Стр. 116 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

115
турап өте шықты. Еңгезердей орыс жерге екi бөлек боп түстi. Дәл сол кезде оның оң жағынан бiр орыс
қолмылтықпен тарс еткiзiп мұны көздеп атып жiбердi. Жәнiбек ерiксiз бұққанын байқамады. Оқ
шекпенiнiң арқасын жалап өте шықты. Мұның арқасын бiреу ыссы темiрмен қарып жiбергендей
болды.
— О доңыз! — деп‚ бұл қаһарланып‚ атының басын әзер дегенде бұрып‚ ап‚ әлгi орысқа қарай
қарсы салды. Мұны күтпеген оның екi көзi бақырайып кетiп‚ зеңбiректi айнала қашты. Бұл iзiнен
қуалап жүрiп‚ құр қол оны аттың омырауымен соғып құлатты да‚ орнынан тұрам дегенiнше еңкейiп
барып‚ қылышының ұшын кеудесiне сұғындыра кiрш еткiзiп кiргiздi. Сол екен‚ Бiрден қора-қошқыл
қан бұрқ ете қалды. Бұл қылышын қайтадан суырып ала бергенде әлгi орыс көз iлеспес жылдамдықпен
орнынан атып түрегелiп‚ мұның атының шылбырына жармаса түстi. Мұның астындағы аты үркiп‚
көткеншектей бердi. Жәнiбек ат сүрiнiп кетер деп‚ тақымын қатты қысып‚ тiзгiндi өзiне қарай тартты.
Оған да болмағасын‚ қылышының қырымен атты сауырға аямай бiр салды. Сол арада өмiрi аузынан
лас сөз шықпайтын бұл қалай боқтап жiбергенiн де байқамады. Үрiккен ат алға қарай шапши қарғып
кеттi де әлгi орысты омырауымен қағып‚ анадай жерге ұшырып жiбердi. Жәнiбек жан дәрмен деп‚ ат
үстiнен еңкейе бере қылышын сiлтеп кеп қалды. Бұ жолы сiлтегенi қалт кетпей‚ әлгi орыстың басын
қырқып алып түстi. Сосын ол осы кезде ырсылдасып айқасып жатқан топқа кiре бердi.
Шын шайқас ендi басталған екен. Қоқандық жас сарбаздар мұның өздерiнiң көз алдарында екi
адамды шауып өлтiргенiн көрiп‚ бойларын жиып‚ арыстанша ақырып айқаса бастаған екен. Әне, бiрi
найзамен бiр орысты түйреп түсiрдi. Екi жақтан да қылыштасып‚ қан-қан боп жатқандар жетерлiк.
Ұрыстың нақ ортасына кiрмей‚ бойын шеттеу салып‚ оңы келсе‚ оңын‚ солы келсе‚ солын шауып
жатқан бұл кенет шығыс жақтағы төбеден жүз қаралы атты кiсiнiң құйғыта шауып келе жатқанын
байқап қалды. Жалт қараса‚ олар қазақ қолы екен. Қол алдында Елмырза мен Ережеп заулап келедi.
Екеуi де өз ұрандарын салып‚ жандарын шүберекке түйiп алған еен. Сол арада Ядгарбектiң қаша ұрыс
салыңдар дегенi есiне сарт ете қап‚ атын тебiнiп‚ қан додадан аулақ шыға бере:
— Сарбаздар‚ қамалға қарай қаш! Қамалға қаш! — дедi қатты айқайлап.
Мұның даусын естiген сарбаздар аттарының бастарын бұрып ала сап‚ кейiн қарай салды. Жаңағы
майданда он шақты сарбаз мерт болған екен. Олардың мүрделерiн алуға шамалары жетпедi. Барлығы
заулаған қалпы Жәнiбектiң соңынан ерiп‚ қамалға қарай бет қойды. Бұл қулықты сезсе керек‚ Елмырза
сонына жиырма шақты жiгiттi ертiп‚ бұлардың жолын кеспек боп‚ қиялай шапты. Олардың
астарындағы аттары жүйрiк екен‚ әне-мiне дегенше бұларды ат омырауымен сеңше соғып кетердей
боп жетiп те келiп қалды. Сол арада алас-қапаста Жәнiбек бiр қулық ойлап тапты. Етi қызып алған
аттардың осы кәзiр олардың бұрылам дегенiне әл бермеуi анық. Соны ойлап‚ сарбаздарға қатты
айқайлап:
— Тоқта! Тоқта! — дедi.
