Стр. 105 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

104
Жәнiбек қып-қызыл боп:
— Жәй‚ былай әшейiн. Көп қорқытады‚ терең терең батырады деген. Соның керi келе ме деп‚ —
дедi.
— Оның рас‚ — дедi де‚ Ядгарбек мұны қолтығынан алып‚ төмен қарай түсе бастады. Соңынан
ерген Ядгарбекке: — Сiз ендi қамалдың әкiмiсiз ғой. Сарбаздарыңызға барып дем берiңiз. Даярлығын
қараңыз‚ — дедi. Сүйттi де бұрылмастан жүре бердi.
Жерге түскесiн Ядгарбек бұған:
— Мырза‚ мына жәйттi қалай бiтедi деп ойлайсыз? — дедi.
— Қадырданды бек‚ шынымды айтайын ба‚ әлде өтiрiгiмдi айтайын ба? – дедi Жәнiбек жорта
күлiмсiреп.
— Өтiрiк айтып‚ өлерiңдi бiлмегенше‚ шыныңды айтып‚ ажалыңның неден екенiн байқаған абзал.
— Онда... шынымды айтсам‚ мына қолға шыдап тұруымыз қиын сықылды.
— Мен де солай ойлап тұрмын. Бүгiн Ташкент құшбегiсiнен сарбаздар келмекшi едi. Олардың неге
кешiгiп жатқанын бiлмейiм.
— Сол құшбегiнiң сөзiнiң бәтуасы жоқ па дейiм. Ендi қол келгенмен қамалға кiре алмайды.
Қақпаны ашып жатқанда‚ олар лап берсе‚ шаруаның бiткенi‚ — дедi Жәнiбек оның қасында ақырын
жүрiп келе жатып.
— О да рас. — Ядгарбек артық тiс жармады.
Жәнiбектiң мына бектi анада Хиуада кездескеннен кейiн көрiп отырғаны осы. Бас уәзiрлiктен
түскелi қартайып кетiптi. Сафар би Мұхаммед-Инақты азғырып‚ мына ақылды кiсiнi қайдағы бiр
болмайтын жақтарға жұмсайды екен. Өткен жолы ол Хиуа мен Бұхара хандары қырғын боп таласып
жатқан Мәруге барып қайтыпты. Мың шақты сарбазды бастап‚ Мәру шәһарын қоршап тұрған Бұхара
әмiрiнiң қолын тас-талқан қылыпты. Сол шайқаста өзi де жарақаттанып қалыпты. Елге жеткесiн бiраз
емделгiсi келген екен‚ ұлы хан жарлық етiп‚ қасына бес жүздей сарбаз ертiп‚ орыс әскерi қиратпақ
болған Ақмешiт қамалына көмекке шұғыл аттандырып жiбердi. Ядгарбек бұл сарбаздың ешқандай да
жыртыққа жамау бола алмайтынын бiлсе де‚ қарсы тiл қата алмай‚ бас иiп‚ сапарға шығып кетiптi.
Олардың мұнда келгенiне екi күн болды. Ядгарбек келген бойда қамалдың барлық жерiн қарап шықты.
Сырттағы су ағып жатқан терең орды көрдi. Сарбаздардың қару-жарағын қарады. Оның түрiнен
Якуббектiң соғысқа деген дайындығына қарны ашып тұрғанын байқаған Жәнiбектiң сонда-ақ
үнжырғасы түсiп кеткен-дi. Өзiнiң осы бiр аласапыран жәйтке қалай оп-оңай араласа қалғанына iштей
өкiнген. Кеуiлiн бiрлеп тұрған жағдай — кешелерi Қожақтың Әлжанды iдеп тауып ап‚ ел шетiне
жеткiзiп салғаны едi. Ол келгесiн‚ Жәнiбек оңашада: “Қосардағы аттарға мықтап қара‚ тың ұста‚ жемiн
уақтылы бер”‚ – деп тапсырған. Содан берi Қожақ аттардың қасынан қыл елi шықпай жүр.
