Стр. 120 - Ulisel3tom

Упрощенная HTML-версия

119
— Азырақ сабыр етейiк. Өзектi жанға бiр өлiм деген. Кетер болсақ‚ — Ядгарбекпен бiрге кетемiз.
— Ол жарасын ауырсынып‚ қабағын шытты.
— Қатты ауыра ма? — дедi Қожақ шыныменен жаны ашып.
— Ендi қалай дейсiң.
— Мен... онда аттардың жанында болайын. Кiм бiледi‚ бiреу-мiреу мiне қашып‚ қара жаяу
қалармыз.
Ол аттар тұрған жаққа қарай емпелеңдей жөнелдi.
Үлкен шайқастың толас тапқанын бiлдiргендей тағы да бiр қап-қараңғы тылсым түн орнады. Екi
жақ та бүгiнгi түннiң нағыз шешушi түн екенiн анық сезiп‚ тың тыңдағандай арбасып жатып алды.
18
Қас қарая Якуббек‚ Ядгарбек‚ Баймырза‚ Жәнiбек төртеуi бiр жерге жиналды. Якуббек өзi тұратын
тамды әдемiлеп салдырған екен. Iшкерiсiнде Қоқан ханына елiктеп‚ һәуiз орнатып‚ кеуiлдес қыздар
ұстайтын. Ол жаққа кiсi аяғын аттап бастырмайтын. Есiк алдында тұрған екi күзетшi құлды баяғыда
әтек қып жiберiп‚ тiрi жанды ояққа кiргiзбе деп қатаң тапсырып қойған-ды. Ендi бүгiнгi шайқас
кезiнде биiк диуалдың бiр жағы опырыла құлап түсiп‚ iшкерi жақта не бары көрiнiп тұр едi. Сондықтан
да ол қолбасыларын қас қарайғасын ғана кеңеске шақырған болатын.
Дастархан жайдырып‚ кешкi асты алдарына әкелдiргеннен кейiн‚ Якуббек жылмия күлiмсiреп:
— Құрмәтлу мехманлар‚ мархаба‚ — дедi. — Кәне‚ тағам алыңыздар!
Ядгарбек бас болып алдарында тұрған табақ толы майлы палауға қол созды. Баймырза да ашығып
қалса керек‚ әдеттегi керенаулығын ұмытып‚ тамаққа қомағайлана кiрiстi. Тек қана Жәнiбектiң
жарақаты ауыртып‚ жанын көзiне көрсетiп отырған едi. Оның асқа зауқы соқпады. Сонда да басқа
кiсiлердiң кеуiл-күйiн бұзбайын деп‚ қолын табаққа қарай созды.
Тағам үстiнде Якуббек Ядгарбекке қарап:
— Құрмәтлу қолбасылар‚ — дедi‚ — шайқастың шамасы бiлiнiп қалды. Бiз оларға қорғана
алатынымызды көрсеттiк. Ертеңгi шайқастың жағдайын ендi келiсiп алмасақ болмас.
— О дұрыс‚ — дедi Баймырза елден бұрын тiл қатып. Бүгiн оны Ядгарбек қасында ұстап‚ қамалдан
сыртқа бiр елi шығармай қойған-ды.
— Келiсетiн не бар‚ орыстар қайтадан шабуылға шықса‚ бiр қасық қанымыз қалғанша
шайқасамыз‚ — дедi Ядгарбек Якуббектiң жүзiне бiрдеме айтқысы келгендей тесiле қарап.
Якуббек оның ойын аңғармай:
— Оны бiлем ғой. Тек менiң айтарым‚ — сарбаздардың саны азайып қалды. Жаралылар көп.
Сырттан келетiн көмек жоқ. Сонда қашанға дейiн қорғанамыз дегенiм ғой‚ — дедi.
— Ендi оны... шайқас үстiнде көремiз. — Ядгарбек ойланып отырып‚ ақырын тiл қатты: —
Жаралылар көп дейсiз бе? Ұзын саны қанша болып қалар екен?
— Елу-алпыстан асады.
— Әгәр соларды... арбаға мiнгiзiп‚ қамалдан шығарып жiберсек қәйтедi?
