Стр. 106 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

105
— Қамауын қамап үлгердi‚ — дедi Жәнiбек селқос.
— Бiздiң күнiмiз... не болар екен?
— Кезiнде көрермiз. — Жәнiбек жан-жағына жалтақтай қарап қойып‚ ешкiм жоғын көргесiн‚
сыбырлай сөйлеп: — Аттарға еге бол. Орыстар қамалға кiре қалған сәтте‚ аласапыранда тып берiп
тайып тұру керек‚ — дедi.
— Мақұл.
Сол күнi кешке дейiн орыс әскерлерi жер қазып‚ зеңбiректерiн орналастырумен болды. Якуббектiң
пәрмәнымен оларды шошытайын деп‚ зеңбiректен бiр-екi рет доп атып едi‚ ысқырып ұшқан доп қалың
қолға жетпей‚ құмшауыт жердiң топырағын аспанға көтерiп жарылды. Оған бекiнiп жатқан әскерлер
елең де қылған жоқ.
Якуббек кешке дейiн сарбаздарды аралап‚ мергендердi оңтайлы жерге орналастырып‚ асып-сасып
жүрдi. Күн ұясына қона шығыс жақтан келе жатқан бес жүзге жуық атты сарбаз көрiндi. Қамал
диуалынан қарап тұрған Ядгарбек оның Ташкент құшбегiсi жiберген қол екенiн бiле қойып‚ хабар
берейiн деп‚ түскей жақтағы қамалдан екi атты кiсiнi сыртқа шығарып жiбердi. Мұның ойынша‚
олардың ел жата қамалға кiргенi дұрыс. Оған дейiн мына қалың қолдан қорыққан ыңғай танытып‚ керi
серпiлгенi мақұл.
Қамалдан шыға бере құйғытып шапқан екi аттыны көрiп‚ бекiнiп жатқан орыс қолы абыр-сабыр
болды да қалды. Сәлден кейiн күн күркiрегендей боп‚ зеңбiрек атылды. Бiрiншi доп құйғыта шауып
бара жатқан екi сарбазға жетпей жарылды. Құмшауыт жердiң шаңы бұрқ ете түстi. Екiншi рет атылған
доп ысқырып барып‚ екi сарбаздың алдынан барып түстi. Бiр сарбаз сол сәт ат үстiнен толқып кетiп‚
екi қолы ербеңдеп‚ жерге құлап түстi. Үрейi ұшып кеткен екiншiсi алды-артына қарамай зытып
барады. Үшiншi атылған доп айдалаға лағып кеттi. Ядгарбек сонда ғана уһ деп дем алды. Екiншi
сарбаз бiр қыр асып‚ көзден таса болды. Сосын барып қиялай шауып‚ сап түзеп‚ ләшкер тартып келе
жатқан шағын қолға қарай тура салды.
Ол сарбаз жеткен бойда Тәшкент сарбаздары иiрiле түсiп‚ кеңесiп‚ ұзақ тұрды. Сосын аттарының
бастарын бұрып‚ жәйiмен керi қайта бастады. Соны көрген орыс әскерлерi әлденеге елеңдесiп‚ әр жер-
әр жерге жиылысып‚ қолдарын сiлтей сөйлесiп‚ дуылдасып жатты.
Сол күнi батыс жақтан қылдырықтай боп ай туды. Жәнiбек айға қарап‚ дұға оқып‚ қолымен бетiн
сипады. Сосын қамал басына шығып‚ орыс әскерлерi не ғып жатыр екен деген әуестiгi жеңiп‚ алға
қарай көз тастаса‚ – олар отты лаулата жағып‚ кешкi тiршiлiктiң қамына кiрiсiп те кеткен екен.
Көлеңкелерi сереңдеген бiреулер отта тұрған тай қазанның маңында жүр. Кей тұстан шеккен темекiнiң
шоғы қасқырдың көздерiндей боп көрiнедi. Ендi бiр сәтте әлгi шоқтар көбейiп‚ тұс-тұстан көзге
шалына бастады. Жәнiбек өздерiн әлдеқандай қасқырлар қамағандай дiр ете түстi.
