113
қолына қарсы қасыңа қол ертпестен‚ жаңғыз өзiң қарсы шығып отырсың. Сенiң қол жиюға әлтiң
келетiн де едi. Бiрақ өндiрдей жас жiгiттердiң ертеңгi тiршiлiгiн‚ отбасын ойладың. Одан да жеке
барып‚ байқап көрейiн дедiң. Сол ой қамшы боп келiп‚ ендi, мiне, кеше Шөмекейлердiң малын талап
зорлық-зомбылық көрсеткен Қоқан бегiнiң сойылын соғып отырсың. Сонда ол ертең орыс қолын жеңе
алса жақсы. Жеңе алмаса ше? Сонда сен кiмге барып пана сұрамақсың? Өздерi қирамас қорғандай
көрiп жүрген Қоқан ханының әскерi тас-талқан болса‚ бұлардың сойыл‚ найза ұстаған сарбаздары
жарақты жауға қалай төтеп бере алмақ? Үйте қалған күнде ана Ережептiң төбесi көкке жетiп‚ әбден
табалап бiтедi ғой. Әлде... оның таңдаған жолы дұрыс па? Сонда қалай? Кеше ол Хиуаның жақтасы
болған жоқ па едi? Әлде осылай кiмнiң тарысы пiссе‚ соның тауығы боп‚ заманына қарай амалы деп‚
екi асап биге шығып жүре берген мақұл ма? Ау‚ онда адамшылық‚ инсап‚ ар-намыс‚ иман дегеннен не
қалмақ? Иман дейсiң? Сонда мына Қоқан ханының бiр кезде еркiн жатқан қазақ даласының үстiнде ат
ойнатып‚ ел шауып‚ қамал салып‚ билеп-төстегенi де әдiлетке жата ма? Ондай күштiге бiр күштi әр
кезде қарсы шықпақ. Ақ патша да сондай. Ертең олар да мына жақтан сайын даланы ауызына қаратып‚
үкiмiн жүргiзiп‚ айтқанын қайт қылдырмай тұрамыз деп зеңбiрегiн сүйретiп келiп жатыр. Демек ол
жақта да‚ бұл жақта да иман-сауабты ойлап жатқан кiсi жоқ. Керiсiнше‚ олар төскейдегi малыңды
алтын-күмiсiңдi тартып алуға әрекет қылып отыр. Сонда замана тек қана күштiнiкi болғаны ма? Ау‚
қасиеттi “Құранда” мүлдем басқаша айтылушы едi ғой. Расулаллах кiсiге қиянат қылма‚ үйтсең ертең
тозақ отында шырылдайсың деген болатын. Соны ұмытып‚ мына адамизаттың әлмисақтан берi бiр-
бiрiн шауып‚ қан төгiп‚ күнәға белшесiнен батып келе жатқанына не жорық? Әлде бұл шатасып жүр
ме?
Жәнiбек жамбасына тiкен кiргендей қозғалақтап қойды. Сосын басына дүмелiп кеп жатқан ой
легiне қарсы тұра алмай‚ азырақ сергиiн деп‚ орнынан түрегелдi де‚ әлдеқандай жағдай болады деп‚
қолына қылышын ала кеттi. Ол қараңғыда түртiнектеп келе жатып‚ бiр тұсқа жете бергенде‚ алдыңғы
жақта жайнап жатқан шоқты көрiп‚ тоқтай қалды. Абайлап қараса‚ бұл ара Баймырзалардың жасағы
орналасқан тұс екен. Бұл әлденеге сезiктенiп‚ аяғын ұшынан басып‚ шоққа қарай жақындады. Шоқтың
қасында бiр-екi жас сарбаз күңкiлдесiп отыр:
— Ертең қиын болатын шығар.
— Айтпа‚ iнiкей.
— Сардар бағына ертең ашық майданға шығамыз деп айтып кеттi.
— Онда бiр қырғын болды десейшi.
— Мен де солай деп ойлап отырмын.
