Стр. 110 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

109
зеңбiрекпен атуды доғартып‚ атты казактарды алға салуға бұйрық бердi. Оның жарлығы тез арада
көмекшiлер арқылы тарап‚ дайын тұрған атты казактардың сапына да жетiп үлгердi.
Сәлден кейiн атты казактардың жүздiгi найзаларын бiлеп‚ қылыштарын жалаңдатып‚ алға қарай
құйындатып шаба жөнелдi. Олардың опырылған тұстан iшке кiрмек болған ниетiн бiлген қоқандықтар
сол тұсқа бар сарбазды жинап та үлгерген едi. Атты казактардың алды баяпылға жақындай бергенде‚
қамалдың диуалының басынан бытырлап мылтық атыла бастады. Бiр-екi казак қолы ербеңдеп‚ атынан
ұшып түстi. Iш жақтан атылған садақ оғы бiр казактың атының шабына дiр ете қадалғанда‚ ат
ышқынып‚ екi аяғын аспанға қарай шапши көтерiп‚ барып-барып‚ шалқ ортасынан құлады. Каба
сақалды казак аттың астында қалып қойды. Ол үзеңгiден аяғын суырам деп тырмысып жатқанында
екiншi оқ дәл тиiп‚ тыраң ете түстi. Казак үш-төрт аунап барып‚ дiр-дiр етiп‚ кенет тып-тиыш бола
қалды.
Бұл кезде арт жақтан дүмелiп келiп қалған аттар легi алдыңғыларды итермелеп‚ қамалды қоршай
қазылған терең орға қарай ығыстыра бастады. Алдыңғы лектегiлер аттарының басын тартып‚ керi
бұрылам дегенше‚ арттағылар оларды жойқын бiр күшпен алға қарай ысырып та үлгерген едi. Аттар
шұрқырап‚ кiсiлер боқтасып‚ бiр сәтте ұмар-жұмар болды да қалды. Он шақты атты казак терең орға
құлап түстi. Кiсiлердiң боқтасқаны‚ бақыра айқайлағаны әуенi құлақ тұндырды. Қоқандықтар диуал
басынан орға кеп өз-өзiнен құлап жатқан атты казактардың үстерiне шелек-шелек ыссы су құйды. Iрi-
iрi тастар бұршақша сатырлап жауып кеп кеттi. Осы кезде алдыңғыларды ысыра-мысыра келiп қалған
соңғы лек те орға топырлап құлап жатқан-ды. Бiр сәтте жаңа ғана қылыштарын жалаңдатып‚ жан
алардай боп түйлiгiп жеткен атты казактар жер жұтып жiбергендей жоқ болды.
Перонскийдiң жүзi қап-қара боп кеттi. Мұртының шалғысын жұлмалап тұрып:
— Қап! — дедi. — Қамалдың сыртында ор бар екен ғой! — Ол сол арада ашуланғаннан даусы
қалтырай шығып: — Тағы да зеңбiрекпен атқылаңдар! Оларды сол қамалдың iшiнде күл қыламыз!
Кәне атыңдар! — дедi.
Жарлық зеңбiрекшiлерге тез жеттi. Тағы да қатарынан он шақты зеңбiрiк гүрс-гүрс ете қалды.
Ысқырған доп бұ жолы қамалдың iшiне барып жарылды. Бiр қатары диуалдың маңына бұрқ-бұрқ етiп
түсiп жатты. Сол арада қамал басына орналасқан қоқандықтардың зеңбiректерiне де жан бiте
бастағандай болды. Көкшiл түтiн бұрқ ете қалғанда‚ ысқыра ұшып келе жатқан доптың дыбысы
естiлдi. Доп бұлардың қатарына жетпей жарылды. Екiншi доп зеңбiрекшiлердiң қасына түсiп‚ бiр
зеңбiректi быт-шыт қылды. Бес-алты кiсi табан астында тiл тартпай кеттi. Соны көрген қоқандықтар
әруақтанып‚ бұлардың шебiн қайта-қайта атқылай бастады. Бiр доп Перонский тұрған жерге жақын
кеп жарылды. Генерал-губернатордың үстiн шаң көмiп кеттi. Адьютанты дызығып:
— Аса жоғары мәртебелiм‚ басқа жерге барып тұрсаңыз кәйтедi‚ — дедi.
Перонский қолын бiр сiлтедi:
— Оған уақыт қайда? Онан да ана зеңбiрек ұяларын атқыласын!
Сәлден кейiн екi жақтың зеңбiректерi бiр-бiрiн атқылай бастады. Қоқандықтардың бар болғаны
төрт зеңбiрегi бар екен. Сәлден кейiн қаңғып ұшқан доп дәл тиiп‚ бiр зеңбiректiң үнi өштi. Оның
есесiне үш зеңбiрек өршелене атқылап‚ бұлардың саптарына бiраз зиян тигiздi.
Перонский ендi зеңбiректердi атқызбай‚ шығын жағын есептеңдер дедi. Бұлардан бiр зеңбiрек‚ елу-
алпыс кiсi шығын болыпты. Алғашқы кезде мына тұрған кiшкене қамалды бiрден опырып жiберемiз
деп даурыққан әскердiң аздап ұнжырағасы түсе бастағандай екен. Перонский сол арада қамалды
қиратып‚ iшке кiрмейiнше‚ қоқандықтарды жеңе алмайтынын бiлдi. Дереу Захваткиндi шақырып ап‚
шұғыл ақылдасты. Олар кеңесе отырып‚ әуелi зеңбiректердi жақындатып апарып‚ қамалдың диуалын
қиратқанды мақұл көрдi. Қалғанын кезiнде көре жатпақ.
Жарлық болғаннан кейiн‚ зеңбiрекшiлер ауыр зеңбiректердi итермелеп‚ қамалға бұрынғыдан да
жақындатып әкеп орналастыра бастады. Олардың өзгеше бiр қам жасап жатқанын байқап қалған
қоқандықтар зеңбiрекпен бiр-екi рет бұлар тұрған тұсты атқылады. Бұ жолы доптар мүлдем далаға
кеттi. Содан кейiн қамал жоқ тып-тиыш бола қалды. Захваткин басын шайқап қойып:
— Бұл басурамандар ендi не iстейдi екен? — дедi.
— Қайдам. — Перонский көзiн сығырайта қысып‚ алға қарап қалған.
Сол арада қамалдың бергi беттегi дарбазасы ашылды. Iш жақтан жүзге жуық атты сарбаз топырлап
шыға бастады. Перонский сасып қалды. Захваткинге бұрылып:
— Тез казактардың жүздiгiн алға шығар! — дедi.
Бұйрықты алған адъюдант атты казактар жаққа қарай сатырлатып шаба жөнелдi. Сәлден кейiн атты
казактардың жүздiгi iлгерi қарай құйғып бара жатты.
Осы кезде қоқандықтар да қарсы шауып келе жатқан-ды. Бәрi де қылыштарын жалаңдатып‚
суырып-суырып алған. Олар ағызған бетiмен атты казактарға жете бере кенет екi бөлiнiп‚ бұларды
орай шапты. Алдыңғы қатардағы атты казактар аттарың тiзгiнiн тартам дегенше арттағылар дүмелiп‚
жердiң шаңы бұрқырап аспанға ұшып‚ опыр-топыр болды да қалды. Бұларды қоршап алған
қоқандықтар ендi жан-жақтан туралауға кiрiстi. Шайқасып жатқан кiсiлердiң боқтасқаны‚ ырс-ырс
еткенi‚ қылыштардың шыңылы айналаны тұндырып жiбердi. Перонский дүрбi салып қарап едi‚ қан
боп шайқасып жатқан кiсiлердiң тұлғаларын шаң арасынан анық көрiнбедi. Сәлден кейiн бес-алты ат
бастарын ала-ала қашып‚ қалың нөпiр ортасынан шетке ойнақтап шыға келдi. Қоқандықтар ендi
қайрат қып‚ тар қыспаққа тап болған атты казактарды туралай бастады. Сол арада олардың бiр парасы
ұзын қарағай сапты найзамен ортада ұйлығысып‚ топырласып‚ бiр-бiрiне кедергi жасап жатқан атты
казактарды ер үстiнен аударып түсiре бастады. Құлап түскен бiр-екi кiсiнiң ат тұяғы тиiп‚ бажылдап
бақырған даусы құлақты шыңылатып жiбердi. Әне‚ бiр атты казакты қоқанның ұзын мойын сарбазы
қиялай шауып түсiрдi. Бiрақ өзi сырт жағынан келiп қалған казакты байқамай қалды. Атының басын
бұрам дегенше атты казак оның басын сыр еткiзе шауып‚ сағағынан үзiлген алмадай домалатып
жiбердi Қалған топыр да бiр-бiрiн кескiлесiп жатыр. Аздан соң ауаға кiсi қанының жылы иiсi тарады.