендi, мiне, Европадан оның ойы ауырлап қайтты. Петербургке келгесiн, ол осында басылатын қалың
бiр журналды басқаратын кiсiнiң мақалаларын оқып шықты. Орыстың көзi ашық азаматтары да жеке
кiсi билейтiн патшалықтан гөрi алқалы топ боп сұрайтын республика болсақ деп армандайды екен.
Осы ниеттегi кiсiлер, әсiресе, Батыс iлiмiн оқып-зерттеген жастар жағы батысшылдық ыңғайында
жүрген көрiнедi. Бұған қарсы бүкiл славян жұртының басын бiрiктiру керек дейтiн басқа бiр топ та бой