103
Сәлден соң екеуi шаң қаппай‚ жел жақта жортақтап келе жатты. Тиышбектiң аузы тыным таппай‚
самбырлай сөйлеп келедi:
— Бұ дәдәңдi қой‚ өлмейдi ғой! Мен болмасам‚ сен ана Ақмешiтке жеткенше шаң жұтып‚ көк
жөтел болатын едiң. Бала‚ осы қызметiмдi кейiннен өтейсiң.
— Болсын‚ — дедi Шәки күлiп.
— Болсын-солсынды қой. Мына Ақмешiттi шауып‚ олжа алғаныңда‚ алғашқы сыралғы менiкi!
Басқа мәнтәй-шәнтайыңдi бiлмейiм. — Ол қоразша қоқиланып қойды.
Осы кезде бұлардың жандарынан Тортай бастаған топ өтiп бара жатты. Киiмi бөлек төренi көрiп
Тиышбек сәл-пәл таңғалып тұрды да‚ кенет ыржың еттi:
— Е‚ бұ да келiп қапты. Баяғыда Райым қамалында екеумiз сапар кесемен шәмпән-мәмпән
iшкенбiз.
— О не пәле? — дедi Шәки шынымен таңғалып.
— Ойбай‚ сұрама. Бұл жаман ағаңның бiлмейтiн нәстесi жердiң астында ғой. Көрмегенiм де жоқ. О
деген фараң дейтiн жұрттың бозасы көрiнедi. Былай қарасаң‚ сылдыраған су сияқты. Iшсең болды‚
танауыңды қыдықтап‚ кекiртiп берекеңдi алады. Дәмi ашытпа сықылды. Өй‚ содан бiр-екi кесесiн
iшiме құлатып салып ем‚ бiр қарасам қасымдағы Тортай төре екеу боп‚ маған қарап тұр! Басымды
шұлғып-шұлғып жiберiп‚ қайта қарасам‚ әлгi төрем ендi төртеу! Бала‚ саған өтiрiк‚ маған шын‚ содан
зәре-иманым қалмады. Сүйтсем‚ маған iшкiзiп отырғаны кәпiрлердiң сиқыр суы екен. Ертең көре қал‚
олар шайқасқа со пәленi iшiп алып кiрiседi. Сосын бұлар деген өлгенiне қарамайды. Содан кейiн ақ
патша жеңбей‚ шыбын жанын алақанына салып аялап отырған Хұдаяр хан жеңсiн бе? — Сол арада
Тиышбек қабағын шытып: — Сүйткен төре iнiмiздiң түрi анау ғой. Ағам деп сәлем де бермейдi.
Сақалды басыммен өзiм барып‚ оның қолын алайын ба? Бермесе‚ сәлемiн қалтасына салып қойсын‚ —
деп ренжiдi де қалды. Қатты өкпелегенi сонша‚ Тиышбек сөзден шорт тиылды.
Түс ауа бергенде шеру тартып келе жатқан қалың қол әлденеге иiрiле түстi. Ат үстiнде басы
былғалақтап келе жатқан Тиышбек селк етiп‚ көзiн ашып ап‚ алға қарады да‚ атын тебiнiп қалды.
Шәки оның соңынан салды. Тиышбек алда тұрған аласалау қыраттың басына шауып шықты да‚
атының басын тарты. Қасына жақындап келген Шәкиге қуана‚ қатты айқайлады:
— Әне‚ Ақмешiт! Жарықтықтың мешiтi-ай‚ жарқырап тұр-ау! Ертең соны... мына кәпiрлер...
Ол жан-жағына жалтақтай қарап‚ аузын қолымен баса қойды.
13
— Әне‚ келiп қалды!
