Стр. 112 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

111
Жәнiбек сарбаздардың көбiнiң мына шайқастан шошып қалғанын байқады. Бағана өзi де қамал
басында болып‚ сырттағы шайқасқа қарап‚ делебесi қозып сала берген. Бiр-екi рет садақпен оқты
заулатқан. Онысының тиген-тимегенiнен бейхабар. Алғашқы кезде ентелеп келiп қалған қалың топтың
сырттағы орға құлап‚ аттардың жан даусы шыға шұқырап жатқанын көргенде‚ қашаннан мал жанды
мұның төбе құйқасы шымырлап сала берген-дi. Бiрақ мынаның шайқас екенiн сезiп‚ өзiн-өзi тежеп
алған. Сол арада Қоқан сарбаздарының дәлдеп атып түсiрiп жатқанына ырза болған. Әсiресе‚ дарбаза
ашылып‚ тысқа шығып шайқасқан қоқандықтардың батылдығына қатты сүйсiндi. Талай қанды
қырғынды көрген кәрi сарбаздар бұ жолы барын салып‚ жауға тапа ұмтылып‚ атты казактарды
күйретiп жiбердi. Сол әсер етсе керек‚ Перонский ендi бiр де оқ шығармай‚ қамалды жан-жақтан
қоршап ап‚ тым-тырыс жатыр. Оның қаншаға созыларын кiм бiлсiн.
Сол арада муәзiннiң намаз уақыты болғанын ескертiп‚ аңырата созған даусы естiлдi. Бүткiл сарбаз
бiткен отырған-отырған жерлерiнде намазға жығылды. Жәнiбек те белiндегi түрме белбеуiн жерге жая
сап‚ намаз оқуға кiрiстi. Әдетте ол намаз оқып жатқанында мына дүнияны ұмытып‚ әлдеқандай бiр
қиялға берiлiп кететiн. Бүгiн‚ неге екенi белгiсiз‚ оның ойы бөлiне бердi. Сол арада тағы да бiр гүрсiл
естiлгендей болды. Жәнiбек намазын бұзған жоқ. Орыс зеңбiректерi дәл осыны аңдып тұрғандай,
қайтадан зiркiлдей бастады. Ысқыра ұшып жеткен бiр-екi доп қамал ортасындағы алаңға түсiп‚
топырақты бұрқ еткiздi. Заулап ұшқан жарықшақ намазға жығылып жатқан бiр сарбазға тиiп‚
мойынын жұлып әкеттi. Бұл қаншама алаңдамайын десе де‚ әлгi жаққа көз қиығын салды. Қоқан
сарбаздары қорыққандарын бiлдiрмей‚ намазын жалғастырып‚ еңкейiп-бүгiлiп жатыр. Доп тағы да
iшке кеп түсе бастады. Бұ жолы жараланған кiсiлер көп болды. Жәнiбек намазын қысқаша қайыра сап‚
доп түсiп жатқан жерден аулаққа кеттi. Қоқан сарбаздары да қауiптен құтылғысы келсе керек‚
намаздарын тез-тез бiтiрiп‚ қамалдың диуалына қарап лап қойды. Олар асып-сасып‚ шаңқ-шаңқ етiсiп‚
жоғарыға қарай өрлеп барады. Бұлай болады деп ойламаған Якуббектiң жүзi түтiгiп кетiптi. Ол
Жәнiбекке қарап:
— Сардар‚ сiз қажыға барған кiсiсiз ғой. Осындайда намазды қаза қылса‚ ештеңе етпей ме? — деп
сұрады.
— Ендi... оның қиын жерi бар... — Жәнiбек ақырын сөйледi. — Ояғын имамның айтқаны дұрыс.
Асылы ислам дiнiнде мұндай жағдайда кеңшiлiк бар. Қаза болған намазды кейiннен бiр-ақ оқуға да
болады. Ең бастысы — кiсi кеуiлiнiң Аллаға таза болғаны ғой.