Жәнiбек олардың әңгiмесiн тыңдап тұра беруге әрi қарай ыңғайсызданып‚ басқа жаққа бұрылып
кеттi. Қамалдың диуалының iргесiне жақындайын деп жүргенiнде‚ алдыңғы жақтан жылтыраған бiр
шырақты көрдi. Ендi сол жаққа барып‚ қамал басына көтерiлмекшi болды. Шыраққа жақындай
бергенде‚ оның Баймырза орналасқан шатырдың iшiнен көрiнiп тұрғанын пәмлеп‚ бiр түрлi боп елiгiп‚
жақын кеп тоқтады. Iштен екi кiсiнiң күбiрлескенi естiлдi. Жәнiбек құлағын төсеп‚ ерiксiз тыңдады.
Ендi олардың дауыстары анық естiле бастады.
— Сонымен ертең сақ болу керек. Алаңға шыққасын...
— Иә‚ ағаңыз солай дедi. Олар тұрған төбе жаққа қарай ат басын бұрып алуға тиiспiз.
— Ақ жалау дайын ба?
— Бәрiн де даярлап қойдым.
Жәнiбек iшiнен бiрден кiп алды. “Ертең бұлар қашып кетпек екен ғой”‚— деген ой басына бiрден
шапты. Бiлдiрмейiн деп аяғын ұшынан басып‚ қамалдың басына қарай көтерiле жөнелдi. Сонау биiкке
ентiгiп жеткенiнде‚ тынысы ашылып сала бергендей болды. Қанша десең де қамал iшi‚ жел соқпағасын
ба‚ қапырық тартып тұратын. Оның үстiне ылғал иiсi адамның тынысын тарылтады. Ол кеудесiн көре
дем алып‚ орыс әскерлерi жатқан жаққа көз тастады. Олар да ертеңгi болар үлкен айқастың алдында
күш жинап алайын деп‚ тынығуға кiрiскен сықылды. Оттар сөнген. Айсыз қараңғыда әскер орналасқан
жақ терiскейден түйлiгiп келе жатқан қап-қара бiр апан ауызындай боп көрiнедi. Сол ендi бұларды
жалмап‚ жұтып жiбермек. Жәнiбектiң тұла бойы түршiгiп кеттi. Ол ендi қамалдың басын қуалай
салынған кiшкене жолмен батысқа қарай жүре бастады. Бiр жерде бұған қарсы күзетшi сарбаз кездестi.
Мұны танып‚ ол қатты бiр есiнеп ап:
— Мырза‚ жәй жүрсiз бе? — деп қойды.
— Жәй‚ ұйқым келмей. Сосын мынаяқты бiр тексерiп шығайын деп‚ — дедi Жәнiбек
ыңғайсызданғаннан не дерiн бiлмей.
— Е‚ о дұрыс қой. Ана кәпiрлер тиыш. Әлмә-һал қарап қойып отырмын.
— Сiз осы қай жерлiксiз? — дедi Жәнiбек ермек табылғанына iштей қуанып.
О да әңгiмелесетiн кiсi таба алмай‚ зерiгiп отырса керек. Отырған орнынан қозғалақтап қойып:
— Әндижанлықпын‚ — дедi. — Дадаларымыз Қоқан йағында туғилип-ускән-дi. Бiр от басида он
беш шақа болдық. Содан бешеумiз ғана бармыз. Қалғандары кешегi қырғында шәһит боп кеттi.
Өзiмнiң жетi ұғылым‚ бiр қызалағым бар.
— Бұ яққа қашан келдiңiз?
— Өй‚ жүдә көп болды. Бала-шағаны асырау оңай ма‚ содан кәсiп қуып осында келген. Төрт-бес
түйеге мата артып‚ сауда жасап жүргенiмде‚ осында қалып қойдым. Биыл он жыл болады. Жыл сайын
Әндижанға барып тұрғам. Қанша дегенмен туғилған йердiң орны буләк. Кәттә сағынасың. Ендi
бiратола кетем бе деп жүргенiмде‚ мына кәпiрлер келiп қалды. Осыдан аман-есен қалсам‚ Әндижан
маңындағы қишлағыма барып‚ диханшылық етiп‚ тұра берем. Ояқтың һәуасы жүде басқаша ғой.
Алмалары қандай‚ үлкен кiсiнiң жұдырығындай‚ — деп әлгi кiсi әлденеге армандап қойды.
Қараңғыда Жәнiбек оның жүзiн дұрыстап байқай алмады. Тек қана дөңгелектеп қойған сақалы мен
қоюлау мұртын анық көрдi.