118
— Тыңдамасаңдар‚ — дедi ол Тиышбек жаққа қолын сiлтеп‚ — ананың кебiн киесiңдер! Кәнеки‚
тамақтарыңды iшiңдер де‚ соғысуға даяр болыңдар!
Жiгiттер оған артық ештеңе дей алмай‚ ақырындап бет-бетiне тарқай бастады. Шәки таяқ жеген
Тиышбектi аяп‚ жарақатын шүберекпен таңып жатып:
— Қасқа-ау‚ жұрт көзiнше сүйдеп нең бар едi? Үндемей-ақ қоймадың ба? — дедi.
— Ойбай‚ бұл жаман ағаң зорлыққа шыдамайды ғой‚ —деп Тиышбек зарлап қоя бердi. — Мен
ерегескенде бар ғой... бүгiн түнде... көрермiн...
— Қой‚ үндеме. Естiп қалар.
— Естiсе естiсiн. Маған десе...
— Қой‚ ойбай.
— Қап‚ бәлем‚ сенi ме...
* * *
Ережеп сәлден соң Шәкидi шақырып ап‚ оңаша сөйлестi:
— Саған беретiн тапсырма бар. Бүгiн түнде жiгiттер қашып кетiп жүрмесiн. Соны қатты бақыла.
— Бақылағанда... көпке жаңғыз өзiм...
— Iждеме етпейдi. Жұрттың бәрiн емес‚ арасындағы үкiт тарататындарынан көз алма. — Ол ендi
сыбырлай сөйледi. — Мына Қоқанның қамалы көп болса бүгiн шыдар‚ ертең бәрi тоз-тоз боп қашады.
Абырайдың қолға өзi кеп қонайын деп тұрғанда‚ сыр берiп алғанымыз жарамайды. Қасыңа ана
Қалмырзаны ал. Шеттеу шыққан бiреу-мiреу болса‚ сүйреп маған әкел!
— Мақұл‚ мырза!
Ол шығып кеткесiн Ережеп аз-кем ойланып қалды. Бағана қамал iшiнде Жәнiбектiң жүргенiн‚ бел
буып шайқасқа шыққанын анық көрдi. Тайпан оны шоқпармен ұрып‚ құлата жаздағанын бұған
тасырта айтып бердi. Бұл оның қолтығына су бүрке отырып‚ ендi кездессе‚ жесiрiңнiң кегiн аласың
деп‚ оның ескi ызасын қайтадан аятып жiбердi. Сол екен‚ Тайпан әңгiрлеп:
— Осыдан құдай қайтып кездестiрсе болды‚ кәлләсын қағып алам! — дедi.
— Иә‚ сен сүйтесiң‚ — деген Ережеп зәрлене жымиып.
Содан берi мұның басына бiр ой түсiп жүр. Сөз жоқ‚ Қоқан қолы жеңiле бастаса‚ Жәнiбек елге
қарай қашып бередi. Со кезде бұл оны ұстай алса‚ сазайын тарттырады. Сосын сенiмдi жiгiттерi
арқылы‚ оны шайқаста орыстардың қолынан мерт болды деп лақап әңгiменi таратып жiбередi. Содан
кейiн мұны ел-жұрт кiнәлап көрсiн. Ендi сол ойын iске асырғысы кеп‚ бұл Қалмырза‚ Шәки сықылды
он шақты жiгiттi өз қасында ұстауға бекiндi. Оларды тура атылып жатқан оқтан қорғаған боп‚ мына
шаруасына көземелдеп салып қойғанды жөн көрдi. Соған табан тiреген ол аяғын тез-тез басып‚ сыртқа
шықты.
* * *
Түстен кейiн артиллериядан тағы да аямай оқ жаудырып‚ қамалдың тағы бiр жағын опырайтып
құлатып түсiргеннен кейiн‚ Елмырзаның қолы әруақ шақырып‚ алға қарай лап қойды. Кең киiмдi
қазақтар қаншама өршеленiп келсе де‚ жоғарыдан дәу-дәу тастар лақтырылып‚ ыссы су құйылып
жатқан дарбазаға жақындай алмады. Елмырза бiр рет қайрат қып‚ iшке өзi бастап кiрiп едi‚ қарсы
ұмтылған сарбаздардың қылышы бетiне тайып тигесiн‚ қан аққан жерiн қолымен басып‚ сыртқа қарай
ата жөнелдi. Соны көрген қазақтар қатты қорқып‚ керi серпiлдi. Қатары сиреп қалған Қоқан
сарбаздары оларды өкшелеп қумай‚ қамал iшiнде қорғанып тұра бердi.
Елмырза қолының екiншi рет жасаған шабуылынан да түк өнбедi.
* * *
Перонский ендi атты казактар мен жаяу әскерiн қаптатып қоя бердi. Iштегiлер өлермендiк көрсетiп‚
арыстанша алысты. Қамалға кiрiп үлгерген елу шақты әскермен жан аямай айқасты. Ақырында
әскерлер қорғалақтап‚ қамалдан шығып кеттi.
Ендi генерал-губернатор Қоқан қолының әлсiрегенiн бiлiп‚ өз әскерiн шығындай бергендi мақұл
көрмей‚ зеңбiректердi жақындатып әкеп‚ қамал iшiн аямай атқылата бастады. Ол ұлып барып‚ гүрс-
гүрс етiп жарылып жатқан доптардан дұшпанның бiр де бiрi сау қала қоймас деп түйдi. Сол арада
ыстығын айналаға аямай шашып тұрған күннiң қалай батқаны да бiлiнбей қалған едi. Перонский ендi
әскерлерiн тынықтырып алғанды жөн көрiп‚ атысты доғартып‚ әуелгi орналасқан шептерiне қарай
шегiнiп кеттi.
* * *
Жәнiбек қамал iшiне кеп түсiп жатқан доптың бiр жарықшағы тиiп‚ сол иығынан жарадар боп
қалған едi. Қожақ оны сүлгiмен қатты қып таңып тастады. Ет қызуымен алғашқыда ештеңенi
аңғармаған ол келе-келе сол иығының қақсап тұрғанын сезiп‚ қатты қиналды. Бұған Ядгарбек келiп‚
арқасынан қақты да‚ шайқас жүрiп жатқан басқа жаққа кеттi. Ол да оң аяғынан жараланған екен‚ —
сәл-пәл ақсаңдап басқаны анық бiлiнедi.
Қожақ сол арада бұған қарап тұрып:
— Мыналардың қоятын түрi жоқ. Ендi өз жөнiмiздi тапсақ кәйтедi‚ а? — дедi.