102
берген. Қызыл тiлi жосқан сайын Тиышбектiң жаны кiрiп‚ өз айтқанын қайта-қайта дәлелдеп баққан.
Бiр уақта барып: — Қап! — деп санын бiр-ақ соққан.
Бұл сыншылық құрып тұрғанда‚ қосындағы жiгiттер жақсы аттарды егеленiп кетiптi. Бұған бiр
жаман арық ат қалыпты. Өзi кәрi. Амалы құрыған Тиышбек: “Қой‚ Перауский маған қай бiр жақсы
атын қияды дейсiң? Осы да жарар. Бұйырған деген“‚ – деп жаман атқа қоқия мiнген. Жаңағы айтып
тұрғаны‚ өзiнше Шәкиге кiнә артып‚ сен болмағанда‚ сыбағамнан құр қалмас едiм ғой дегендiгi едi.
Тиышбек құрт пен iрiмшiктi майға былғап жеп ап‚ қара шайға қанып болғасын‚ кiр-кiр орамалмен
бет-аузын сиыра сүртiп жатып:
— Иә‚ Алла‚ осы бергенiңе де шүкiршiлiк. Ертең не боларын кiм бiлiптi. Одан да осы ана Әлжан
құсап қашып кетсек пе‚ а? — деп Шәкиге қулана қарады.
— Қой‚ ұят болар.
— Ойбай-ау‚ шыбын жанды Алла әркiмге бөлек-бөлек етiп бередi. Сондықтан да әркiмнiң өз жаны
өзiне қымбат. Сенiң шыбыныңды менiң шыбыныммен алмастырса ғой‚ шынында‚ осы не болар едi‚ а?
— Өй‚ сен де бiр қайдағыны айтып...
— Ойбай‚ оның айтатыны жоқ. Баяғы Харун Рәшид заманында сондай бiр жәйт болған дейдi ғой.
— Е‚ ол не нәсте? — дедi Шәки қарап отырғанша күлкi болсын деп.
Шәкидiң әңгiме тыңдар райын байқаған Тиышбек желдей жосыла жөнелдi:
— Ойбай‚ сен оны бiлмейдi екенсiң ғой. Ол деген бiр хiкәйә. Баяғы пайғамбар заманында
Бағдаттан ба‚ әлде Мысырдан ба бiр үш жiгiт сауда-саттық жасайық деп керуен тартып жолға
шығыпты. Бiр жiгiттiң жасы бәрiнен де кiшi екен. Екеуi оны басынып‚ қызыметiне жұмсап‚ әбден
ығыр қылыпты. Сонымен қойшы‚ не басыңды ауыртайын‚ олар қалың құмның iшiнде келе жатып‚ бiр
ескi қыстауға кездесiптi. Келген бойда екеуi кiшiсiне әмiр етiп‚ тамақ iсте деп‚ қорылға басыпты. Жасы
кiшi жiгiт от жағып‚ қазан асып‚ отырып‚ бiр уақта қор ете түскен екеуiне қарайды. Сол мезет екеуiнiң
мұрнынан екi әйдiк‚ дәл мынадай‚ — деп Тиышбек бас бармағының ұшын көрсеттi‚ — иә‚ дәл
осындай екi қара шыбын ұшып шығыпты да‚ ызыңдап үй iшiнде ұшып жүрiптi. Жiгiт соларға қарайды
да отырады. Бiр шыбын тамның төбесiндегi ылайы жарылып кеткен жерге барып қонады. Екiншiсi
қабырғадағы жарық тұстарға қонады. Жiгiт не iстер екен деп екеуiн аңдиды. Екi шыбын сол жарықтың
ояқ-бұяғына кiрiп‚ ұзақ айналады. Сол арада тамақ та пiседi. Жiгiт ана екi серiгiн оятайын деп қолын
соза бергенде‚ әлгi екi шыбын зып берiп олардың танауларына кiрiп кетедi. Сонда әлгi екеуi апалақ-
құпалақ оянып: “Қап‚ бекер ояттың ғой”‚ — дейдi. “Неге?” — дейдi аспаз жiгiт таңғалып. Олардың
бiрiншiсi: “Жаңа көзiм iлiнiп кеткен бойда‚ кәрәмәт бiр түс көрдiм. Түсiмде бiр үлкен сарайда жүр
екенмiн. Соның балшықпен сыланған төбесiнде бiраз алтын жатыр екен. Соны алайын деп ендi
қолымды соза бергенде‚ оянып кеттiм”‚ — дедi. Сонда екiншiсi тұрып: “Апырмай‚ түсiмiз қалай ұқсас‚
ә? Мен де сондай түс көрдiм. Мен де үлкен бiр даңғыраған сарайдың iшiнде сейiл құрып жүр екенмiн.