Сарбаздар шаққа дегенде аттарының бастарын тартысқан болды. Ұрыс көрiп‚ көздерi ала
шапыраштанып кеткен жануарлар әрлi-берлi ойқастап‚ шаққа дегенде қарулы қолдардың айтқанына
көндi. Сол арада ұмар-жұмар келiп қалған Елмырзалар бұлардың алдарынан ағызып өтiп бара жатты.
Етi қызған‚ мойыны жуан қазақы аттар бұрылуға көнер емес. Оның үстiне бұл аттардың көбiсi бұрын
шайқасқа кiрiп көрмеген. Олар жандарынан заулап өте бергенде Жәнiбек қатты айқайлап:
—Тарттық! Ер соңымнан! — деп iлгерi қарай шаба жөнелдi.
Сарбаздар шауып келе жатып жандарынан өте берген қолапайсыз киiнген бiр-екi қазақты найзамен
түйреп‚ ат үстiнен ұшырып-ұшырып түсiрдi. Сол арада:
— Ойбай‚ әкеңнiң аузын... сарт неме! Кiсiнi өлтiресiң бе? — деген бiр таныс дауыс құлағына анық
естiлiп‚ Жәнiбек заулап келе жатқан қалпы артына ерiксiз бұрылып қарады. Ат үстiнен құлап түскен
кiсi бiр бүйiрiн қолымен басып‚ айдалаға қарай жаяулап безiп барады екен. Бұл оның Тиышбек екенiн
бiлiп‚ әлденеге күлiп жiбере жаздады. Сол арада ол сол қапталдан өздерiне қарай ағызып келiп қалған
Ережептердi байқап қалды. Олар сарбаздарға бiр бүйiрден бұйқыт тиюдi көздеген екен. Оларды көрген
сарбаздар ендi жандарын шүберекке түйiп‚ аттарының бастарын бұрып-бұрып алысып‚ қатты
айқайлап‚ қарсы ұмтылды. Ат үстiндегi ұрысқа әбден жаттыққан қоқандық сарбаздар қазақтардың
сойылы мен шоқпарынан сасар емес. Олар келген бетте ию-қию араласа кеттi. Сарбаздар найзаның
қоянба қолтық шайқаста ебедейсiз екенiн пайдаланып‚ қылышпен қазақтарды турап бастады. Дем
арасында он шақты кiсi ат үстiнен құлап жер қапты. Жәнiбек оларды босқа қырылады-ау деп аяп кетiп:
— Уа‚ мұсылмандар! Қазақ бауырлар‚ қайтыңдар! — деп айқайлап‚ доданың ортасынан шыға
берiп едi‚ бiреу:
— Ә‚ сатқын ит‚ сенбiсiң! — деп‚ шоқпарымен мұны перiп кеп қалды.
Құдай оңдап‚ шопардың басы мұның оң самайына тидi. Жәнiбектiң көзi қарауытып жүре бердi.
Лоқсып құсқысы келгендей‚ ат жалына жабысып‚ анау екiншi рет ұрам дегенге келтiрмей‚ атын қатты
тебiнiп кеп қалды. Ат бiр шыңғырып жiберiп алға қарай ытып кеп кеттi. Жолдағы бiр қазақты ат-
матымен жерге алып ұрды. Заулап бара жатып Жәнiбек көзiн әзер дегенде ашып қараса‚ жаңағы ұрған
Тайпан екен. Онан кейiнгiсiн анық бiлмейдi. Ыза-қиқу шабудың арасынан сарбаздардың өзiнiң iзiн ала
қашып келе жатқанын байқады. Қамалға кеп кiре бергенiнде‚ алдынан Қожақ жүгiре шығып‚ етi қызып
алған аттың шылбырына жармасып‚ шаққа дегенде тоқтатты. Мұны ат үстiнен түсiрiп‚ көтерiп әкеп‚
бiр жерге жатқыза салды да‚ қан ағып жатқан жерге киiз күйдiрiп басуға кiрiстi.
Бұ кезде сарбаздар қамал iшiне кiрiп те үлгерген едi. Олардың соңын ала жете берген қазақтарды
қоқандықтар патырлата мылтықпен атып‚ олардың бiразын жусатып салды. Қорқып кеткен олар
сәлден соң кейiн қарай тым-тырақай боп қашып бара жатты.
Жәнiбек бiраздан кейiн барып есiн жиды. Қожақ күйдiрiп басқан киiз аққан қанды тоқтатқан екен.
Сол арада Ядгарбек пен бас тәуiп келдi. Ядгарбек мұның қолын алып:
— Бек рахмет‚ бек рахмет! Бұ деген жас сарбаздарға үлгi болды! Рахмет‚ — дей бердi.