Стр. 107 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

106
аяңмен жүре бердi. Бiр сағаттан кейiн үлкен төбенiң бауырына кеп қоналқа жасап жатқан Тәшкент
қолына келдi. Күзетшi сарбаз мұны қолбасыға ертiп әкелдi. Жәнiбек Якуббектiң мөрi басылған хатты
берiп жатып‚ мына қолбасының Баймырза екенiн таныды. Сол арада баяғыда Қоқанға барғанда көргенi
есiне түстi. Ол бұған бiр-екi рет көз салды да‚ танымай‚ хатты оқып шығып‚ дереу пәрмән бердi. Бес
жүздей сарбаз аттарына қонып‚ мұның iзiнен жәйiмен жүрiп отырды. Сол арада Жәнiбек бiр қулық
ойлап‚ бағана оқтан аман-есен қалған сарбазды iлгерi қарай оздырып жiберiп: “Дарбазаны ашып‚ iш
жақтан от жағып белгi бер”‚ — дедi. Ол тездетiп алға қарай жүрiп кеттi. Бұлар қамалдың дарбазасынан
бiр шақырымдай жердегi ашық алаңқайда иiрiлiп тұрды. Кеткен сарбаз көпке дейiн белгi бермей
қойды. Баймырза тықырши бастаған сәтте кенет қамал дарбазасы жақтан жылт ете түскен от көрiндi.
Ол атын тез тебiнiп қап:
— Кәне‚ тарттық! — дедi.
Бес жүздей аттылы сарбаз түн iшiнде жайымен жүрiп отырып‚ дарбазаға жақындай бердi. Орыс
әскерлерi бұларды қамалға жетiп қалғанда барып байқап‚ тарс-тарс еткiзiп мылтық ата бастады. Бiрақ
ешкiмге оқ тиген жоқ. Жәнiбек сарбаздарды аман-есен қамалға кiргiзiп жiберiп‚ өзi олардың соңына
ала баяпылдан еттi. Бұл iшке енгесiн барып‚ дарбазаның темiр есiгi сықырлай жабылды. Сонда барып
Жәнiбек уһ деп демiн алып‚ маңдайынан бұрқ ете түскен қара тердi шекпенiнiң жеңiмен сүрттi.
14
Ертеңiне орыс әркерлерi Ақмешiт қамалына лап қоюға тақ-тұйнақтай дайын тұрды. Перонский
өзiне арнап тiгiлген шатырға әскер басыларын шақырып ап‚ қысқаша ғана кеңес құрды. Оның
айтуынша‚ кәзiр Ахияр бастаған топты елшi ғып жiберiп‚ қоқандықтардың өз еркiмен берiлуiн‚ босқа
қан төкпеуiн талап етпекшi. Егер олар бұл талапқа көнбесе‚ жиырма шақты зеңбiректен атқылап‚ қам
керпiштен соғылған қамалдың диуалын қиратып‚ жаяу әскерге жол ашып алулары қажет. Сосын атты
казактардың демеуiмен жаяу әскер iшке енiп‚ қоян-қолтық шайқасқа кiрiсiп кетуге тиiс. Одан ештеңе
өнбей бара жатса‚ бұлар қамалды бiр айдай қоршап‚ сырттан кiсi қатынатпай‚ азық-түлiктерi
таусылғанша ұстап тұрмақ. Сосын қажыған қоқандықтардың өздерi кеп берiледi.
Перонский Елмырза қолын қамалдың шығыс жағына шығарып‚ Ташкент жақтан келетiн көмек
болса‚ алдын қиып ұстап тұруды жүктедi. Генерал түнде бiраз қолдың қамалға кiрiп кеткенiн естiп‚
тас-талқан болған. Бiр сотниктi шақырып ап‚ жерден алып‚ жерге салған. Ендi қалайда сырттан келер
көмектi бұл араға жақындатпауды қатты тапсырды. Сосын түнде көмекшiлерiмен бiрге отырып‚ ақ
патша атынан қамалды қорғап жатқан қоқандықтарға арнап хат жазды. Онда өздерiнiң күштi екенiн‚
зеңбiрекпен атқылар болса‚ құлағалы тұрған диуалдың ешқандайда пана болмасын‚ көп кiсiнiң босқа
қырылатынын‚ ең дұрысы — тездетiп берiлу екенiн‚ қолға өз еркiмен түскендердi өлтiрмейтiнiн мәлiм
еттi. Хат бiткесiн шетiне сүргуш жағып‚ мөр басты да‚ ертеңге дейiн сақта деп көмекшiсiне бердi.
Таң ата орыс әскерлерi сап түзеп‚ туларын көтерiп‚ барабандарын даңғырлата соғып‚ үлкен
шайқасқа дайын екенiн бiлдiрдi. Перонский зеңбiрекшiлердiң дайындығын өз көзiмен тексерiп
шыққасын‚ Ахияр мен Тортайға елшi болып барыңдар деп бұйырды. Ол екеуi қолдарына басына ақ
жалау байлаған ұзын таяқ ұстап қамал жаққа қарай жүрiп кеттi. Тортай өзiнiң алғаш рет шын соғысқа
қатынасқалы тұрғанын сезiп‚ тiзесi дiрiлдеп‚ кеуiлi өрекпи бердi. Қасындағы Ахиярдың түсi бұзылып
кеткен. Шамасы‚ ол генералды мұндай қиын шаруаға жұмсайды деп ойламаса керек. Қатарында келе
жатып:
— Мырза‚ бу итләрни қой‚ атып ташлай салады. Осыдан аман-есен құтылсақ‚ құдайдың
қолдағаны‚— дей бередi.
Тортай үндеген жоқ. Iшiнен есемелей келiп жатқан бiр толқын тұла бойын дiрiлдетiп әкете бередi.
Тақымы бiр түрлi боп қарысып қалғандай. Екi көзi қамал жақта. Бұлар қамалға оқ жетер жерге кеп‚
таяқшасын бұлғалап‚ елшi екендiктерiн бiлдiрдi. Iш жақтан өздерiне қарай кезенiп‚ оқталып тұрған
мылтық‚ садақты көрiп‚ зәре-құттары қалмады. Қоқандықтар бұларды көрсе керек‚ бiраздан соң бергi
дарбаза ашылып‚ iш жақтан екi аттылы кiсi шықты. Олардың қолдарында да ақ жалаулары бар. Олар
баяпылдан өткесiн‚ берi қарай астындағы аттарын ақырын жүргiзiп келе жатты. Екеуi де еңгезердей‚
қаба сақалды‚ түрi қап-қара қоқандық екен. Олар бұларға жақындап кеп‚ аттарының тiзгiнiн тартты.
Ахияр тез жөн тауып‚ оларға:
— Сiздерге арнап генерал-губернатор ұлы патша ағзамның атынан хат жолдап отыр. Соны
Якуббек мырзаға апарып берiңiздер‚ — дедi.
Қоқандықтардың үлкенi кекiрейiп тұрып:
— О нағылған хат? — дедi.
— Оның iшiнде не жазылғанын мен бiлмейiм. Басшыларыңыз оқып шығып‚ бiр жауабын беруге
тиiс‚ — дедi Ахияр.
— Онда әкелiңiз.
Ахияр атын тебiнiп қап‚ iлгерi жүрдi. Қоқандықтың жастауы да iлгерi жүрдi. Олар жақын келген
сәтте қоқандық Ахияр ұсынған хатты ала салысымен‚ керi қайтты. Ахияр орнына келiп тұрғасын
татаршасын араластырып:
— Сiзләр бикәрға ұрыш ашып жатырсыздар. Бәрi бiр ақ патшаны жеңе алмайсыздар. Оның гәскерi
күштi‚ — дедi.
— Бiздiң де сарбаздарымыз ешкiмнен кем емес‚ — дедi қоқандықтың үлкенi. — Кiмнiң күштi‚
кiмнiң әлсiз екендiгi майданда көрiнедi.
— О дұрыс қой. — Ахияр даусын жылыта сөйледi. — Мен сiзлерге мұсылман болғандықтан
жаным ашып айтып тұрмын. Әгәр соғысатын болсаңыздар‚ кiсiлер бекерге қырылады. Одан да‚ ең