Ол түн ортасына дейiн қамал басынан кетпедi. Кiрпiгiне ұйқы оралар емес. Ертеңгi болатын жайды
ойлап‚ басы әбден қатып кеткен. Сол арада бұл бергi қақпаның ашылып‚ iшкi жақтан жүзге жуық
сарбаздың дүсiрлете шаба жөнелгенiн байқап қалды. Олар қамалдың баяпылынан өткен бойда орыс
әскерлерiн бетке алып‚ қылыштарын төбесiнде шыр айналдыра ойнатып‚ жүйткiп барады. Бұларды
көрген орыс әскерлерi асып-сасып‚ жан-жаққа жүгiрiп‚ мылтықтарын қолға ала бастады.
Әлдекiмдердiң ойбайлағаны‚ кiсiлердiң боқтасқаны‚ жаң-жұң құлаққа анық естiлiп тұрды. Қоқан
сарбаздары жеткен бойда-ақ бiрез кiсiнi жусатып тастады. Әне‚ бiр әскер от жанында айнала қашып
жүр. Оған кiжiне ұмтылған сарбаз қылышын төбесiне көтерiп алыпты. Ендi бiр сәтте ол жетiп кеп‚
аттың бауырына ала бере‚ қылышын сiлтеп кеп қалды. Құр қол әскер бiр демде екi бөлiнiп‚ ақырын-
ақырын жерге қарай бүгiлiп құлап бара жатты.
Сол арада тарс-тарс атылған мылтық даусы шықты. Арпалысып‚ кескiлесiп жатқан сарбаздар бiраз
ойнақ салғаннан кейiн‚ керi қарай сыпырыла қашты. Аттарына атылған мылтық оғы тиiп‚ бiр-екеуi
жерге жалп етiп ұшып түстi. Кейiннен дүсiрлете шауып келе жатқан сарбаздар шалт еңкейiп‚ оларды
қолдарымен iлiп ап‚ алдарына өңгерiп‚ берi қарай салды. Олардың келуiн күтiп тұрған күзетшiлер
дарбазаны ашып қойған екен. Шайқас үстiнде делебелерi қозып‚ көздерi қанталап алған сарбаздар бiр-
бiрiн кимелей iшке қарай лап қойды.
Жәнiбек мына жағдайды Ядгарбектiң ойлап тапқанын бiлдi. Егер осылайша шапқылай беретiн
болса‚ бекiнiп жатқан орыс әскерiне бiраз зиян келуi мүмкiн. Сол арада бұл олардың атты
казактарының Қоқан сарбаздарын неге iзiнен қумағанынан таңғалды. Шамасы‚ олар мұндай жағдай
болады деп ойламаған сықылды.
Жәнiбек қамал басынан түсiп‚ Якуббек орналасқан тамға келдi. Ол сақалы шошаңдап‚ Ядгарбекке
мақтанып тұр екен:
— Мынау бiр кәттә дұрыс болды! Бiр шошытып тастадық.
— Бұл әлi... басы ғой. Ендi ана Тәшкент қолын қамалға қалай кiргiзiп алу жағын ойластырған
мақұл‚ — деп Ядгарбек бұған бұрылды. Сол арада басына бiр ой шапса керек‚ көзiн қыса түсiп: —
Жәнiбек мырза‚ сiздi орыстар осы жердегi қазақтар деп ойлайды. Анаяққа сiздiң барып қайтқаныңыз
мақұл‚ — дедi.
— Қайда?
Ядгарбек өз ойын түсiндiрдi. Жәнiбек ендi оның сөзiн қайт қыла алмайтынын бiлiп‚ өз атының төрт
тұяғына киiз байпақ‚ пысқырғаны естiлмесiн деп танауына тұмылдырық кигiздi. Сосын атқа қонып‚
қылышын қолына оңтайлай ұстап‚ дарбазадан сыртқа шыға бердi. Бұ кезде ай батып кеткен де едi.
Айнала тастай қараңғы. Дарбаза жанындағы оттардың барлығы да өшiрiлген. Баяпылдан сыртқа шыға
бере‚ мынадай қауiптi жолға қадам басып тұрғасын ба‚ Жәнiбектiң тұла бойы қалтырап кеткендей
болды. Қолындағы қылышының балдағын сығымдап ұстай бередi. Астындағы жануар да бiр қауiптi
сезгендей‚ басын кегжитiп ап‚ елеңдей жүрiп келедi. Ат тұяғына кигiзiлген байпақ жерге былқ-былқ
етiп тиедi. Бiраз жерге барғаннан кейiн‚ Жәнiбек артына қараса‚ қамалдан ұзап шығып кеткен екен.
Сол жағында орыс әскерлерi жаққан оттар самсап көрiнедi. Оларға күдiк тудырмау үшiн бұл сары