— Ендеше... бүгiннен бастап атыс кезiнде намазды кейiнге қалдыру керек деп имамға айтқызам‚ —
дедi Якуббек. Сосын кiжiнiп: — Кәпiрлер бiздiң мұнымызды бiлiп‚ әдейi атқылап жатыр. Олардың
төбесiне ертең Аллатағаланың жай оты ойнайды‚ — дедi.
— Әлбетте‚ бек‚— дедi Жәнiбек оны қоштап. Неге қоштағанын өзi де бiлген жоқ.
Қожақ Қоқан сарбаздарының сапында шайқасып жүр едi. Ендi Жәнiбек бөгелмей‚ оны iздеуге
шықты. Бiр арада ол аттарға жем салып жатыр екен. Мұны көрiп‚ ол дәудiрлей сөйлеп:
— Аттарды мына ықпанаға әкелдiм. Бағанағы тұрған жерлерiне доп түсе бастағасын‚ берi қарай
алып қаштым‚ — дедi.
— Оның дұрыс болған екен. Тоқта‚ бетiңнен неге қан ағып тұр? — дедi Жәнiбек шошып қап.
— Жәй‚ әшейiн. Жаңа шайқаста бiр орыстың найзасының ұшы тиiп‚ — дедi ол күректей қолымен
қан аққан бетiн басып тұрып.
— Сен неге ояққа бардың? Барма деп ем ғой?
— Шықпауға ұялдым. Өзiмнен жас қылқандай балалар бара жатқанда‚ қатын құсап тығылғаным...
— Қожақ қысылып‚ қып-қызыл боп кеттi.
— Құдай сенi бiр ажалдан сақтаған екен. Ендi iжқайда да барма! Аттардың жанында бол! Менен
басқа iжкiмдi тыңдама‚ — деп Жәнiбек қатты тапсырды да‚ Ядгарбектiң жанына келдi.
Хиуа бегi қамал басында жау жағына дүрбi салып қарап тұр екен. Бұ кезде артиллерияның атысы
тыйылған болатын. Орыс зеңбiрекшiлерi зеңбiректерiн сүртуге кiрiсiптi. Ядгарбек ол жаққа ұзақ қарап
тұрып:
— Бұлар бiздi бiраз қамамақшы сияқты. Көрдiңiз бе‚ жан-жақты қоршап алған. Әне бiр тұста басқа
бiр аттылы қол тұр ғой‚ — дедi. Сосын дүрбiден көзiн алып‚ Жәнiбекке қарады: — Сiз қарап көрiңiзшi.
Жәнiбек дүрбiнi көзiне тақау апарып‚ Ядгарбек сiлтеген жаққа қараса‚ шынында да‚ төбе
бауырында иiрiлiп бiр топ аттылы тұр. Жәнiбек жәйiмен оларды шолып тұрып‚ бiрден Елмырза мен
Ережептi көрдi. Сол екен‚ ол әлденеге тiстене сөйлеп:
— Қадырданды бек‚ олар бiздiң елдiң кiсiлерi боп шықты‚ — дедi.
— Рас па?
Жәнiбек дүрбiнi оған берiп жатып:
— Есiңiзде ме‚ баяғыда сiз Дадабек бекке келгенде Мiрәлi деген сардар болып едi ғой... — дедi.
— Иә‚ есiмде.
— Мына жүрген соның iнiсi — Ережеп. Қасындағысы — Елмырза төре.
— Ойпырмай‚ ә‚ дедi Ядгарбек басын шайқап. — Сонда олар немене кiмнiң тарысы пiссе‚ соның
тауығы ма?
— Ендi солай болғаны ғой. Айтпақшы‚ — ол сыбырлай сөйледi‚ — ана Баймырза төре... ана жау
жағында қол бастап жүрген Елмырзаның жақын iнiсi.
— Не дейдi? — дедi ол шошынып.
— Бiрақ оның ағасымен қаншалықты байланысы барын бiлмейiм. Олай-бұлай деп‚ обалына
қалмайын. Әйтеуiр‚ олардың туысқан екендiктерi рас‚ — дедi Жәнiбек өз-өзiнен бiр түрлi боп
ыңғайсызданып.
— Мынаусы қызық екен. Оны Якуббек бiлмейдi ғой?
— Бiлмейтiн шығар.