Бiр қарасам‚ қабырғаның топан сылағының астына алтын дiлдәларды салып сылаған екен деймiн.
Соны ендi ала берем дегенде оянып кеттiм”‚ — дейдi. Үшiншi жiгiт дымын бiлдiрмей отыра бередi.
Сол түнi түнеп болғасын‚ үшеуi қайтадан жолға шығады. Бұ жолы олар елге жете алмай далаға
қонады. Екi жолдасы ұйықтады-ау деген шамада‚ аспаз жiгiт атына мiнiп ап‚ баяғы қыстауға келедi.
Келе қабырға мен төбенiң сылағын қопарып қараса‚ шынында да‚ алтын сыртынан сыланып қойылған
екен. Сүйтiп әлгi жiгiт байып кетiптi.
— Ол... сосын ана екi жолдасына қайтып барып па?
— Қайдағы барған? Алтынымды тартып алады деп қорқып‚ келген жағына қарсы тартып
отырыпты. — Тиышбек сол арада кiлт тоқтай қалды: — Бала‚ осы Әлжан да сүйтпедi ме екен?
— Өй‚ қойшы‚ сен де бiр қайдағыны айтып‚ — деп Шәки күлiп‚ қолын бiр сiлтедi.
— Болмаса о неге қашады?
— Ояғын кiм бiлiптi? — Шәки сөздiң бетiн әңгiмеге қарай бұрды. — Сен онан да сөзiңдi түптешi.
Сонымен әлгi шыбындар не етiптi?
— Ау‚ не етсiн‚ қайтадан танауларына кiрiп-кiрiп кетiптi. Осы‚ бала‚ сенiң шыбын жаның басқа бiр
жерде ғой дейiм.
— Е‚ неге?
— Негесi сол. Жаңа мен танауыңа ши жүгiрткенде‚ ояна қоймадың. Сосын жұлқып едiм‚ оянып
кеттiң. Бiрақ мен сенiң танауыңа кiрген шыбынды көрген жоқпын. Демек‚ сенiң жаның басқа жерде.
Бәсе‚ сол екен ғой шатақ‚ төбелес десе өлем деп қорықпай‚ ақиып бара беретiнiң. Бiлдiк сырыңды‚ —
деп Тиышбек бiр уақ оны тәлкек қылды.
Бұл кезде күн едәуiр көтерiлiп қалған едi. Күндегi әдет бойынша дүңкiлдете барабан қағылды‚
труба тартылды. Ақ патшаның әскерлерi орындарынан атып түрегелiп‚ сап түзеп‚ шығыс жаққа қарай
жүрiп кеттi. Зеңбiрек артылған түйелер бiрiнiң соңынан бiрi тырнаша тiзiлiп барады.
Тиышбек жаман атына қоқилана мiнiп тұрып:
— Паһ‚ паһ! — дедi аузының суы құрып. — Патша болсаң‚ осындай бол. Әскерiнiң өзi Iскендiр
Зұлқарнайының қолынан бiр де кем емес. Осы бетiмен барғанда‚ кiм бұған қарсы тұра алар екен?
Шәки үндеген жоқ. Содан екеуi Елмырза қолының қалың ортасында үзеңгi қағыстырып келе
жатты.
Түске тарта ауа әбден қапырық боп кеттi. Ат тұяғы ұшырған шаң бiр орнында көтерiлген қалпы
тұрады да‚ ақырын-ақырын ғана сейiле бастайды. Аттардың танаулары шуылдап‚ олар бастарын
шұлғи бередi. Өздерiнiң кекiлдерiн шаң басып салған. Жiгiттердiң де мазалары қашып-ақ келедi. Сол
арада Тиышбек атын тайпалтып кеп‚ Шәкиге:
— Бала‚ тiзгiнiңдi тарт‚ — дедi.
Шәки атының тiзгiнiн тартып‚ кiдiрте бердi. Тиышбек бұған ымдап қап‚ қалың топтың арасынан
бiр сүйiрлеп шыға бердi. Шәки ылажсыз оның соңынан ердi. Ол қулық ойлаған екен. Сол қанаттағы
топтың арасы сұйыла бастағанын дер кезiнде байқап‚ қалың топтың жел жағына шығуды көздептi.