— Қоршап тұрған жау бiзге үйткiзе ме? — дедi Жәнiбек алғаш рет әңгiмеге араласып.
— Оған мен бiр амал тауып отырмын. — Ядгарбек оң қабағын сәл-пәл жоғары көтерiп‚ үнсiз
отырды да: — Перонскийге ертең қамалды тастап шығамыз‚ бiздiң жаралыларымызға тиiспеңiз деп
мәктуб жазайық. Оған не деп жауап бередi‚ соның ретiне қарай қимылдаймыз‚ — дедi.
— Бұ да табылған ақыл. — Якуббек тығырықтан шығар айла табылғанына қуанып кеттi. Ол
әнеукүнi кәнизәктарын Қоқан жаққа аттандырып жiбермегенiне ендi өкiнiп отырған едi. Ақ патшаның
әскерiн қалай болса солай жеңемiз деп даурығып жүрiп‚ ол сақтық жағын онша ойлай қоймаған
болатын. Ендi жаралылардың санатында оларды сыртқа шығарып жiберудiң ретi келiп-ақ тұр.
Ядгарбек қолын сүлгiге сүртiп жатып:
— Осы шаруаны сенiмдi кiсi Жәнiбек сардарға тапсырған жөн бе деп отырмын‚ — дедi.
— Өте дұрыс!
— Бұдан лайқат кiсi жоқ‚ — деп Баймырза мен Якуббек бастарын шұлғысты да қалды.
Жәнiбек өзiнiң жаралы екенiн айтып көрiп едi‚ қалған үшеуi бой бермедi. Сосын астан кейiн ол
қасына үш сарбаз алып‚ Якуббектiң хатын тапсырмаққа қамалдан сыртқа шықты. Бүгiнгi қанды
шайқастан запы боп қалса керек‚ астындағы аты үркектеп‚ құлағын қайшылай бередi. Дала тастай
қараңғы. Алдыңғы жақтан орыс әскерлерiнiң лаулата жаққан оттары көрiнiп тұр. Жәнiбек бойы бiр
түрлi тоңазығандай боп келе жатып‚ Перонскийдiң өзiн қалай қарсы алатын жайын ойлады. Мүмкiн,
ол ашуланып‚ бiрден мұны тұтқын етер. Бiрақ елшiге тиiспеу туралы ежелден келе жатқан салт бар
емес пе? Бәлкiм‚ бәрiн басқаша iстер? Ендi неде болса тәуекел деп‚ атын сипай қамшылап келе жатыр
едi‚ бiр арада астындағы жануар кенет үркiп кетiп‚ ер үстiнен ауып түсе жаздады. Ол үрiккен жаққа
жалт қараса‚ бiр кiсiнiң өлiгi қарауытып жатыр екен. Жәнiбектiң тұла бойы тiтiркенiп кеттi. Ол дереу
атын тебiнiп қап‚ арт жағына қарамай‚ ендi жiтi жүрiп кеттi.
Қарауылдар бұларды әлдене деп айқайлап тоқтатты. Жәнiбектер өздерiнiң хат әкеле жатқанын
айтқасын барып‚ қарауылдар қастарына бес-алты атты казакты қосып‚ бұларды iлгерi қарай жiбердi.
Бұлар Перонский орналасқан шатырға жақын келгенде барып‚ атты казактар жерге дүрс-дүрс етiп түсе
қап‚ қаруы бар ма‚ жоқ па деп тексерiп‚ үстi-бастарын тiнтiп шықты. Сосын барып Перонскийге елшi
келгенiн хабарлап‚ оның лұқсатын алғасын‚ бұларды бастап алып жүрдi. Шатырға кiрерде олар
сарбаздарды сыртқа қалдырды да‚ Жәнiбектiң өзiн ғана iшке кiргiздi. Жәнiбек сәлем берiп‚
табалдырықтан аттай бергенiнде‚ төрде ағаш кереует үстiнде отырған Перонскийдi май шам
жарығында анық көрдi. Генералдың жүзi жабыңқы сықылды. Бұл келдi де‚ басын иiп: