Стр. 108 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

107
дұрысы‚ ақ патшаға берiлiп‚ қызмет шегу. Генерал-губернатор Перонский сүйтсеңiздер‚ сiздердi
жазаламайды.
— Сиз ондай гәпни қойыңыз‚ — дедi қоқандықтың үлкенi даусын қатайта сөйлеп. — Сiздiң ақ
патшаңызға құл болатындай бiз бас еркi өзiнде жоқ ел емеспiз. Құдiретi күштi Аллатағалам қатардан
артық етiп жаратқан ұлы Хұдаяр ханның сарбаздарымыз.
— Жоқ‚ ол дұрыс қой. Бiрақ соғыстың арты қиын болады.
— Оны бiз сiзден сұрамаймыз. Сiздерге осы не керек? Ана Сiбiрдегi ұлан-байтақ жердi жаулап
алғандарыңыз аз ба? Ендi Түркiстан жұртын бағындырудың не қажетi болды?
— Ояғын ақ патша ғана бiледi. Бiз тек оның әмiрiн бұлжытпай орындаушылармыз ғана.
— Бiз де ұлы ханның пәрмәнын екi етпеймiз.
Олар осы сөзден кейiн екi айрылды. Атының басын бұрып жатып Тортай ана қоқандықтың бiрi
сыртымыздан атады-ау деп қауiп илеген едi. Желке тұсы бiр түрлi жыбырлап сала бергендей болды.
Қашан тарс еткен дыбыс шығар деп елегiзiп бiттi. Бiрақ қоқандықтар атқан жоқ. Олар қосынға қайтып
қосылғанда барып‚ өздерiнiң қандай қиын шаруаға барып қайтқанын сездi. Көпке дейiн екеуiнiң түсi
кiрмедi.
* * *
— Хат жiберген бе?
Якуббек Перонский жiберген хатты аштырып‚ көмекшiсiне оқытты. Ядгарбек‚ Жәнiбек үшеуi
Перонскийдiң қорқыта жазған сөздерiнiң әр жағында қандай мағына жатыр екен деп‚ тып-тыныш бола
қалған. Сөз iләмiне қарағанда‚ генерал-губернатор осы жолы мығым сықылды. Ақ патшаны
арқалынып‚ дөңайбатын көрсетiп‚ қорқыта жазыпты. Соны оқып болғасын Якуббектiң жыны кеп‚ қап-
қара боп түтiгiп:
— Мынаның қорлығы-ай! Саған ерегiскенде ме‚ — деп қалды.
— Күшi басым жау не демейдi‚ — дедi Ядгарбек сабыр сақтап. — Ал ендi бұған не деп жауап
беремiз?
— Жауап беру?.. Жоға‚ соғысамыз‚ — дедi Якуббек қолын кiжiне сiлтеп.
— Ал әгәр... басқаша жасасақ қайтедi?
— О қандай қулық?
— Бiз ойланайық‚ Хұдаяр ханмен ақылдасайық деп‚ уақытты соза түсейiк.
— О да жөн. Бiрақ оған ана жынды генералыңыз көне қойса?
— Көнбесе‚ соғысатынымыз тұр ғой.
Олар осыған тоқтады. Якуббек дәбирiн шақырып ап‚ Перонскийге жазылар хаттың мазмұнын
айтты. Жарты сағаттан соң ол хатты алып кеп‚ бұларға оқып бердi. Ядгарбек ара-арасында сөз
қысырып‚ кейбiр жерiн жұмсартып‚ бiраз жөндеттi. Содан кейiн осы жарар деген тоқтамға келдi. Сол
күнi Якуббектiң жауапхатын екi қоқандық қолдарына ақ жалау алып шығып‚ орыс әскербасысына
тапсырып қайтты.
* * *
— Мұның артында айла жоқ па екен? — дедi Захваткин Якуббектiң хатымен Перонский танысып
шыққаннан кейiн.
— Мен де солай дейiм. Мырзалар‚ сiздер не дейсiздер? — деп ол бүгiн шатырына шақырып алған
Елмырза мен Ережепке қарады.
Елмырза басын иiп‚ оң қолын кеудесiне қойып:
— Ұлы мәртебелi ұлық‚ қоқандықтардың сөзiне сенуге болмайды. Олардың алдап кетуi деген оп-
оңай‚ — дедi.
— Ал сiз қалай ойлайсыз?
Ережеп те иiлiп тағзым еттi:
— Мына төренiң айтқаны дұрыс. Менiңше, бұл арада... қоқандықтар бiр қулық ойлап отыр.
Перонский мына екi қазаққа менсiнбей қарап‚ бiраз отырды да:
— Ана қамалдың iшiнде қазақтар да бар дейдi ғой‚ — дедi.
— Ол рас‚ бар‚ бар‚ — дедi Елмырза әлденеге дыбырлай сөйлеп.
— Сонда оларды кiм апарып жүрген?
Сол арада Ережеп қолын кеудесiне қойып‚ басын иiп:
— Құрметтi ұлық‚ осында Жәнiбек дейтiн Хиуаның сардары бар. Сол бәрiн бүлдiрiп жүрген‚ —
дедi.
Елмырза бұған бiр түрлi боп қарады. Қара бұжыр бетi түтiгiп сала бердi. Көзiнен ешкiмдi де
аямайды екенсiң-ау деген ойын Ережеп анық байқады.
— Ол... сонда кiм? — дедi Перонский қабағын кiржитiп.
— О бiр ақ патшаға қарсы шығып жүрген сардар. Бұхарада мұсылман оқуын оқыған. Былтыр
қажыға барып қайтты.
— Онда... түсiнiктi. — Ол адьютантына бұрылды. — Сол қазақтың аты-жөнiн жазып ал. Ертең
тұтқынға түсер болса‚ тура маған әкел.
— Құп‚ ваше высокоблагародие.
Бұлардың сөздерiн орысшалап отырған Тортайдың жүзi де өзгерiп кетiптi. Ол екеуiне ызалана
қарап қалған.