Ядгарбек өзi түскен тамға келдi де‚ бұған iлтипат көрсетiп‚ iшкерiге шақырды. Ақмешiт қамалы
салынғалы мұнда кеп орналасқан қоқандықтар аласа жер тамдар соғып алған болатын. Сырдан
арықпен су ағызып‚ алақандай жердi гүлдендiрiп қойыпты. Ауланың iшiнде бес-алты кiсi еркiн
шомылатын һәуiз бар. Бұлардың кiрiп келе жатқанын көрiп‚ бой жетiп қалған бiр-екi қыз беттерiне
пәрәнжәсiн түсiре сап‚ именiп‚ iшкерiге кiрiп кеттi. “Өзбек қыздары қандай әдептi!” — деп ойлап‚
Жәнiбек Ядгарбектiң соңынан iлесiп жүре бердi.
Ядгарбек ауланың iшiндегi көлеңке жерге салынған сәкiге кеп отырды. Оның оң жағына Жәнiбек
кеп жайғасты. Күн бұ кезде жана бастаған болатын. Бiрақ талы мен терегi бойлап өскен ауланың iшi
салқын екен. Бұлардың орналасқанын көрген қызметкер жiгiт лып етiп‚ қолына темiр табақшасын
алып‚ жетiп келдi. Екi аққұман мен кеселердi алдарына қойды. Дастарханға тандыр нан мен жуылған
жүзiм‚ алма‚ алмұрт‚ анарларды тездетiп әкелдi. Сосын оң қолын кеудесiне қойып‚ иiлiп-бүгiлiп iшке
қарай кеттi.
Шәй үстiнде Ядгарбек бұған бұрылып‚ хал-жағдайын сұрай бастады. Жәнiбек соңғы жылдардағы
ел iшiндегi ахуалды тегiс айтып шықты. Ядгарбек дағарадай сәлде салған басын шайқап қойып:
— Бiздер көп нәстенi аңламай қалдық‚ — дедi. — Қазақ туысқандарды бауырға тарту орнына‚ керi
тептiк. Омар ханның тұсында егеленген жерiмiзден ендi айрылып қалғалы тұрмыз. Үш ханның басы
бiрiккенде‚ бұлай болмас едi. Мұның арты қиын.
— Сонда... не болмақшы‚ — дедi Жәнiбек жүзiмнiң бiр түйiрiн үзiп ап‚ аузына салып жатып.
— Ақмешiтке табан тiреген ақ патша iлгерi қарай жылжымайды деймiсiң? Түркiстанның Шарқы
жағынан оның әскерлерi Жетiсуға жетiп те қалды. Мына жақтан‚ мiне‚ Ақмешiтке келiп отыр. Сүйтiп
зор қыспақтың арасында қалып отырмыз.
— Шынында да солай.
— Ендi бұдан құтылу қиын. Тек қана бiр амал бар.
— О не?
— Ол деген... — Ядгарбек өткiр көзiн жұма түсiп‚ басын қиқаң еткiздi. — Былай айтсақ‚ қызық өзi.
Менiңше‚ инглиздармен тез байланысып‚ олардың әскерлерiн осы жерге төгу керек. Оларға
бағынышты болдық деу қажет. Сонда Ресей патшасы инглиздардың патшасымен соғысуға батпайды.
Сүйтiп, күрiш арқасында күрмек су iшедi дегендей‚ бiз аман-есен қаламыз.
— Оны... хандар қолдар ма екен?
— Бар гәп сонда боп тұр ғой‚ — деп Ядгарбек қынжылып‚ қолын бiр сiлтедi. — Әй‚ олардың өзара
келiсе қоюы қиын. Оның орнына бiрi сүрiнсе‚ екiншiсi қуанып‚ алақанын шапаттап жатады. Қасқалар
бiрiне туған күннiң ертең өзiне туарын да бiлмейдi. Содан-ақ сорлап бiттiк.
Жәнiбек шәй iшiп болғасын‚ Ядгарбектен лұқсат сұрап‚ сыртқа шықты. Қожақ қалған жерге келiп‚
аттардың күйiн байқап көрдi. Қашаннан шаруа жiгiт аттарға барын салыпты‚ өлшеммен жем-суын
берiп‚ аз күннiң iшiнде тыңайтып тастапты. Сирақты аттардың әлден-ақ түгi сыртына шығып‚
жылтырап‚ бастарын кегжитiп‚ кiсiге көздерi ойнақши қарайды. Қожақ мұны көрiп‚ берi келдi де:
— Қамап жатыр дей ме? — дедi.