Қарауыл жiгiттiң даусы барқырай шықты. Содан шошыған Қоқан сарбаздары биiк диуалдың садақ
атар тесiгiнен алға қарай қадала түстi. Алдыңғы жақтан алғашқы кезде бұрқырай шыққан шаң ғана
көрiнген едi. Құралайдың дауылы кезiнде осы өлкеде шаң-топырақ суырып‚ жер-жаһанды ақ түтек
алып кететiн. Сондайда айнала көзге түртсе көргiсiз бiр дүнияға айналатын. Кәзiрде сондай бiр
сұрапыл дауыл келiп қалғандай әсер еттi. Қоқан сарбаздарының әлден-ақ үрейлерi ұшып‚ ала шаңның
iшiнен самсаған сары қолды көргенде састы да қалды. Орыс әскерлерi саптарын бұзбастан жақындап
кеп‚ оқ жетпес жерде тоқтады да‚ кенет үшке бөлiнiп‚ қамалды үш жақтан орай бастады. Сәлден кейiн
олар Қоқан қамалын қоршап‚ шатырларын тiгiп‚ орналаса кiрiстi. Соны көрген сарбаздар:
— Бұлар қамап алды! Ендi өлдi шығармайды.
— Енди нима қылдық?
— Қашуға да жер қалдырмады‚ — деп‚ абыр-сабыр болды да қалды.
Якуббек‚ Ядгарбек‚ Жәнiбек үшеуi дәл осы кезде қамал диуалының басына шықан едi. Олар
өздерiне арналған тесiктен алға қарай көз тастады. Орыс әскерлерiнiң үшке бөлiнiп‚ үш жақтан қоршай
түскенiн көрдi. Хиуа жақтан бес жүздей қолман көмекке келген Ядгарбек басын шайқап:
— Ахуал қиын‚ — дедi.
— Мен де солай ойлап тұрмын‚ — дедi Ядгарбек даусы барлыға шығып.
— Олар қамалды осыдан бiр-екi айға дейiн қоршап тұрса‚ һичкiм де шыдай алмайды. Азық-түлiк
таусылады. Сондықтан‚ бек‚ — деп Ядгарбек оған бұрылды: — Ана түскей жақтағы қақпаға сенiмдi
кiсiлердi қойыңыз.
— Неге? — дедi Якуббек түкке де түсiнбей. Өзiнiң қара бетi күреңiтiп кетiптi.
— Ертең заманның қалай боларын кiм бiлiптi? Әйтеуiр‚ бiр қақпаның сенiмдi болғаны мақұл.
Жәнiбек Қоқан қолының мына қаптаған әскерге төтеп бере алмасын бiлдi. Бұларда бар болғаны он
шақты ғана зеңбiрек бар. Мылтық деген сарбаздың бәрiнде бар емес. Барының өзi аузынан оқтап‚
шақпақ шағып ататын‚ атам заманнан бермен қарай келе жатқан бiлтелi қара мылтық. Оның үстiне
мыналардың әскерiнiң саны өте көп. Жәнiбек тесiктен сығалай қарап тұрып‚ Елмырза қолының оқшау
шығып‚ бiр төбенiң астына түсiп жатқанын анық көрдi. Қасындағы Ережептi бiрден таныды. Олар
келген бетте орыс әскерлерi құсап шатыр тiгiп жатпай‚ аттарын тұсап жiберiп‚ мосыларын алып‚ шай
қайнатуға кiрiстi. Орыс әскерлерi болса келген бетте-ақ арбадан жүктерiн түсiрiп‚ түйе белiнен
зеңбiректерiн алып‚ жер қазып‚ бекiне бастады. Бiрден олар зеңбiректердiң үңiрейген ауыздарын
қамалға қарата орналастырды. Сол арада анау үңгiрейген өңештен ертең ажал добы ысқырып кеп‚
мына қамалдың iшiнде жарылатынын ойлаған Жәнiбектiң тұла бойы түршiгiп кеттi. Со кезде жан-
жаққа ысқыра ұли шашылған балқыған қорғасынның бiрi тисе‚ бұ да шәйiт болмақшы. Мына жарық
дүния‚ анау жарқыраған күн‚ келешектiегi көрер қызық деген харап болмақ. Содан кейiн сенiң құның
беш тиын. Жәнiбек әлденеден шошынып‚ көзiн тесiктен тартып ала қойды.
Ядгарбек соны байқаса керек‚ жәй ғана мырс етiп:
— Мырза‚ шошып қалдыңыз-ау дейiм‚ — дедi.