Стр. 102 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

101
— Өй, рахмет. Сенiң бұл еңбегiңдi бiр қайтарармын, — деп‚ сараң төре сол арада уәде берiп
қалғанын аңдамады да.
— Рахмет. — Ережеп мұртынан күлдi. “Ә, бәлем, қақпанға түстiң бе? Алдымды орап кетер болсаң,
тап күбiрнәтiрдiң өзiне барып айтармын”.
Тортай екеуiне жалтақ-жалтақ қарады да, үндеген жоқ. Осы арада да олардың арасында бiр қыжыл
жатқанын байқап, iштей қоңырайып қалды. Сосын лұқсат сұрап, сыртқа шығып, таза ауада азырақ
жүрдi де, өзiне салынған төсекке кеп қисайды. Жол соқты болған ол тез арада қор ете түстi.
12
Тиышбек шиық-шиық күлдi. Қасында қорылдап ұйықтап жатқан Шәкидiң танауына жусанның бiр
талын сындырып ап‚ жайлап жүгiртiп едi‚ сылыңғырдай қара жiгiттiң жұқа танауы дiр-дiр етiп‚ басын
керi тартады. Сонда да оянбайды. Кеше ұры деген атымен осы төңiрекке дәрпi шашылған жiгiттiң таң
ағарып сала бергенде түкте iсi жоқ. Қайта аяғын созып жiберiп‚ әкесiнiң салулы төсек‚ салқын үйiнде
жатқандай қорр-қорр етедi. Тиышбек шиық-шиық күлiп‚ оның танауына тағы да ши жүгiрттi. Бiрақ
Шәки ояна қоймады. Әрi-берiден соң Тиышбектiң ашуы келе бастады. “Әй‚ мынау менi менсiнбей ме
қалай өзi? Мұның ат қосшысы болып жүретiндей мен немене басыбайлы құлағы кесiк құлы ма едiм?
Осыдан ғой оятпай тастап кетсем‚ ертең Әлiм‚ Шөмен бетiме түкiредi-ау! Болмаса мұндай
қырсықтарды”‚ – деп ойлап отырды да‚ кенет жын ұрғандай баж ете қап‚ Шәкидi иығынан
жұлқылады:
— Ойбай‚ құрыдық! Құрыдық!
— Не‚ не? — деп Шәки қатты шошып‚ жастанған қазақы ерден басын тез жұлып алды. Көзiнде
үрей бар.
—Тұр‚ обай! Құрыдық!
— Е‚ не болды соншама? — дедi Шәки түкке түсiнбей.
—Тұр дейiм саған! Мына қарашы‚ қара құрт жорғалап келе жатыр! Шағып алса‚ бiттiң. Ауылдан
адам құсап сенi қасыма ертiп шыға қойып ем‚ мына жерде шәйiт болсаң‚ ертең келiнге не бетiмдi
айтам?
Қарақұрт дегесiн‚ Шәки де шошып‚ орнына атып түрегелдi. Тиышбек қамшысының ұшымен
түрткiлеп жатқан жәндiкке қарап... Шәки күйiп кеттi. Ызалана бiр боқтап:
— Осы уаққа дейiн қара құртты бiлмейсiң бе? Мынау деген бұзаубас қой‚ — дедi.
— Қайдағы бұзаубас? — деп Тиышбек шақ ете түстi. — Әй‚ ана екi мұртына қарасайшы‚ найзадай
тiкiрейiп тұр ғой!
— Өй‚ сен де бiр кiсiнiң ұйқысын бұзып‚ — деп Шәки ендi ұйқыдан маза қашқанын бiлiп‚ анадай
жердегi қаққа барып бет-қолын жуды. Қайтып кеп Тиышбек әлдеқашан қайнатып қойған шәйға
отырды. Қоржынынан кеше осы жаққа қарай шығарда Дархан тыққыштаған құрт‚ сары май‚ iрiмшiктi
шығарды. Соны көрген Тиышбектiң көзi жайнап сала бердi:
— Қап‚ сенi бекер оятқан екенмiн. Мұны бiлгенде...
— Е‚ неменеге? — дедi Шәки таңғалып.
— Сен ұйықтап жатқанда‚ мына құрт пен iрiмшiктi майға былғап жеп‚ харап қылатын едiм ғой.
Әй‚ осы менiң аузымның iж салуы жоқ. Құдай о баста бiр несiбеңдi кем ғып жаратқасын қиын екен.
Қой‚ бұ да бұйырған деген. Ауызға түсiп тұрғаннан қағылғаннан жаман жоқ. Иә‚ бiссiмiллә‚ — деп ол
дастархандағы құрт пен iрiмшiкке қол салды. Бiр-екеуiн шайнамай жұта сап: — Паһ‚ паһ‚ құрт
болғаныңа! – дедi.
Шәки үндеген жоқ. Кешелерi бұған Тиышбек жетiп кеп: “Менi әбден ұятқа батырдың‚ Елмырзаға
уәде берiп қойып ем‚ сен болсаң Ережептiң жоғын жоқтап кетiпсiң”‚ – деп бiраз күстаналаған.
Тиышбектiң сөзiн сөз демейтiн бұл тiс жармаған. Ендi‚ мiне‚ Елмырзаның қолына кiрiп‚ мұнымен
жолдас болғалы әбден мазасы қашты. Тиышбектiң мұны құлқынсәрiден оятып‚ үнемi апысы кiрiп‚
күпiсi шығып жүргенi. Бүгiн де сүйттi.
Тиышбек оның жүзiне қарап мырс еттi. Құйрығымен берi қарай бiр ысырылып отырып:
— Бала‚ осы екеумiз мал табамыз деп жүрiп‚ шыбын жанымызды аққа тапсырып алмасақ не еттi?
— дедi.
— Бiр құдайдың жазғаны болады да.
— Ол дұрыс қой. Алым кiсiлер ләухiл махфуздада не жазылса‚ соны көресiң дептi. Сонда да... осы
Пераускийiң бiздi алдап жүрген сықылды. Болмаса маған мынадай жаман ат тие ме?
Тиышбек қодырайып қойды. Осыдан бiрнеше күн бұрын Қазалыдан берi шығарда‚ Ережеп қосынға
кеп: “Жарамсыз аттары барларың жарамды атқа мiнiңдер“‚ — деген. Тиышбек көзi қызып кетiп‚
бiрiншi барып үйiрiлiп тұрған аттарды таңдай бастаған. Не бiр сауыры төңкерiлiп тұрған
қазанаттардың жанына кеп‚ мұрнын шүйiрiп‚ сын тағып таңдай берген. Сол арада Шәки кеп:
— Тәке‚ сенiң осы сыншылық өнерiң де жоқ па? – деген.
Өмiрi өз бойынан не бiр жақсы қасиеттi iздеп таба беретiн Тиышбек шақ ете түсiп:
— Ойпырмай‚ сен өзiң қызық жiгiт екенсiң ғой. Менiң нағашы жұртым шетiнен түрiкмен мен
арабы атты шатыстырып‚ ат жарыстырған сейiс едi. Солардан жұққан қасиет деген менде жетерлiк
қой. Тек соны тұтына бермейiм‚ – деген.
— Онда... мына бiр атты сынап көршi‚ — деп Шәки өзi мiнгелi тұрған атқа алып келген.
Тиышбек салған жерден мұрнын шүйiрiп:
— Өй‚ мынауыңды қой! Омырауы он бала тапқан салақ қатынның төсi сықылды алқам-салқам.
Шоқтығы қазанбұзар тентектiң жұдырығындай шодырайып тұр. Екi бұтының арасы талтақ. Мұндай да
ат бола ма екен? Ертең шайқас үстiнде шаба алмай‚ шаң iшiнде қалдырады‚ — деп жосылып кеп